БҚО-да 7037 адам аурудан айықты

Өңірде күні бүгінге дейін коронавирус індетін жұқтырудың 7805 жағдайы тіркелген. Бұл туралы БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәжілісінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Н.Мұстаев мәлімдеді.

Облыстағы коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуалдан хабардар еткен департамент өкілі сырқаттанушылықтың жалпы көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1182,7-ні құрайтынын айтты. Күні бүгін аймақта індеттен 7037 адам сауығып, 130 адам қайтыс болған.

Биылғы 1-23 қараша аралығында коронавирустық инфекциямен барлығы 781 жағдай тіркелген. Орал қаласы бойынша анықталған 527 жағдай барлық аурулардың 67,4%-ын құрап отыр. Ал өткен тәулікте коронавирус жұқпасымен 33 жағдай тіркелген.

– 1-23 қараша аралығында облысымызда мемлекеттік шекарадан барлығы 18683 адам өтті, оның 3465-і – жолаушы, ал ПТР-тестілеу анықтамасыз 347 жолаушы өткен. Олар үш тәулікке карантиндік стационарға орналастырылып, ПТР әдісімен «COVID-19»-ға тест алынды. Оның 7-еуінде тест қорытындысы оң нәтиже көрсетті. БҚО арқылы өткен екіжақты қатынаста халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыратын жүргізушілер саны – 6482, оның 4057-сінің қолында анықтамалары болған. Ал 2425 жүргізушіде анықтама жоқ болуы себепті олардан ПТР әдісімен «COVID-19»-ға сынама тест алынып, қорытындысында 22 адамда оң нәтиже көрсеткен, – деді Нұрлыбек Ермекұлы.

Департамент басшысының орынбасары өз баяндамасында облыстағы мониторингтік топтардың жұмысы нәтижесінде анықталған фактілерге тоқталды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы