БИЫЛҒЫ КӨКТЕМ

Көктем жайлы ертеректе жазған өлеңдерімді оқи отырыңыздар!

БИЫЛҒЫ КӨКТЕМ

Шөкім бұлт жоқ,
аспан бүгін көкпеңбек,
көк белдерді аралап жүр Көктем кеп,
көк теректе қыс – құдаға риза,
менің – дағы өткен қысқа өкпем жоқ.

Өмір – Көктем,
Адам – шыбық тұр көктеп,
тіршілік ол – сауат ашар бір Мектеп,
көк теректің бұтағына жабысып,
сәби – бүршік барады, әне, еңбектеп.

Кәрі қырдың қолтығынан көк демеп,
тақыр төбе, көп ұзамай көктемек,
табиғаттың құрсағында жетілген
бақшаларда шығып жатыр көк түйнек.

Шөкім бұлт жоқ,
аспан бүгін көкпеңбек,
қаз – тырналар келеді, әне, Көктем боп,
ауыл маңы — асыр салған қозы – лақ,
олар да әлі алысқа ұзап кеткен жоқ.

Жеңілтек – жел, өскен қыздай бұлғақтап,
соғып өтер, қарамайды салмақтап,
дала жатыр қар – көрпеден ашылған,
сирақтарын бауырына жинақтап.

Тұла бойын тұмшалаған көк тіреп,
көк мұнарға ашулы ма көк Терек,
көкбеттеніп маған алған жауығып,
мен де жүрмін бір адамға өкпелеп.

 

ТЕЗІРЕК ЖЕТШІ КӨКТЕМ – ҚЫЗ

Тартпай – ақ, қыстың азабын,
сағындым шулы – жаз күнін,
сағындым құстың – базарын,
сағындым сазды қаз –үнін.

Жұмыртқа сынды аршылған,
сағындым жаздың – ақ таңын,
сағындым терге малшынған,
сәуірдің балуан – бұлттарын.

Қайдасың, көктем, жанымды,
тезірек жетіп емдеші,
тулатсын сосын қанымды,
Бозторғай дейтін термеші.

Астында қардың гүлдеген,
қайдасың, қайда, Көктем – қыз?!
Қадіріңді сенің білмеген,
жүрегім менің неткен мұз,
тезірек жетші, Көктем – қыз!!!

 

КӨКТЕМДЕГІ АЛҒАШҚЫ НӨСЕР

Сан тараптан түйдек – түйдек топтасқан
бұлттың өңі қара сия баттасқан,
зеңгір көкте жүрегі айнып дөңбекшіп
ұйықтай алмай аласұрып жатты аспан.

Денесіне қалқан болып көделер
сап құруда жауынгер – қыр, төбелер,
садақшы – жай адырнасын зарлатып
атты жерге, ұшты тамшы – жебелер.

Қолбасшы – жел, әмір беріп шығыстан
түмен – бұлттар кейін қарай ығысқан,
күн шуағы қуат бере бастады
сарбаз – қырға қалжыраған ұрыстан.

Бүлк – бүлк соғып, қан тамыры арықтың
жүрек – сайға құйып жатыр барып мың.
Көктем – Ару шашу қылып шашуда
Жер – ана мен несібесін халықтың.

 

ҚАРАША АУЫЛ – ҚАРА ШАЛ

Қара бұлттың – қара тай,
қара тері моншақтап.
Қара сирақ – қарағай,
қарап тұрды тайсақтап.

Қара жартас бетінде,
қара тамшы секіріп.
Қара табын өтінде,
қара Бұқа өкіріп.

Қара суда домалақ,
қара балық құтырып.
Қара талды паналап,
Қарабай жүр күтініп.

Қара қазан қайнаған,
қара кемпір алаң боп,
қара жолға қараған,
қарайғанды балам деп.

Қара басын күйттеген,
қара төбет қыңсылап.
Қара қырды көктеген,
қара нөсер тұр сынап.

Қарашыл Ат секілді,
қарайғанға қырындап.
Қара дауыл жегілді,
қара бұлтты мойындап.

Қара ескегін сүзеген,
қара дауыл есіп жүр,
қара бала тізеден,
қара қақты кешіп жүр.

Қараша ауыл, қара шал,
қора айналған бүкжектеп.
Қара құмда – қара жол,
қара жидек бүршіктеп.

Қарауытқан қара аспан,
қара тулақ күйге енген.
Қара батпақ жабысқан,
қара қайыс иленген.

Қараша қаз жолымен,
қара түтін будақтап.
Қарайды аспан, қолымен,
қара бұлтты салмақтап.

Қара бұлттан ықпаған,
қара бұйра бөктердің,
қара төсін қақтаған,
қара желі көктемнің.

 

АУЫЛДЫҢ БАЛАСЫМЫН

Ауылдың баласымын – қырға ғашық,
құмға ғашық, әдемі жырға ғашық,
түлкінің құйрығындай бұлаңдаған,
қашаған – жол барады қырдан асып.

Ауылдың баласымын – гүлге ғашық,
күнге ғашық, сыр бүккен түнге ғашық,
Суретші – табиғат сан бояумен,
жатыр, әне, даланың көркін ашып.

Ауылдың баласымын – айға ғашық,
таңға ғашық, тербеткен ойға ғашық,
қып – қызыл боп ұялған, Күн – келіншек,
жатыр, әне, қырқамен аймаласып.

Ауылдың баласымын – жерге ғашық,
желге ғашық, ақ пейіл елге ғашық,
бұлттың өзі жетеді бұл далаға,
сағынышын жаңбыр қып, белден асып.

Ауылдың баласымын – далалықпын,
кең, жомарт, мәрт мінезден – жаралыппын,
ойына келе бермес қалалықтың,
сырын ұқтым даладан – даналықтың!!!

 

Нағашыбай Қабылбек. ҚР Ақпарат саласының үздігі