Батыс Қазақстан: Ақпараттық-насихат тобының мүшесі ауданға келді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, Түркиядағы «Сельчук» университетінің түлегі Ғазиз Ахмет Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданына арнайы сапармен келді.

Бұл туралы Бөрлі аудандық мұсылмандар мешітінің баспасөз қызметі хабарлады. Ғазиз Ахмет алдымен аудан әкімі М.Сатқановтың қабылдауында болды. Кездесу барысында өңірдегі діни ахуалдың барысы туралы пікірлесіп, сала бойынша қолға алынған жұмыстар мен діни мәселелер талқыланды.

Аталмыш топ мүшесінің өңірге сапары Бөрлі аудандық мұсылмандар мешітінде өз жалғасын тауып, ол ҚМДБ «Зекет» қайырымдылық қорының бастамасымен «Көшпелі керуен» акциясы аясында ұйымдастырылып жатқан бітқатар шаралармен танысты.

Бөрлі аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Қ.Жакенов: – Аудандық мешіт және «Берекелі жамағат» тобының ұйытқы болуымен қайырымдылық керуенін ұйымдастыруға 150 000 теңге қаражат жұмсалды. Акция аясында аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен жиырма отбасыға азық-түлік қоржындары табысталды. Алдағы уақытта қайырымдылық керуені өз жалғасын табады – деді.

Сапар барысында Ғазиз Ахмет санитарлық талапқа сай ұйымдастырылған «Қазіргі уақыттағы мұсылманның бейнесі» тақырыбындағы кездесу кешіне қатысты.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы