Бөлісудің ғажабы

Бұл жағдай екі жыл бұрын басымнан өтті.
Бизнесімді гривнаның құлдырауынан құтқармақ боп жанталасып жүргем. Көңіл күй жоқ. Банкрот боп қалсам қайтем деп, қаржылай жағдайымның белгісіздігі жаныма қаяу салды. Жағдайды реттеу үшін барымды салдым. Дегенмен шығынсыз болмасы анық.
Бірде жұмыстан кеп, диванға жата кеттім. ФБ парақтап жатқам. Көзіме адамгершілік пен бөлісу қабілеті жайында мақала түсті.
— Қолда барда неге бөліспеске, — деп көңілім одан сайын құлазып балконға шықтым. Темекі тартайын деп ойлағам.
Балконнан кішігірім бақ пен гүл өскен алаңқай көрініп тұратын. Көз қуанышым. Бергі жағында қоқыс жәшіктер тізіліп тұрады. Кейде қоқыстың тұрақты қонақтарын бақылаймын. Сол күн ерекше болды. Темекімді тұтатқаным сол, үсті-басы алба-жұлба үй-күйі жоқ бір адам қоқысқа жақындады. Өзімнің қиындығымды ойлап, мұндай күйден ешкім сақтана алмайтынын пайымдап қойдым.
Ал оның келесі қылығы мені мүлде таң қалдырды. Бар болмысымды дүр сілкіндірді.
Әлгі қаңғыбас қоқыс жәшіктерді тінтіп шықты. Қатып қалған нан тауып алды. Шетке шықты да, нанды уатып, бақтың ішіндегі кептерлер шоғырланған жерге шашты. Құстар жыпырлап, нанның уағын теріп жеп жатты. Аш жүрсе керек. Қаңғыбас қолындағы қиқымды қағып сап, жөнімен кете барды. Қоқысқа қайта айналып соқпады.
Мен бірнеше минут орнымнан қозғалмастан қатып тұрып қалдым. Мұндайды әркім көріп жүрген шығар. Дегенмен сол сәтте ашқаным нағыз құнды жаңалық болды.
Қолда барда бөлісу оңай. Шын адамгершілік дымың жоқ кезде бөлісу екен.
Өзгеге септігі тиер құнды байлық әрбіріміздің қолымызда бар — олар бізге қажетсіз заттар; қол жеткен біліміміз; бала күннен меңгерген істер; адам бойындағы күш-қайрат; бейтаныстың көңілін көтеретін күлкі; өзгенің өмірін құтқаратын бір ауыз сөз.
Бөлісуге қорықпаңыз. Құнттасаңыз, қазір бөлісе алатын аз ғана байлығыңыз бар.

Лена Клименкова
Аударған Шынар Әбілда