БОСАҒА МАЙЛАУ

Қазақ халқы үй иесіне ізгі ниетін: «Босағаң берік болсын» деп, қарашаңырақты көргенде: «Табалдырықтан биік тау жоқ» деп үйдің кіреберісіне ерекше құрметпен қараған. Қазақ халқының көнеден келе жатқан дәстүрінің бірі — Босаға майлау. Жастар жеке отбасы құрғанда немесе жаңа үйге кіргенде жақын туыстары келіп, үйдің босағасына май жағу салты болған. Бұл «Осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын!» деген ұғымды білдіреді. Босаға майлаған адамға кәде беріледі. Бұл жоралғы әсіресе Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында көбірек қолға алынатын болған. Көктемде бірінші шайқаған майды шаңырақтағылар ауыз тимей тұрып есік жақтауын, табалдырықты, киіз үйдің ауызсу сақталатын жақ босағасындағы киізді майлап, ырымдаған.