Батысқазақстандық оркестер мерейтойларын атап өтті

Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрінің 10 жылдық мерейтойына орай жуырда ғана ел игілігіне берілген Оралдағы «Атамекен» өнер орталығында шығармашылық ұжымның есеп беру концерті өтті.

Өлкенің мәдени саласының қарыштап дамуына айрықша үлес қосып, классикалық туындыларды шебер орындау арқылы облыс тұрғындарының құлақ құрышын қандырып жүрген оркестр – халықтың ықыласына бөленген ұжым. Бұл классика кеші көпшіліктің көңілін желпінтіп, ерекше рухани демалыс сыйлады. Елімізден бөлек халықаралық ареналарда өнер көрсетіп, ұлттық өнерімізді шет мемлекеттерге таныстырған камералық оркестрдің он жылдық мерейтойға орайластырылған концерті – ұжымның карантиннен кейін көрерменмен ең алғаш рет жүзбе-жүз жолығуы. Өнер ұжымының мерейлі датаға орай ұйымдастырылған кешінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хаты оқылып, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов оркестр мүшелерін мерейтойларымен құттықтады.

 

 

Кеште өнер көрсету үшін өңірде туып-өсіп, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп жүрген белгілі өнерпаздар арнайы келді. ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Дина Хамзина бұл ұжыммен бұған дейін бір сахнада өнер көрсетіп, ерекше әсер алыпты. Көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Фархад Кубеевтің де елге деген сағынышы ерекше. Сонымен қатар Ақ Жайыққа есімі танымал күйші, қазір Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің домбыра-тенор артисі болып қызмет етіп жүрген Ақылбек Бектасов та жерлестерінің алдында өнер көрсетті. Батысқазақстандық өнерпаздармен қатар Қызылорда облыстық филармониясының солисі Анара Жаңбырбаева да оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Еліміздің әр түкпірінен белгілі өнерпаздарды қатыстыру үшін оркестр ұжымы жыл бойы тынбастастан еңбектеніпті. Олар бірқатар іргелі өнер ұжымдарымен ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан. Соның арқасында елімізге белгілі өнер жұлдыздары Ақ Жайық сахнасынан табылды. Қазіргі таңда камералық оркестр ұжымы Нұр-Сұлтан, Алматы және Қызылорда қалаларымен бірлесіп жұмыстануда. Алдағы уақытта аталған қалалар мен өзге де ірі шаһарлар сахнасында концерт беруді жоспарлап отыр.

 

 

Камералық оркестр жиылған жұртшылыққа қазақтың халық әндері мен күмбір күйлерінен бастап, Моцарт, Вивальди секілді музыка алыптарының классикалық туындыларын тарту етті. Жанды тербетер жағымды әуендер үлкен-кішінің бірдей көңілінен шықты.

 

 

Тағы бір айта кетерлігі, облыстық камералық оркестр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына керемет тарту дайындауда. Сондай-ақ оркестр солисі Эльмира Усаеваның жеке шығармашылық кешін өткізуді де жоспарлап қойған.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

БҚО Орал қаласы