БАНКТЕР БАЙЛЫҚТЫ ҒАНА ЕМЕС, ХАЛЫҚТЫ ДА ОЙЛАСЫН!

Капиталистік қоғамның заңы қатал. Ешкімді маңдайынан сипап еркелеткісі келмейді. Оған да көз үйреніп, көңіл қатайды. Әсіресе банктердің қара халықты теспей сорып отырғанына үнсіз қалу мүмкін болмай тұр. Сөйте тұра билікке аузын ашып, «жем іздеген балапандай» қолдау мен қорғау күтіп алақан жайып келе жатқанын түсіну тіпті қиын. Әлемде жоқ жоғары ставкада соларда. Бірақ байымайды. Байыса да мемлекетті аямайды… Біссіміләсі жоқ аста береке болмайды деген тәмсілге жүгінсек, иманы жоқ банктердің де берекесі қашқалы қашан!

Кешегі қайырымды қазақтың бүгінгі ұрпағы, банктік жүйенің қулық-сұмдығын әбден меңгеріп алғаны рас, алайда «пайда ойлама, ар ойла» дейтін Ұлы Абайды оқып жүр дегенге ешкім сенбейді. Ата –баба аманатын жерге таптап, өз ұлтын қарызға белшесінен батырып тайраңдап жүргендер көп. Біреудің көз жасы тамған ақшада ешқашан қайыр болмақ емес. Күйінгесін, халықтың бүгінгі ахуалын көзбен көріп түңілгесін айтамыз – дағы! Несиесін төлей алмай жүрген халық көп. Ащы да болса шындық осы! Тегін алғандай банкіден несиені алатын жұрт, оны қалай төлеуді ескере бермейтіні қалай? Иә, ешкім жетіскеннен несие алмайды. Қу дүние жеткізбегесін, қиналғасын барады мұндай қадамға. Төрт құбыласы сай адам несиені қайтеді!

Дарақы қазақтың той үшін сабылып, миллиондап несие алғанын да шыққыр көзіміз көрген. Той тарқап, жиналған жұрттың «ой, керемет той жасады» деген мақтаны үшін «құрбандыққа барып», кейін несиесін төлей алмай налып жүргендер қаншама? Қалай десек те, әлемді шарпыған коронавирус індеті, өзгені қайдам, той-томалақсыз бір күн де отыра алмайтын қазақты тәубәсіне түсіріп қойған секілді. Екі ай уақыт аз мерзім емес. Ойлануға да, өткен – кеткенді ойға алуға да зор мүмкіндік туғызды.

«Арық атқа қамшы ауыр» демекші, жұмыссыз халыққа дәл қазіргі күндер өте ауыр тиіп тұр. Оған банктердегі төленуге тиіс несиелерді қосыңыз. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген осы ма?

Банктегі қарызын төлей алмай қаншама азаматтар өздеріне қол жұмсап мына дүниеден мезгілсіз өткені туралы хабарлар ел ішінде жиі болмаса да әрегідік айтылып қалады. Жүрегің қалай ауырмайды бұған. Қиындыққа төзе алмай, жұмыссыздыққа көне алмай қаншама отбасы ажырап, шырылдап бала жетім, аңырап ана жесір қалып жатыр. Тапқан таянғанын шиеттей баласына жеткізе алмай, мойнындағы несиесін уақытында жаба алмай сансырап отырған отбасылар қаншама!

«Шықпа жаным, шықпа» деп әрең отырған ағайынды қажай беру де қиын. Нақты мәлімет пе керегі? Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мына ақпарға назар аударсаңыз жетіп жатыр. «42500 теңге төлем енгізілгеннен бері оны 4,5 миллион адам алды», — делінген хабарламада. 19 миллион халықтың төрттен бірі ғой бұл дегеніңіз!…

Бәрін көріп отырып қалай үнсіз қаласың!

Әлемді бір қауыздың ішіне сидырып жіберген коронавирус індетінің зардабы да қарапайым халыққа ауыр тигенін ешкім жоққа шығара алмас. «Қыс түссе

де тоңбайды бай баласы» деп Абай данышпан айтпақшы, жер бетін топан су алса да қалталы шенеуніктердің ұпайы түгел. Тағы да қарапайым халық қиындық қыспағында қалып отырған. Ал банктерге «тәуелді» жұрт қисапсыз!

Халықаралық және аймақтық серіктестік университетінің әлеуметтік зерттеуі әрбір үшінші қазақстандықтың несие алғанын көрсеткен. Соның ішінде – қазақтың үлесі 43,5 пайыз, қалған 56,5 пайызы – жүз отыздан астам өзге ұлтқа тиесілі.

Жасырып жабары жоқ, өз елінде, өз жерінде қазақтан қайыршы, қазақтан кедей халық жоқ. Өз тілінде сөйлей алмай отырған да қазақтар! Ұлан байтақ жердің де иесі басқалар. Шылқыған байлардың көбі өзге ұлттың қасқалары… Ел туралы толғасақ ұзаққа кетіп қалатын болғандықтан осы жерден қайырған дұрыс болар… Есті басшыға осы емеуіріннің өзі көп жайдан хабар берері анық, қазбаламай – ақ қояиын.

«Ауруды жасырғанмен өлім әшкере» етеді демекші, бүгінгі мен білетін қазақтың ішінде несиеге «байланбаған» адам аз. Әр қазақтың басында екіден – үштен несие бар десем, өтірікші демеңдер бізді. Бейресми ақпаратқа сенсек қазақстанда жеті миллионға тақау борышкер бар екен. Бұған жүрек қалай шаншымайды. Қаншама адамның тағдыры қыл үстінде тұр!

Мұнай бағасы дүрілдеп тұрған уақытта URS маркасы 100 $ артық болғанда бізде мүмкіндік көп еді. Қазір мұнай бағасы одан 6-7 есе кем. Демек табыс көзі азайды. Шикізатқа тәуелділіктің зардабын жаңа сезіне бастадық.

Бюджетте қаражатының тапшылығы сезілгенде, кіріс көзі күрт түсіп кеткенде, жаңа жұмыс орындарын ашамыз, жаңа мектептер мен ауруханалар салынады дегенге ел сене қоймас. Өйткені алда келе жатқан дағдарыстың қарқыны қатты. Оған бүкіл әлем тас түйін отыр.

Мұнайдың құлдырауы ел бюджетінің өзіне ауыр салмақ салатынын арифметикадан хабары бар бала да айтып бере алады. Олай болса көптеген жобалар мен бағдарламалар қысқартылатыны сөзсіз!

 

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫН ОРЫНДАУҒА БАНКТЕР НЕГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ?

Осындай жағдайда қол жетімді баспана салу жалпы мемлекет үшін тиімді бола ала ма? Игі іске тілектес жанның біріміз. Алайда дағдарыс жағдайында, 5 млн. адам жұмыссыз қалуы мүмкін деген экономистердің болжамына кім қарсы уәж айта алады? «Жаман айтпай жақсы жоқ» дейді дана қазақ мұндайда. Еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығы табыс көзінен айырылып жатса, несие төлемек түгілі, бала-шағаны асыру мұңға айналама деп қорқамыз.

Халық неге несиеге «байланып» отыр? Оның түп негізі несиенің өте қымбат пайызбен берілуінде. Дамыған елдерде, әсіресе Еуропада несие көлемі 2-3 пайыздан аспайтын көрінеді. Бұл дегеніңіз қазақ үшін арман ғана. Егер біздегі пайыздық үстемені олар көрсе шошып кетер еді. Тіпті ұйқылары қашып, мазалары кетіп, ауруханаға түсіп қалуы да бек мүмкін. Өйткені

біздегі пайыздық мөлшерлеме 17-20 пайыздан басталады. Ойлай береңіз, екі аралық аспан мен жердей…

Бір заманда біздің банкирлер шетелдік банклерден арзан несие алып, қарапайым халықтың қаққанда қанын, сыққанда сөлін алғаны тарих жылнамасында тұр.

Қаржыгер Әнуар Үшбаев нарықтық қатынастар басталған кезде несие жарнамасын жүргізуден бұрын қаржылық сауаттылық деңгейін көтеріп алуды естен шығарып алғанымызды айтады. Бұл дұрыс та шығар. Енді мұның зардабын несие алушылар да, банк те көріп жатқаны соның айғағы!

Бұған дейін ҚР Тұңғыш Президенті Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Елімізде отаншыл, мемлекетшіл банктер неге жоқ?» деген орайда ашық хат жазып едім. https://qazdauiri.kz/?p=18497. Ол хатым діттеген жеріне жетті ме, жетпеді ме маған белгісіз?

Енді міне ел ішіндегі қиын жайттарды көзбен көріп отырғандықтан, әсіресе екінші деңгейлі банктердің президент тапсырмасына немқұрайлы қарауы қолыма қалам алдырып отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамыр күні республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «…Төтенше жағдай кезінде екінші деңгейдегі банктер әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтануына өз үлесін қосты деп айта аламыз. Ең алдымен, банктер кәсіпкерлерге және азаматтарға берген несиені қайтару мерзімін кейінге ауыстырды. Нақты айтқанда, несие төлемдері 3 айға шегерілді. Табысынан айырылғандарға мұндай көмек қажет. Бірақ жұртшылық арасында несиені мүлдем қайтармаймыз деген түсінік қалыптаспауы керек. Бұл – жаңсақ пікір. Сондай-ақ Үкіметтің қатысуымен шағын және орта бизнес өкілдеріне жеңілдетілген несие беру бағдарламасы әзірленді. Егер банктер кәсіпкерлерге, азаматтарға несие беруді тоқтатса, экономиканың көптеген саласы тұралап қалады. Біз бұған жол бермейміз» деген болатын.

 

Айтылған сөз – атылған оқ! Президент екі сөйлемесе керек!

Алайда президенттің кей тапсырмаларының діттеген жерге дөп тимей жатуы – ол кісінің беделіне нұқсан келтіріп жатпасына кім кепіл! Тоқаев мырза өз бұйрығына бәзбіреулердің немкетті қарап, үй ішінен үй тігіп жатуынан бейхабар болуы да мүмкін. Сондықтан ел ішінде сөз болып жатқан шетін мәселенің шетін шығарып қойғымыз келеді.

Қазақстанның қор нарығында жұмыс істеп жатқан 60-қа жуық екінші деңгейлі банк бар. Халық сол банктердің нағыз иелерінің кім екенін, басты акционерлерінің кімдер екенін жақсы біледі. Тағы да қайталап айтамыз, экономикасы дамыған, Батыс елдерінен 3-6%-дық өсіммен алып келген ақшаларын, қазақстандықтарға 20-45% аралығындағы өсімдермен таратып, халықты қарыз дейтін қыл арқанмен матап ұстап отырғандар қазақтың байлығының рахатын көрген олигархтар. Оларға әзірге ешкімнің тісі батпай отыр. Тіпті президенттің тапсырмасына жүрдім-бардым қарағанына да ешкімнің назары түсер емес. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегенге сенбей көр осыдай кейін.

Қаншама жылдан бері «екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға», Ұлттық қордан талай рет қомақты қаржы бөлінгені ешкімге жасырын емес. Ол ақшалардың қайтарымы туралы ешқандай дерек көзі жоқ. Бұл халықтың ақшасы еді. Яғни, халық өз қаржысының кіріс-шығысын әлі күнге біле алмай жүр.

Ал халыққа жоғары өсіммен ақша таратып, мемлекет қазынасынан да қыруар көмек алып отырған сол банктердің мынадай қиын жағдайда халыққа қол үшін бермеуі естіген құлаққа ерсі! Қиналғанда халықты танымай кету жақсылықты бағаламаумен бірдей тірлік қой. Тағы да Құнанбайдың қара баласына жүгінуге тура келіп тұр. «Жаман дос — көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың» депті ол. Бұдан асырып не дей аламыз!

 

ДАҒДАРЫСҚА ТАС ТҮЙІН ДАЙЫНБЫЗ БА?

Президент Тоқаев «мұз бет» банктер мізбақпаса да, ханда қырық кісінің ақылы болатынын көрсетіп, қарапайым халықтың тұрмыс деңгейін зертеп-зерделеп үлгіргенін байқатып «несиелерді 3 айға дейін тоқтата тұру» туралы ұсыныс айтты.

Өкінішке қарай, президенттің бұл тапсырмасына банктердің бәрі бірдей «ләппай тақсыр» деп отырмағаны байқалады. Әлі күнге халықтың ұялы телефондарына «несиені төлейтін уақыттың жақындап келе жатқанын» ескертетін СМС – тер толассыз келіп жатыр. Оны ел арасында жүргендіктен күнде көріп жүрміз. Төлемесе пайыздық үстеме тіркеледі. Бұдан асқан бассыздық бола ма?

Ел Президентіне «бас игісі келмейтін» осындай банктерді «тұралап қалған жерінен» сүйреп шығару не үшін қажет? «Сыйға сый, сыраға бал» деген қайда?

Олай болса Ел сенім артқан Ақорда «Мен не деймін, домбырам не дейді» деп маңайға бажайлап қарайтын уақыт келген секілді. «Бассыз үйдің иті осырақ» болғаны елім деген ерге ғана емес, беделге де нұқсан!

Екі ай бойы жұмыссыз, мемлекет берген 42500 жүзге телмірген ағайын, дәл қазір несие төлемек түгілі, «Байтал түгіл бас қайғы» болып кетті. Онсыз да жұмыссыздық кесірінен, банктерден алған несиелерін төлей алмаған қаншама қазақтың шаңырағы шайқалғалы тұр. Банктердің қазіргі әрекеті «жығылғанға жұдырық» емей не?

Осындай қиын жағдайда халықтың банк алдындағы қарыздарын «Ел есін жиып, етегін жапқанша» кідірте тұру, қазақылыққа салсақ та, мұсылманшылыққа баласақ та сауапты іс! Президент Тоқаевтың бұл орайдағы көрегендігіне тәнтіміз. Ендігі мақсат президент тапсырмасының орындалуын билік тарапы қадағалап отыруы ғана…

Екі ай бойғы төтенше жағдай мемлекет үшін үлкен сынақ болды. Ұлттық қордың пайдасын енді көріп жатырмыз. Қиын күнге сақталған қаржының түбіне су құйып, жемқорлардың жемтігіне айналмауы – басты міндет.

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят қашатынын» бір сәт естен шығаруға болмайды қазір.

Иә, басқалармен бірге еліміздегі барлық банктер де үлкен қиындыққа тап келді. Өйткені жеке жəне заңды тұлғалар несиесін уақытында қайтара алмай отыр. «Көппен көрген ұлы той» десек те, осы жылдың аяғына дейін банктерге 15 млрд.$ ақша қайтарылмауы мүмкін деген болжам бар.

Елімізге белгілі экономист Мұхтар Тайжанның пікірінше, банк төңірегіндегі өзгерістерге көңіл толмаушылық байқалады. «Сол баяғы сарын. 7 – 20 – 25 – тің орнын 5 -10 – 20 алмастырды. Тұрғын үй банкінің орнына Отбасы банкі келді. Өзгерген – бағдарлама атауы мен банктің маңдайшасындағы жазу ғана. Ал түпкі мәні сол баяғы», – дейді ол.

Оның пайымдауынша мемлекеттің ақшасын үнемдеу «Астана» қаржы орталығы секілді «қайырсыз» жобаларды жабудан басталады. «Экономикада сұраныс болмаса, халық тақыр кедей болса, кредитті қалай алады? Статистикаға қараңыз, 7 – 20 -25 бағдарламасы өз-өзін ақтаған жоқ. Күл-пәршә болды. Қайта қателік жіберудің қажеті бар ма? Мемқаржыны ірі бизнеске көмектесуге бағыттау да ақылға сыймайды. Әрбірден соң бұл нарықтағы әділ бәсекені буындыру. Соңғы 20 жыл бойына осыны естіп келеміз. Түзелгеніміз шамалы. Керісінше күйзеліске түсіп, жемқорлар халықтың ақшасын талан-таражға салуда» деп күйініп отыр Мұхтар мырза.

Қанша дегенмен тіс қаққан экономист, білікті саясаткер ғой, кей мәселеде сөзінің жаны бар секілді көрінеді бізге.

Ел арасында көп жүреміз, олармен жүздесеміз, сонда байқайтынымыз халықтың төрт түлік малға деген ынтазарлығы артып келеді. Құс қанаты талатын сайын дала да – мал тұяғының дүбірін аңсап жатқандай көрінеді…

 

ДАЛА ДЕМОКРАТИЯСЫ – ӘДІЛДІКТІҢ ЖАРШЫСЫ БОЛДЫ

Мал демекші, бір кездері ауылдардың қирауына, мал басының төмендеуіне, жұмыссыздықтың белең алуына тікелей кінәлі экс-премьер Әкежан Кажыгелдин видео канал арқылы Қазақстан экономикасының құлдырауына жаны күйзеліп «ақыл айтуға» көшкені жанға батады. Кім қазір сырттан тон пішпей жатыр? Қазақ даласының бар малын сақтап қалудың орнына, ойсырата құртып жіберген оның «қой бағу бізге тиімсіз болса, етті Австралиядан тасимыз» дегені (бүгін оның ізбасарлары етті Аргентинадан тасытып жатыр, жетістік, «ұлы реформатор» мырза, арманыңыз орындалды, ырза шығарсыз…) секілді сәні бар, мәні жоқ жылтыр сөзді судай сапырып, шаш ал десе бас алған алаяқтарға жем болудан аузы күймейтін де — қазақ. Адал екен, алдымен өзі сол басшылықта жүргенде қандай қате жіберді екен, соны атап көрсетсін, кешірім сұрасын, қалың елдің көкейінде жауапсыз қалған сұрақтарына жауап берсін. Жауап бере ала ма, жоқ тағы да жылтыр сөзбен құтылып кетуге тырыса ма, сол кезді белгілі болады. Ал, әзір тыңдап тұрсаң бір періште табылды, жұрттың бәрі кінәлі, тек сол ғана тап-таза. Қажыгелдинсіз де қазақ тұйықтан шыға алады… шығып та келеді…

Ел сөзін сөйлейді дейтін оппозицияның түрі анау. Тірліктері «Аққу, шортан һәм шаян». Бірі көкке, бірі жерге, енді бірі суға тартып әлек.

Ал елден жырақтағы «жалаңтөс» батырлардың бірі Италиядан, енді бірі Франциядан билікті сынап әуре. Халықтың тұрмысының төмендігін пайдаланып елді алатайдай бүлдіріп бітті олар. Қит етсе өзі әбден шаршаған жұртты шеруге шақырып, жүйені өзгертуді санаға құйып жатыр. Тым болмаса соларға күлкі болмау жағын ойлайтын кез келді ғой бізге… үкіметке…

Ал ел ішіндегі тіркелмеген партияның лидері Жанболат Мамай билік халықтың несиесін кешіруі тиіс деп аттан салуда. Оның сөзіне де елітіп, арқаланып жүрген ағайын қарасы мол. Біздің айтарымыз, несиені кешіру тығырықтан шығар жол емес. Одан да несиелердің пайыз мөлшерін арзандатып, елдегі қымбатшылықтың жолын кесіп, жалақыны көбейтіп, жемқорлықты түп тамырымен құртуға күш салу үлкен міндет!

Жалпы Жанболаттың айтып отырғаны жалған пияр. Кредитті кешіру жалқауларды дәніктіру. Бүгін кешірсе ертең сол несиеге қайта кіреді. Одан мемлекетке, халыққа не пайда? Әр қазақ мемлекет қаржысын өз қалтасындағы дүниедей бағаламай дамуға бет алу қиын-ау…

Шіркін – ай, баяғы қазақ байларының өсімсіз қарызы – бүгінгі ұрпаққа аңыз әңгіме ғана. Бір ауылды бір бай несие беріп асырап отырыпты – ау заманында. Жылқы берсе де, қой берсе де – төлін өзіне қалдырыпты. Қаймағы мен майы тегін. Қой сүті мен төлі азық! Қымызы мен құлыны пайда!

Бұдан артық қандай әділдік бар!

Дала демократиясының қарапайым халыққа жасаған қайыры мен пайымы осы! Және де 3-4 жылға дейін берген малын алуға асықпапты бай – бағылан! Қоңдансын, шаруашылығын қолға алсын деген дархан пейіл арнасынан асып жатыпты. Кедейі налымаған, бала-шағасы жыламаған! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәуірді бастан кешіп, рахат өмірді қайғы – мұңсыз сүрген екен — ау. Бұдан асқан халыққа қандай көмек болмақ? Осыдан барып елдің де еңсесі тез көтеріліп, бүгінгідей пайыздық өсімнің жоқтығынан қарызданып-қауғалану қазақ даласында мүлде таралмаған.

Біздің билік ата-жолын жалғастырамын десе, тарих бетінде есімдеріміз алтын әріппен қалсын десе, қолдарындағы зор мүмкіндікті пайдаланып, банктерді заң шеңберінде «бағындырып», халыққа төменгі пайызбен несие рәсімдеуге мүмкіндік туғызса жетіп жатыр. Ауылдағы ағайынға мал басын көбейтуге пайызсыз несие беріп бір көтеріп алса, тұралаған экономикаға жан бітіп, қайырлы шығынның еселеп мемлекет тұрақтылығына қызмет жасайтыны айдан анық. Атамыз қазақ «Шығын шықпай кіріс кірмейді» дегенді осындай кезде айтса керек.

Қазтуған бабамыз жырлағандай қалың қазақ сонда ғана:

«Жарлысы мен байы тең,

Жабысы мен тайы тең,

Жары менен сайы тең» тіршілік кешеріне сеніміміз күшті!

Қайтейік, бүгіндері жомарттықты – дарақылық, мейірбандықты – бейшаралық сезінетін ұрпақ өсіп келе жатқаны қынжылтады бізді. Билік

басында жүргендердің де біразы, халықтың қамын емес нанын жегеніне мәз секілді…

Тағы айтамыз қазақ халқының 90 пайызы банктердің «тұтқыны». Оларды «тұтқыннан» қалай босата аламыз? Ол туралы өз көзқарасымызды жоғары да жасырмай жаздық.

Кім еріккеннен несие алады дейсің. Баяғы жетіспеушілік пен таршылық, анда тартса мынада жетпейтін күрмеуі қиын тіршілік өз дегенін жасап жатыр. Аз жалақы да еңсесін көтертпей езіп жатыр бишара халықты. Егер бұлай жалғаса берсе, сыртқы жаулардың айыздары қанып, арман-мұраттары орындалғандай мәз – мейрам кейіпке түсетіндері көз алдымызға келе қалады. Алла Тағала одан сақтасын!

Түйін: Сөз соңында айтарым, банктің тауқіметін тартып жүрген бір жақын туысым бар. Сол туысымның басынан кешкен оқиғасы атан түйеге жүк болардай қомақты! Сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол отбасының оқыған — тоқығаны мол жалғыз қызы, әке –шешесінің үйін банкке кепілге қойып, мол қаржы алып, кәсіппен айналысу үшін қаңырап қалған мейрамхананы сатып алды. Шаруасы алға баспай, түрлі кедергілерге тап болып, ақыр аяғында аңғал қызды ала аяқ бір әйел орға жығып кетті…

Қаңыраған мейрамхана іске қосылмай адыра қалды. Қомақты қаржы ту-талақайы шығып ол кетті. Несие төленбей, ақырында пайызы өсіп, адам баласы естісе шошитын сомаға жетті. Оның зардабы мұнымен бітпеді, әлгі қыздың еш жерде жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмеді. Қайда барса да алдынан жаналғыш әзірейілдей әлгі банк шыға келеді. Қызметке тұруға мүмкіндік болса да, «арестке» қойылған есім-сойы күн көрістен айырып, банк жүйесі жалақысын қолына тигізбей «қағып алып» отырады. Бұл еңбекке талпынған қыздың жігерін мұқалтып, табыс табуға деген құлшынысына кері әсер еткенін айтпай кетуге болмас. Банктердің бұл «қаталдығы» ақырында әлгі қыздың еңбек етуге деген талпынысын жойып, әке – шешесіне масыл болуға алып барды. Содан бері жиырма жыл өтті. Егер аталмыш банк әлгі қыздың табысын түгел қақшымай, «ашқарақтық» танытпағанда, аз ғана мөлшерде «ұстап» отырғанда, несиені түгел жаппаса да, қаншама қаржысын қайтарып алған болар еді…

Бұл бір қыздың емес, қоғамдағы мыңдардың басындағы қайғы! Әңгіме мұнымен бітпек емес. Әлгі қыздың әлегінен, былайша айтқанда күйігінен әкесі мезгілісіз көз жұмды. Әлі күнге банкке кепілдікке қойылған үйдің құжаты солардың қолында. Тартып алуға да қаншама әрекет жасалды. Соттасты да. Әлі күнге дау-дамайы басынан асып тұр. Сол отбасының кенже баласы (төрт баласы бар, бертінге дейін әкесінің шешесін бақты. Ол кісі былтыр көз жұмды) банк тарапынан соғылатын телефон қоңырауынан әбден зәрәзап болғанын жасырмайды. Тіпті кейде күйгелектеніп, үйінен безіп кететінін көзім көрді.

Әрине бұл жерде қызға адвокат болғымыз келіп отырған жоқ. Онымыз әділетсіздік болар еді. Кез келген қазақстан азаматы банк алдындағы жауапкершілігін «мойнымен» көтеруге міндетті. Алайда «жаудан түк тартсаң да пайда» дегенді банктер алға мақсат етіп қойса, ол істерінің пайдасын

көбірек көрген болар еді. Бәлкім клиентпен жаңадан келісім-шарт жасасып, екі жаққа да тиімді қызметтерге жүгінсе, қаншама тағдырдың бұзылуына араша түсер еді. Ата заңымызда да адам өмірі бірінші орында тұрғанын неге естен шығарып ала беріміз осы?

Өзіміз күнде көріп жүргендей біздегі банктер пайыздық мөлшерлемені көбіріп қою арқылы қиналған халықты тығырыққа тіреп отыр. Егер халық болмаса банк тұрмақ, мемлекеттің де құны көк тиын! Ал біз билікке өз көзқарасымызды айқын көрсетіп отырмыз. Бізге елдің тұрақтылығы, биліктің мызғымас тірек болғаны керек. Ол үшін пайданкүнем банктерді халықты қанай бермей, талай бермей, ортақ мүдде жолында бірлесе жұмыс жасауға шақырамыз!

Айтпақшы алпауыт банктер туралы менің өзім бірнеше мақала жаздым. Ел үшін қамыққан азаматтардың да қалыс қалғаны жоқ. Бірақ біздің жан айқайымызға селт еткен билік, желп еткен банк көрсек көзіміз шықсын! Егер мұның артында «Күл болмасаң, бүл бол» деген мысық пиғыл жатса, бір Аллаға тапсырдық!

 

 

 

 

 

 

 

Сәуле Мешітбайқызы