Бұл өмірде бәрі бар….

Уақыт деген тұлпар бар,
Тоқтамастан шабатын.
Арман деген сұңқар бар,
Кеңге жайған қанатын.

Бақ деген бір жұлдыз бар,
Кез келгенге қонбайтын.
Байлық деген бір мұз бар,
Қолыңда мәңгі болмайтын.

Мансап деген төбе бар,
Екінің бірі шықпайтын.
Сабырлық деген кеме бар,
Ағынмен бірге ықпайтын.

Пейіл деген алаң бар,
Тарылып кейде қалатын.
Сезім деген алау бар,
Жүректе ғана жанатын.

Азғындық деген қауым бар,
Шайтанның сөзін ұғатын.
Имандық деген ауыл бар,
Жұмаққа жақын тұратын.

Ашу деген дұшпан бар,
Өкінішке бастайтын.
Күншілдік деген мыстан бар,
Айналаны ластайтын.

Үміт деген жалын бар,
Өшірмесең өшпейтін.
Қиял деген сағым бар,
Қапелімде көшпейтін.

Мінез деген қалып бар,
Өзгертуге келмейтін.
Ақыл деген алып бар,
Жауға сені бермейтін.

Тәкаппарлық тағы бар,
Айналаны көрмейтін.
Бұл өмірде бәрі бар,
Дегеніңе көнбейтін…

Бәрін айт та, бірін айт,
Құдыретті Алла бар,
Көрініп көзге келмейтін.
Қиямет күні болғанда,
Осының бәрін тергейтін.

Жаратқан мына жалғанды,
Сөзінің жоқ жалғаны.
Өмір деген сынақта,
Ұмытпайық Алланы!….

Нұрхат Бралин.