Бұл билік неге естімейді.?!.

Сан түрлі әлеуметтік желінің бәріне тіркеліп, парақша ашу мүмкін емес әрі біз сияқтыға соның қажеті де шамалы. Сөйте тұра дәл бүгінгі қазақтың мұңын, қазақтың көңіл күйін, қазақтың жағдайын, қазақтың қуанышын да, зарын да желі бетінен көреміз, оқимыз, әсіресе әу баста өзім тіркелген фейсбуктің ұзын-сонар лентасында қазақтың жаны бардай әсер етеді. Қаузағанға күнде бір тақырып. Араға күн салып сол тақырыптың бәрі ақпараттар тасқынының астында қалып оп-оңай ескіре салады. Жаңалықтар жан-жағын жайпап өтетін сел, жолындағысын опырып жіберер тасқыны қатты ағын су сияқты. Кейбірінің тек дақпыртының өзі біразға жетеді, енді бірі – тез басылады, тағы бірі – аш ішектей шұбатылып желідегі «ғұмыры» жылдарға созылып оңайлықпен жоғала қоймайды, тағы бір парасы қоғамдық резонанс тудырып күні бойы жақсылап шулатып жатады. Соның соңғы бір-екеуін алайық. Мысалы, Дәурен Абаев пен Арон Атабекке қатысты ақпарат. Біріншісі – қазақтың намысына тиер сөз айтты, екіншісі – анығында, Арон Атабектің қазіргі бейнесі қазақтың рухын жаншып жіберді. Екеуі де саналы қазақты бір сілкіп өтті. Рас қой!? Қоғамдық пікір қалыптастыратын мұндай ақпаратты көргенде қарапайым жанның көбі: «Өнер адамдары осындайда неге үнсіз қалады?» – деп өкпе-ренішін білдіреді. Былай қарасаңыз, орынсыз наз, орынсыз базына. Ал, екінші жағынан, олардікі жөн. Неге? Билік тарапынан қандай да бір үлкен шараға халық болып жұмылуы қажет болса, қолдау көрсетуге өнер адамдары жұмсалады. Айталық, сайлау кезінде немесе дәл қазіргі індетке қарсы жаппай вакцина салдыру сияқты науқанды жұмыстарда халыққа белгілі һәм танымал адамның үгіт-насихаты керек-ақ. Сондай маңызы бар «істердің» жарнама роликтеріне, түрлі анонстарға түсіріледі, анығында, үгіттеу жұмысына өнер адамдары пайдаланылады. Халық бізді көреді, бізді естиді, яғни өнерде жүргендер биліктің айтпағын қалың бұқараға жетуіне себепші бола алады. Демек, сол тұрғыдан алғанда өнерде, ел алдында жүргендерге жұртшылықтың артқан өкпесі орынды. Мұның енді бір қыры – кез келген мемлекеттік шараға желпілдеп жанын сала «кірісетін»
мәдениет саласында жүргендердің осындай халықтық сипатқа ие болған қоғамда орын алған ақпаратқа немқұрайдылық танытуы. Көпшілік қауым өзі құрметтейтін өнердегі адамдардан көңілі қалатыны да, міне, осындай жайлардан. Ал биліктегілер? Әлеуметтік желіні кез келген мемлекеттік қызметкер, ірі шенеунік, атқамінерлердің атшысы мен қосшысы да қолданады ғой. Сөйте тұра олардың тарапынан неге кері байланыс жоқ? Арон Атабектің түрмедегі жағдайын паш еткен суретіне дейін кез келген оқиға, мысалы, Дулат Ағәділдің, шешендердің қолынан опат болды делінген Нұрланның жұмбақ өлімі, көзі тірісінде екі рет сұхбат беріп үлгерген Болат Атабаевтың тағдыры – желі арқылы қызу талқыға түсіп, кез келген адамның ішкі жан дүниесін алай-дүлей етті емес пе!?.
Ашу-ызасын тудырды, ойлантты, күрсінтті, ширықтырды. Сонда да жалған айтқанмен жағаласып, адал адамға араша түсе алмаймыз. Өйткені Отаны үшін отқа түсуге даяр азаматтарды Отанының өктемділері қырып салуға дайын тұр. Жасығанның тілі – шорқақ, тасығанның үні – шалқақ. Ат пен таққа мінсе-ақ мінезі өзгеріп шыға келетіндер көбейген заманда төрдегі төрелерге төмендегілердің көзі түгілі сөзі де жетпейді, ширықпағанда не қалды? Қоғамдық-саяси өмірді былай қойғанда, өнердегі дейміз бе, жоқ мәдениеттегі дейміз бе, жалпы, қызметтегі әлеуметтің өзі Аронды ауызға алудан қаймығатыны қалай? Шындықты айта алмайтын болсақ, болмысымыздағы талант дейтін құдіреттің құны бес-ақ тиын. Күрескерлік рухы жығылуды білмей, тас еденді төсеніш еткен қайсар жанның бірі – Арон Атабек те сені мен мендей қазақтың азаматы еді ғой. Ал шындық үшін шырқырап отқа түскенін көріп тұрып көзін жұма алмайтын, естіп тұрып құлағын баса алмайтын, айтпауды ар санайтын, айтпай тұра алмайтын қазақ қайда? Біздің биліктен, шенді-шекпендінің тарапынан әдеттегідей ештеңе естілмейді. Сол баяғы керең, соқыр, мылқау қалпы. Неге бұлай? Осыған дейінгі халық қалаулылары Шерхан Мұртазаның найзағайдай жарып шыққан күркіреген үнін, Амангелді Айталының өткір сөздерін әлеуметтік желісіз-ақ естімедік пе!? Қалың қазаққа үлкен мінбеден айтылған сөз интернетсіз-ақ жетпеді ме!? Рас, олардан кейін осып түсіріп, қиып жіберіп нысанаға дөп тигізер сөз айтатын адам табылмаған. Мінбелерден. «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұл – ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог», – деген Президенттің сөзі маңайындағыларға әсер етпейді, қасындағы атқамінерлердің қоғамда орын алған жайттарды елемейді, неге бұлай? Күні кеше ғана: «Азаматтық қоғам құрамыз», – деп барған халық қалаулылары неге жалтақ, неге селт етпейді? Жоқ, әлде әлеуметтік желі арқылы жазылған ой, айтылған пікір шенділер елеуге тұрмай ма? Әлеуметтік желіні қолданушылар ХАЛЫҚТЫҢ бір бөлшегі емес пе, әлде? Осыны түсіне алмаймын. Бәлкім, өздері түсіндірер. «Шулап-шұрқырап өзінен-өзі қояды бәрі, бір-екі күнде басылады» деген жалпақ жұртқа ұғынықсыз ұстанымды қоятын кез жетті деп ойлаймын. «Ел ағасы» атанған жастан астық, халық қалаулысы сияқты әр саналы адам ұлтыма еңбек етуге тиіспін, қазаққа еңбегім сіңсін деп ойлайды. Сондықтан ойымды ортаға салдым, ағайын! Өйткені мен де еліме еркелейтін жұрт қошеметтеп алақанында аялайтын, ал шенділер кейде тулақтай тартып ту-талақай еткісі келетін, қоғамдық пікір қақ жарылғанда халықтың өзі жүндей түтіп табанға таптап жіберуге даяр өнердің өз өкілімін. Арон Атабектің тағдыры әлеуметтік желіні бір күн шулатып артынан мүлде ұмытылып кетпегей. Билік пен халықтың ортасына арқау жіп, алтын көпір болмаққа ұмтылған, азаматтық қоғам орнатамыз деп барған аға-інілерім осыны ескерсе екен. Ешқайсысымыз халықтан үлкен емеспіз әрі «көп қорқытып, терең батырады» деген… Арон Атабекті елемей немқұрайдылық таныту қазақтыққа да, адамдыққа да, мұсылмандыққа да жатпайды.