Анаға хат

Анашым, ешқашан сіздің қамқорлығыңыздан қағылмайтынымды сездіртіңізші. Мен ертең өскенде — елге сенім артуды білетін болам.
Анашым, менімен әңгімелескен ұнайтынын білдіріңізші. Өскенде — мен құрметке лайық тұлға екенімді түсінем.
Анашым, сезім туралы айтыңызшы. Өскенде — сізді түсінетін адам болам.
Анашым, маған жылауға, ашулануға, мұңаюға, қуануға тыйым салмаңызшы. Өзіңіз де қатеңізді мойындап, өмірге деген құлшынысыңызды көрсетіп, сезіміңізді білдіріп жүріңізші. Өскенде — менің болмысым бүтін екенін біліп жүрем.
Анашым, менің бойымдағы бар өзгерісті бақылаңызшы. Өскенде өзгемен етене жақын болуға ықыласты болам.
Анашым, мен сүрінгенде, қателескенде, сәтсіздікке ұшырағанда қолдаңызшы. Жазаламаңыз, тек жұбатыңыз. Өскенде өзімді де, өзгені де қолдай білетін болам.
Анашым, маған не ұнайтынын сұраңызшы. Менің де пікірім мен қалауымды есепке алыңыз. Өскенде — өзіме де, өзгеге де қамқорлық жасай алатын болам.
Анашым, сіз жақсы көретінді ұнатпауға рұқсат етіңіз. Сіз қалағанды қаламауға. Сіз армандағандай адам болмауыма рұқсат беріңіз. Өскенде — өзімнің шын тілегімді түсініп өмір сүрем.
Анашым, сізбен келіспеуге, сізге жоқ деуге, қарсы шығуға рұқсат етіңізші. Өскенде — керек кезінде «жоқ» дегенді айта білуім үшін.
Анашым, маған еркіндік беріңіз. Қадағалауды доғарыңызшы. Сонда мен жауапкершілігі бар адам боп өсемін.
Анашым, мені уақытынан бұрын есейтуге асықтырмаңызшы. Бала бола тұруға, балалыққа тойып алуыма рұқсат етіңіз. Маған әлсіз, кішкентай, сізге мұқтаж болуға мұрсат беріңіз. Сонда ғана өскенде дара тұлға, азат ойлы азамат болам.
Анашым, мені тектен тек жақсы көріңізші. Өскенде — өзімді бағалы сезінем.
Анашым, бала күнімде үнемі жанымда болыңызшы. Өскенде — жалғыздықтан жапа шекпес ем.
Сосын бар ғой, иә, мені жиі-жиі құшақтап тұрыңызшы.

 

© Aliaksandra Hryn
Аударған Шынар Әбілда