Батысқазақстандық тоғызқұмалақшылардың жеңісі

 

Жерлестеріміз ел кубогында жүлделі орыннан көрінсе, командалық чемпионатта ел чемпионы атанды.

Қарашаның 10-15 күндері аралығында Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан өткен Қазақстан Республикасының кубогында командалық есеп бойынша батысқазақстандықтар ІІІ орынға табан тіреді. Жарысқа еліміздің он облысынан қатысқан командалардың құрамында 76 спортшы шебер ойын өрнегін көрсетті. Ойыншылардың сапалық құрамына келсек, 11-і – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 20-сы – спорт шебері және 43 спорт шеберлігіне үміткер еді. Жарыс нәтижесі бойынша командалық есепте Батыс Қазақстан облысы үшінші орынға ие болса, жекелей есепте де жерлестеріміз қарсыластарынан қалыс қалмады. Айталық, ұлдар арасында, І тақта бойынша 2-орынға – Ә.Қайыржанов, ІІІ тақта бойынша 1–орынға – Д.Әнуарбеков ие болды. Ал қыздар арасында ІV тақта бойынша 1-орынды А.Ерниязова, 3-орынды А.Карина иеленді. Осы жарыста берілетін

ҚР-ның спорт шебері атағы нормативін Д.Әнуарбеков пен А.Ерниязова орындады.

Бұдан кейін 7-12 желтоқсан аралығында Ақтау қаласында тоғызқұмалақтан өткен ҚР-ның 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы командалық чемпионатында БҚО құрама командасы 1-орынды жеңіп алып, ел чемпионы атанды. Жарысқа еліміздің тоғыз облысынан қатысқан 60-қа жуық спортшының үшеуі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, алтауы – спорт шебері, 41-і – спорт шеберлігіне үміткер, 10-ы – І дәрежелі спортшылар.

Осылайша Батыс Қазақстан облысының тоғызқұмалақшылары тағы бір мәрте үздіктердің қатарынан табылды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА