Биыл аймақтың егістік алқабы 770,7 мың гектарға жетеді

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды.
Басқосуда баяндама жасаған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы дақылдары 756 мың гектарға орналастырылса, биыл оның көлемін 770,7 мың гектарға жеткізу көзделуде.
Ағымдағы жылы дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 398,2 га, майлы дақылдар 72,2, қант қызылшасын 10,4, картопты 11,8, көкөніс пен бақша дақылдарын 61,7, мал азығы дақылдарын 216,7 мың гектар алқапқа егіледі деп жоспарлануда.
Бүгінгі таңда көктемгі дала жұмыстарына қажетті 90,2 мың тонна тұқымның 68,9 мың тоннасы дайындалған. Яғни қорда бар тұқымның 76,4 пайызы дайын. Бұдан бөлек қант қызылшасының, дәндік жүгері, картоп, сүрлемдік жүгері және күнбағыс дақылдарының тұқымы шет мемлекеттерден және Алматы, Қарағанды, Павлодар және Жетісу облыстарынан жеткізілмек.
Биыл көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін шаруа қожалықтарын 15,5 мың тонна кепілдендірілген дизель отынымен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда қажетті дизель отыны тиісті жанармай құю бекеттерінен арнайы операторлар арқылы шаруаларға төмен бағада босатылуда.
Сондай-ақ, биыл 280 мың гектар алқапқа 54 мың тонна тыңайтқыш пайдаланылатын болады.
– Біздің басқарма тарапынан шаруашылықтар 50 пайыз қаражатты өз есебінен, қалған 50 пайыз қаржыны субсидия есебінен жабу бойынша «ҚазАзот» ЖШС және «Қазфосфат» ЖШС-і зауыттарымен меморандум жасаған. Меморандум негізінде облыс шаруашылықтарының егін науқанындағы отандық тыңайтқыштарға деген қажеттілігі мен сұранысы қамтамасыз етіледі, – дейді Нұрби Жігітеков.
Облыс әкімі егіс көлемін арттыруды жоспарлап отырған аудандардың дайындықтарын сұрап, жанар-жағармайдың диқандарға кедергісіз жетуіне назар аударды.
– Шаруа қожалықтарға операторлар тарапынан бөлінген дизель отыны ай сайын тиісті деңгейде үлестіріліп отыруы керек. Ол үкімет белгілеген жеңілдетілген бағамен берілуі тиіс. Сондықтан да ауыл шаруашылығы басқармасы операторлардың жұмысын тұрақты қадағалап, шаруа қожалықтарына жеткізілуін бақылауда ұстағаны абзал, – деді Нұржан Нұржігітов.
Келесі кезекте аймақ басшысы шаруа қожалықтарына төмен пайызбен несие беру жұмыстарына тоқталды. Бұл бойынша облыстағы қаржы ұйымдары басшыларының есептерін тыңдады.
– Қазір ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлінуде. Биыл қант қызылшасы алқабы бірнеше есеге ұлғайып отыр. Сондықтан да өңіріміз үшін тиімді дақылдардың бірі – тәтті түбір алқабын ұлғайтуға басымдық берілетін болады. Балтамыр көлемін арттыру бойынша шаруа қожалықтар арасында түсіндіру жұмыстары тоқтамауы керек. Былтыр ауыл шаруашылығы құрылымдарына 60 миллиард теңгеге қолдау көрсетілген болса, биыл оның көлемі 100 миллиард теңгеге ұлғайып отыр.
Сонымен қатар бір ескеретін мәселе, егіс алқаптарына ағын су жеткізу үшін шаруа қожалықтар «Қазсушар» мекемесімен келісім-шартқа отыруы керек. Аталған мекеме егіс алқабына су жеткізіп беруді міндетіне алған жағдайда ғана ол алқаптарға суармалы дақылдарды орналастыруға рұқсат берілуі тиіс – дей келе, Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі