Басқарма басшысы парамен ұсталды

Таразда басқарма басшысы 100 мың теңге пара алу  үстінде құрыққа іліккен. Тараз қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы күдікті деп танылды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті хабарлады.

Басқарма басшысы делдал арқылы жеке компания өкілінен жүзу бассейнін пайдалануға оң санитарлық-эпидемиологиялық тұжырым жасау үшін 100 мың теңге көлемінде ақша алған. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі таңда, тергеу амалдары  жүргізілуде. Ал ұсталған азаматшаға қатысты соңғы үкімді сот шығаратын болады. Құзырлы органдар болса, бұл іске қатысты ресми сұхбатты әзірге,  берген жоқ.