Халықты жоқшылық емес, тоқшылық құртады

Ақша да адамды арақ сияқты мас қылады екен. Қазақстанда осындай «мастар» тым көбейіп кетті. Қолдарына түсіп қалудан біртүрлі қорқасың.
Қазірде жас әнші көп. Өңшең «жұлдыз». Қазақ аспанына қалай сыйып тұр деп таңғаласың. Ал көбінің әнін тыңдасаңыз… Әуені – азғын, сөзі – сорақы.

Аяқтары –жерде, демі – көкте. Қолда – микрофон… Бар кәсіптері ел-жұрттан ақша жинау. Бизнестің ең оңай жолы осы шығар. Әлің жетпесе әнмен ойна деп оларға кім айтты екен?!

Орыстарда сынды да, марапатты да қабылдай алатын мінез бар. Олар Пушкиннің жүргіштігін, Лермонтовтың сумақайлығын, Некрасовтың алаяқтау карта құмарлығын, Достоевскийдің қояншық ауруын, Маяковскийдің екі адамға ортақ бір әйел ұстағанын, Есениннің сифилиспен ауырғанын, Рубцовтың ішкіш боп, көңілдесі тұншықтырып өлтіргенін жасырып, жаба ма?

Жоқ! Ашық айтады. Өйткені, қаншама ұлы тұлға болса да – нәті адам. Сондықтан да, олардың бетіне шіркеу түсіп жатқан жоқ.

Бізде ше? Атай көрмеңіз. Өңшең шыбық тимес шыңқ етпе. Керемет, ғажап, классик, ұлы… Қағыс сөз айтсаң қалпағыңды қағып түсіреді. Үстеріне шыбын тұрмақ шаң қонбауы керек.

Таңертең айнаға қараймын. Бетінде ит тірліктің ізі қалған бір шал тұрады. Басымды алып қашамын. Барлық жас дәурен айнаның арғы жағында қалған сияқты.

Той-топырда жастарға жұрт сияқты «Бақытты болыңдар» деп тілек айтамын. Бақыттың не екенін шындап келгенде өзім де білмеймін. Бәлкім, біздің жақта жоқ зат шығар?!

Үш рет комаға түсіп, ес-түссіз жаттым. Алды сегіз, соңы екі күн. Аллекем әрі ойланып, бері ойланып мені о дүниеде еш кәдесіне жарата алмаған соң тірі қалдырған сияқты.

Есіл жағасында ұзақты күн қыдырдым. Толқынды толқын желкелеп, өлтіріп жатты…

Аман-саулық сұрасқан бір танысқа: «Жүріп жатырмыз, уақытша», – деп ем. Шошып кетті.
– Қалайша уақытша? – деп.
Оған не айтуға болады?

Халықты жоқшылық емес, тоқшылық құртады. Аздырады. Бұл – ерте дүние тарихынан мәлім құбылыс.

Жылағым келген. Жас таба алмадым…

Рахымжан Отарбаев