Ата-ананың басым көпшілігі өз кемшілігін мойындамайды

Бала – отбасының айнасы

Көп ата-ана өзінің кемшілігін мойындағысы келмейді, ал оны түзету туралы айтпай-ақ қоялық. Соған қарамастан баламның қылығын түзетіп бер деп психологтардан талап етеді.

Қиындық балада ма, әлде ата-анасында ма?

Кез келген психологтың тәжірибесінде баласының мінезіне шағымданған ата-ана көптеп кездеседі. Қиындығы бар бала бола ма? Бұл сұраққа жауап бір жақты – жоқ!

Қиындығы бар ата-аналар ғана бар. Бала – отбасының айнасы. Мұқият қарасаңыз, бәрін көресіз: ата-анасының өзара қарым-қатынастағы тәжікелесуі, ерлі-зайыптылар арасындағы түйткілдер, бала мен әке-шеше арасындағы қарым-қатынас, конфликтілер мен қарама-қайшылықтар.

Осыны есепке ала отырып, айна қисық деу жөн бе? Сол айнаның қисықтығы баланың басқарылмайтын жаман әдетімен сипатталады.

Кейде мұндай әдеттерді жоюға, не кемітуге болады. Оған отбасындағы жағдайдың түзелуі септігін тигізеді. Және ата-аналардың өзінің болмысымен жұмыс жасауы да ықпал етіп жатады. Қалай болғанда да, сол екеуі де баланың болмысын сақтап, бүтін тұлға болып қалыптасуына әсер етеді.

Өкінішке орай, мұндай ықпал сирек боп жатады. Неге? Себебі, ата-ананың басым көпшілігі өз кемшілігін мойындамайды, оны түзетуге ықыласты бола қоймайды. Баламның жаман мінезін түзеп бер деп психологтан талап етеді. Жасөспірімдермен көп жұмыс істеген сайын олардың арасында «жаман мінезді» бала жоқтығын түсіне бересің. Тек көпшілігі дені сау атмосфераға зәру.

Есесіне, ата-аналардың арасында «жаман мінезділері» жетіп артылады. Сондай мысалдардың бірнешеуін келтірейін:

«Жомарт» ата-аналар

«Менің балам ештеңеден қағажу көрмеуі тиіс!» — деген ұранмен өмір сүреді. Бір қызығы, олардың көпшілігі бай адамдар болып шығады. Ара-тұра қарапайым, дәулеті орташа адамдар кездеседі. Алайда дәл осындай адамдар балам бір нәрсе қаласа, қалай да әперуім керек деп есептейді. Ол зат балаға шын керек пе, әлде маңызы жоқ па, ойланбайды.

Мұндай ата-аналар жақсы көру дегенді сатып алу деп түсінеді. Балаға көңіл бөлу, уақыт бөлудің, жақсы көретінін көрсетудің, бірге әңгімелесудің, аймалап, еркелетудің орнына, қымбат ойыншық әперіп алдай салады. Түпсанада бұл қылығы: «маған жұмыс істеуге не демалуға бөгет жасама» деген белгі екен. Балаға өзі қараудың орнына күтуші, тәрбиеші жалдайды. Неғұрлым маманданған адам іздейді. Педагогикалық білімі барын таңдайды. «Баланың зиятын дамыту үшін, бала тәрбиелі болуы үшін».

Репетиторды, тренерді, психолог пен дәрігерді де сатып алуға болады. Ішінен «Балада бәрі бар, енді барып ақша табуға кірісейін. Бала өскен сайын жұмсалатын қаржы көп кетеді. Оған көлік, үй, мықты университет, сол секілді баланы дамытатын мыңдаған қажеттілігін өтеуім керек» дейді. Егер сырттан біреу ақыл айтса, «кедей адам бақытты бола алмайды» дегенді естиді. Ал, француздардың «Ойыншық» деген киносы керісінше деп еді ғой…

«Уайымшыл» ата-аналар

Мұндай ата-аналар балаға келгенде болмашыны уайымдай береді. «Суық тиіп қалса ше; ішінде құрт бар шығар; құлап қалса ше; қорқып қалса» деп кете береді. Бір қызығы бала осы айтқаннан шыға алмайтынын түсіне ме, оған суық тиіп қалады (шынықпаған бала – иммунитеті әлсіз), ішекте құрт бар боп шығады (баланың бәрінде дерлік бар), бала үнемі қорқады – қараңғыдан, дәрігерден, жануарлардан (қорқуды кім үйретті?). Ең қорқыныштысы, бала бір нәрсе істеуге қорқады. Аяқкиімінің бауын байлауға қорқады. Велосипедке отыруға қорқады. Телефонды рұқсатсыз алуға қорқады. Өзінің қолынан келмеген соң оған көмек керек болары сөзсіз! Содан көмектесе береді, көмектесе береді… Мұндай ата-аналарға Анатолий Некросовтың «Ананың махаббаты» деген кітапты оқу керек. «Анасының баласы», «әкесінің қызы» қайдан шығатынын түсінер еді…

«Шаршаған» ата-аналар

Бұл ата-аналар бала тумай тұрып шаршап қалғандар. Бір замандағы отбасылық өмір мен бала тәрбиесі туралы тым көп ақпаратты жинақтап алған олар «бала бар үй — шектеулі өмір» дегенді ұран етеді. Балалы бола салғаннан ерлі-зайыпты қарым-қатынасқа ынтасы жоғалады. Баласын да тәрбиелегісі келмейді. Мұндай ата-ананың көп айтатын сөзі – «жүгірме!», «қабаттаспа!», «бұлай істеме!», «басымды қатырмашы!», «қазір сазайыңды берем!». Баласына ең көп айтатыны «мен сенен шаршадым» дейді. Бала үшін де, басқа ересек адам үшін де ең ауыры өзіне ешкімнің назар аудармауы. Әсіресе, жақын адамының назарына сусап өтуі өте ауыр. Сол назарды өзіне аударту үшін бала бәріне барады. Оған ата-анасының назары маңызды! Мейлі, ұрыссын, жазаласын, әйтеуір маған қараңдаршы деген белгі бұл. Бала анасының, не әкесінің өзіне басқалай қалай назар аудартуын білмегені.

«Перфекционист» ата-аналар

«Сен бәрінен артық болуың керек!» — олардың ұраны осы сөз. Мұндай ата-аналардың әдетте қос дипломы бар. Қайтсем де кандитаттық қорғасам деген арманы болады. Ары кетсе, бір кафедрада меңгеруші болсам дейді. Дегенмен, баласын «ең-ең-ең» керемет балабақшаға беруге тырысады. Шет тілін тереңдетіп үйрететініне, не Лобачевскийдің геометриясын түсіндіріп шығаратынына. Ең күшті мектепті таңдап, қаланың бір басынан екінші басына баласын тасып әлек болады. Репетитор жалдап, балаға бос уақыт қалдырмайды. Баланың деңгейі жоғары болу үшін барын салады.

Бала тек жақсы оқу керек дейді олар. Мектеп бағдарламасы да ешкімде болмаған ерекше болуы тиіс. Сонда ғана бұлардың баласынан вундеркинд не гений шығады. Кейбір «бейсаналы» мұғалімдер бұлардың баласының ерекшелігін түк көргісі келмейтініне қынжылады. Ондай мұғалімдер балаға «маңызды әрі қажетті» пәндерді оқытпай, керексіз, бөгет болатын, уақыт ұрлайтын пәндерді тықпалайтынын байқап жүреді. Мәселен, еңбек, технология, дене шынықтыру, музыка және т.б.

«Бақытсыз» ата-аналар

Бір қызығы, мұндай ата-аналардың өз жетістігі көп. Оларды мұқият зерттесеңіз, орындалмай қалған бір арманын байқайсыз.

Кәсіби спортта, үлкен сахнада, подиумда, жеке көрме – осының бәрі амбициясы шектен шыққан әкелер мен аналарға маза таптырмайды. Бір кездегі жалқаулығы, құлшыныссыз қалуы, қолдаусыз болуы, бәрі бірігіп ұлы арманының орындалмай қалуына сылтау болған. Соның есесіне, өз баласына сол өзінің арманына жетуге бәрін «береді не сіңірмек».

Бұл арман әбден есейгенде пайда болып, жеміс бермейтін қиялға айналса да соның соңына түседі. Ақырында, баласының алдынан керемет келешекті келтіреді: жай оқыма, бір ғылыммен шұғылдан, бір спорт түрін меңгер, күніне он сағат жаттық, ойыншықты ұмыт, құрдастармен қыдырма. Баланың қызығушылығын тудырған әуестіктің бәріне тыйым салынады.

Егер баланың жүйкесі жұқармай, невроз бен психосоматозға ұрынбай аман қалса, ата-анасының орындалмаған арманын орындауға аз да болса, үміті болмақ. Солай ма?

«Спекулянт не манипулятор» ата-аналар

Мұндай ата-аналар үшін бала айналасына әсер етуге арналған құрал: жұбайына, әке-шешесіне, басқа туыстарына. «Бұл маған емес, балаға керек», деп әңгіме бастайды жұбайлардың бірі екіншісіне. Бала неғұрлым әлсіз, осал болған сайын әкесінің не шешесінің өзгелерге ықпалы зор болмақ. Мұндай ата-аналар осындай әрекетімен деструктивті отбасыны сақтауға бар күшін салады. Отбасы мүшелерін баланың қиындығының айналасына біріктіреді.

Туа салысымен мұндай ортада өскен бала, үйіндегі жағдай психологиялық есеюге мүмкіндік бермей тұрғандықтан өзін осындай шындықтан қорғауға көшеді. Сол сәтте бейсаналы қорғаныс тәсілдері іске қосылады. Немесе коппинг-стратегиялар қосылады – қоршаған ортадан саналы түрдегі қорғаныс. Өз әрекетін, мінез-құлқын түсіну, не өз әрекеті туралы ойламауға тырысу, жалғыздықтан қашу, үрейді басу сияқты.

Ал, біздер, баласын өлердей жақсы көретін ата-аналар не істейміз? Баланың осындай әрекетін көре қалғаннан (неше түрлі тәуелділіктер, оқығысы келмеу, әлеуметпен араласуға ынтасы, араласудан қашу әдеті және т.б; денсаулықтың кемшілігі туралы айтпай-ақ қояйын), айналаға «Бұл баланың мінезі қиын!» деп айқайлап айтамыз. Бірақ ешкім ешқашан «Бәлкім, біз мінезі қиын әке-шеше шығармыз» демейді.

Виктория Негребецкая

Аударған Шынар Әбілда