Арыстандылық күрді ағайындар қазақ халқына алғыс айтады

1 наурыз – «Алғыс айту күні» мерекесіне орай, «Барбанк» күрді этно-мәдени бірлестігінің ұйымдастырумен, Арыстандыда «Алғысым шексіз – Қазақ еліне!» атты үлкен мәдени-көпшіліктік іс-шара өтті.

Тарихи мән-маңызы терең іс-шараға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері және жергілікті тұрғындар қатысты.

Көктемнің алғашқы күні аудан орталығы Жаңатас қаласынан бастау алған «Тал егу» акциясы мұнда да жалғасын тапты. Елдің бас көтерер азаматтары қолдарына күрек алып, Арыстанды орта мектебінің ауласына 30-ға жуық жасыл-желек екті.

Мерекелік іс-шара аталған ауылдық клубтың алдында, ашық аспан астында ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты. Этно-мәдени бірлестік мүшелері өткен тарихқа көз жүгіртіп, тадғырдың тәлкегіне тап болған ата-бабаларының қазақ ауылына алғаш айдаумен келген сындарлы сәтін сахналап, көрініс көрсетті.

Жиын барысында сөз алған аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев мерейлі мерекенің мән-маңынын кеңірек тоқталып, бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай бейбі ғұмыр кешкен күрді ағайындарға да жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.

Концерттік бағдарламада кішкентай балақайлар да елдің бірлігі мен татулығын ән мен жырға қосып, өз өнерлерін ортаға салды. Жиын оңында құрметті қонақтарға күрді халқының ұлттық тағамы «Грораддин» көжесі ұсынылып, ауылдағы ағайын қазақ халқына деген алғысын ақ дастарханмен жеткізді.

Аудан басшысы Арыстанды ауылының 92 жастағы қарт кісінің үйіне арнайы бас сұғып, ұлтаралық татулықты ту еткен ақжаулықты анаға алғысын айтып, жеміс-жидек себетін сыйға тартты.

Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі