АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТІ

Дені саудың — жаны сау. Салауатты өмір салтын сақтау, спортпен шұғылдану кез келген адам үшін маңызды. Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданында осындай ұстанымды алға тартқан аға буын өкілдері мен ересектер арасындағы спартакиада өтті.

Бұл  жарыс Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Қарттар күніне» орай ұйымдастырылып отыр.

 

 

2021 жылдың 7 қазан күні Құлан ауылының спорт кешенінде өткен бұл жарысқа 63 жастан және одан жоғары ағаларымыз бен 59 жастан және одан жоғары апаларымыз бақ сынасты.

Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастырумен өткен спартакиаданы аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі:

 

 

–  Бүгінгі таңда дені сау ұлттың – болашағы зор екені баршамызға аян. Сондықтан елімізде Елбасымыздың бастамасымен бұқаралық спортты дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасалуда. Осы бағытта ардагерлердің де сүйікті спорт түрлерінен бақ сынасуына мүмкіндік жасау мақсатында аудандық ардагерлер кеңесімен бірге осындай спартакиада ұйымдастырылып отыр. Спортсүйер аға-апаларымыздың жарысқа құлшыныспен келіп, қатысып жатқаны көңіл қуантады. Бұл жақсы бастама деп ойлаймыз. Осындай спорттық шаралар ардагерлерге күш-қуат беріп, жас ұрпаққа үлгі өнеге болады деп білеміз.

 

 

Шарада сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов жастардың болашағы үшін аға буын өкілдерінің жеткіншектердің тәрбиесімен айналысып, оларға әр ісімен үлгі болуы керегін жеткізді.

Садақ ату, дарц, асық ату, қол күрес, гір тасын көтеру сияқты 5 спорт түрінен әр ауылдан келген қатысушылар жарысып, жүлделі І,ІІ,ІІІ орындарды бөлісті. Жалпы командалық есепте 1 орын иеленіп аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің кубоктармен, медальдармен, дипломдарымен және арнайы сыйлықтарымен марапатталды.

 

 

Т.Рысқұлов ауданында жыл басынан бері бірнеше мәдени-спорттық жарыстар өткізілген. Ұйымдастырушылар мұндай бәйгелердің  бұдан әрі тоқтап қалмайтындығын, аудан тұрғындарына салауатты өмір салтын насихаттау жолында өнімді еңбек ететіндігін атап өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс ауыл тұрғындары үшін жақсы демалыс болды. Ал спортшыларды марапаттау ауылда бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға қолдау.

 

Тастанбек Мөлдір

Т.Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы