АҚТӨБЕДЕ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ВАКЦИНА АЛУШЫЛАРҒА АЛҒАШҚЫ СЫЙЛЫҚТАР ТАБЫСТАЛДЫ

Ақтөбеде халықты Covid-19-ға қарсы вакцина алуға ынталандыру мақсатында «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал» акциясы өткізіліп жатыр. 25 маусымда басталған акция 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Ұтыс әр жексенбіде «Aqtóbe» телеарнасының тікелей эфирінде ойнатылады. 25 маусымнан бастап вакцина алушылар арасында смартфон, планшет, спорттық велосипед пен робот-шаңсорғыш сияқты сыйлықтарды иеленген 12 жеңімпаз анықталды. Жеңімпаздарға сыйлықтарды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев табыс етті. Акция аясында барлығы 96 бағалы сыйлық ойнатылмақ. Бас жүлде — «Chevrolet» маркалы екі автокөлік. Ақтөбе облысының аумағында 25 маусымнан бастап Covid-19-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентін алғандар автоматты түрде акцияға қатысушы болып саналатынын атап өту керек. Екпе алғаннан кейін оларға жеңімпазды анықтайтын бірегей код беріледі.