АҚТӨБЕЛІКТЕР ЛАҢКЕСТЕРДІҢ ҚОЛЫНАН ҚАЗА ТАПҚАН ӘСКЕРИЛЕРДІ ЕСКЕ АЛДЫ

Ақтөбеліктер осыдан бес жыл бұрын 5 маусымда облыс тұрғындарының тынышын алған аса қатегездікпен жасалған лаңкестік шабуылды ұмыта қойған жоқ. 2016 жылғы 5 маусымда 17 адамнан тұратын экстремистер тобы Ақтөбе қаласының екі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, 6655 әскери бөлімінің аумағында орналасқан қару-жарақ қоймасын иеленуге тырысқаны белгілі. Әскери қалашыққа жасалған шабуылға тойтарыс беру үшін болған қақтығыстар кезінде үш әскери қызметші оқиға орнында қаза тауып, 6 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.

Бүгін Ақтөбе қаласында осы теракт кезінде қаза болған әскери қызметшілерді еске алу шарасы өтті. «Мәңгілік сапта» акциясына қала әкімі Асхат Шахаров, облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, әскери сала ардагерлері, БАҚ өкілдері, 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты.

 

 

— Бес жыл бұрын өңірімізде бірнеше адамның өліміне әкеп соқтырған лаңкестік шабуыл болғаны белгілі. Қандай қиын жағдай болса да, жігеріміз жаншылып, рухымыз төмендеген жоқ. Біздің әскери қызметшілеріміз — батырларымыз өз міндеттерін, өз борыштарын адал орындап, тұрақтылықты сақтап қалды, өшпес ерлік жасады. Өз борышын өтеу барысында біреудің баласы, біреудің әкесі қаза тауып, бірнеше отбасы орны толмас қайғы-қасіретке ұшырады… Бүгінгі шараға сол лаңкестік шабуыл кезінда қаза болған «Батыс» өңірлік қолбасшылықтың әскери қарсы барлау бөлімінің аға жедел уәкілі майор Даниэль Майлыбаев, 6655 әскери бөлімінің келісімшарттық қызметінің әскери қызметшісі сержант Берікжан Қалиев, 6655 әскери бөлімінің мерзімді қызметінің әскери қызметшісі қатардағы Досбол Сапардың жақындары қатысып отыр. Баршаңыздың атынан батырларымыздың туыстарына басымызды иіп алғысымызды білдіреміз. Батырларымыздың күтпеген лаңкестік шабуылға тойтарыс беріп, тайсалмай қарсы тұрғаны өскелең ұрпаққа үлгі болса, біз үшін сабақ болды. Біздің әскери қызметшілеріміз қай кезде де ел тұтастығын, тыныштығын сақтауға әрдайым даяр екендіктерін көрсетті. Алдағы уақытта да елімізде тек тыныштық болсын. Марқұм болған бауырларымыздың жаны жәннатта болғай. Олардың өшпес ерлігі еш ұмытылмайды, — деді Ақтөбе қаласы әкімі Асхат Шахаров.

 

 

ҚР Президентінің 2016 жылғы 5 желтоқсандағы №382 Жарлығымен «Әскери борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін» майор Даниэль Майлыбаев II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды, қаза болғаннан кейін подполковник әскери атағы берілді. Кіші сержант Берікжан Қалиев пен қатардағы жауынгер Досбол Сапар қаза болғаннан кейін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен қатардағы жауынгер Бақтияр Қайырбеков, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен қатардағы жауынгер Сырым Сүндетов, Денис Чернышов марапатталды.

 

 

ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен бөлімнің тоғыз әскери қызметшісі аға сержант Ғабит Балжанов, бөлім медициналық пунктінің фельдшері сержант Ирина Балмағамбетова, сержант Сатыбай Рахмет, ефрейтор Еламан Жанділдаев, ефрейтор Жеңіс Табынбаев, қатардағы жауынгерлер Артем Авдеев, Ілияс Қарақойшиев, Ақжол Шайсұлтан, Исламжан Тұрсын ішкі істер министрінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.

2017 жылғы 10 қаңтарда қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу үшін мемориалдық тақта ашылды.

 

 

ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының 2016 жылғы 22 маусымдағы №180 бұйрығымен әскери борышын орындау кезінде ерлік жасаған және қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу мақсатында 6655 әскери бөлімінің 2 атқыштар ротасы кіші сержант Берікжан Қалиев пен 6655 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонының жедел мақсаттағы ротасы қатардағы жауынгер Досбол Сапар тізімге мәңгі енгізілді.

2017 жылдан бастап жыл сайын ерлікпен қаза тапқан әскери қызметшілердің құрметіне самбо күресінен турнир өткізіліп келеді.

Бүгінгі өткен шараға қатысушылар марқұмдардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

 

Қ.Құдайберген,

Ақтөбе облысы.