АҚТӨБЕНІҢ АЙНАЛМА ЖОЛЫНДА ЖАҢА КӨПІР САЛЫНДЫ

Ақтөбенің Оңтүстік айналма жолында салынған көпір пайдалануға берілді.
Жаңа көпір тоғыз жолдың торабында тұрған Ақтөбені бір кезде Елбасының өзі мұрындық болып салғызған Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық дәлізіне қосады. Оңтүстік айналма жолдың жалпы ұзындығы 13 шақырым. Республикалық бюджеттен қаржыландырылып отырған жоба құны – 7 миллиард теңге. Жол құрылысы толығымен 2021 жылы аяқталады.

 

— Бұл жол жүк көліктері үшін тиімді. Олар қалаға кірмей,аты айтып тұрған оңтүстік айналма жолмен өтеді. Бұл өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға оң ықпал етеді. Себебі, қазірдің өзінде облыс аумағы арқылы күніне 12 мың жүк көлігі өтеді, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.
Қазір жолдың қалған 10 шақырымында құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Мердігер компания «КТП» ЖШС басшысы Николай Павлычевке қала әкімі сапаға ерекше көңіл бөлуді міндеттеді. Оның айтуынша, жаңа көпір жарықтандырылып, қажетті жол белгілері орнатылады.