«Алтын бесік – туған жер» суреттер көрмесі ашылды

    Павлодар облыстық көркемсурет музейінде Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, «ҚР Мәдениет қайраткері» төсбелгісі мен Астана суретшілер одағының «Құрмет»  медалінің иегері Мұқтар Сыздықовтың дербес көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.  

Көрме экспозициясында 70 астам кескіндемелік туынды қойылды. Олардың қатарында офорт, линогравюра, литография, кітап графикасы, гравюра сияқты графикалық шығармаларды тамашалауға болады. Қылқалам шеберінің шығармашылық туындылары  әр түрлі техникада орындалғанымен, олардың әрқайсысы қайталанбас ұлттық бояу мен стильге толы.

 

Мұқтар Сыздықов Павлодар облысының Қызыл қоғам ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Алматы қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы көркем училищесін үздік көрсеткіштермен тәмамдаған соң ҚазКСР Мәдениет министірлігінің жолдауымен Ленинград қаласының  И.ЕРепин атындағы Ленинград кескіндеу, мүсін, сәулет институтында білімін жалғастырды. 1982 жылдан бастап республикалық, бүкілкеңестік және Бангладеш, Сирия, АҚШ, Чехословакия, Югославия сияқты халықаралық көрмелердің қатысушысы. Суретшінің шығармашылық туындылары Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында, Қазақстан Республикасы Президентінің резидинциясы мен Қазақстан, Ресей, Түркия және Европа елдерінің жеке жинақтарында сақтаулы.   1983 жылдан бастап Мұқтар Сыздықов Т.Жүргенов атындағы Алматы театралды-көркем институтында ұстаздық етеді. Оқытушы және тәлімгер ретінде Мұқтар Бакенұлы  қайталанбас көркемдік тәсілдерін қолданып, өз шәкірттерінің дарынын ашуға ұмтылумен қатар жас суретшілерде дербес  қайталанбас мәнерлерін жетілдірумен айналысады.

«Туған өлкенің тарихынан» топтамасындағы ең белгілі графикалық жұмыстары Қазақстан графикасының дамуына зор ықпал етті. Оның Отанына деген махаббаты «Менің Отанымның мерекелері», «Киіз үйді жинау» сияқты тағы да басқа да кейінгі жылдардағы кескіндемелік туындыларында да көрініс тапқан. Ұдайы жаңа көркемдік шешімдерді іздестіру жолында жүретін Мұхтар Сыздықов өзінің шығармашылық идеясына адал – адамның рухани әлеміне қайта-қайта оралып отырады: «Ақынның портреті», «Әйелдің портреті», «Шебердің портреті», «Армян ханшайымының портреті», «Махаббаттың портреті»  осының мысалы. Портрет жанры суретшінің шығармашылығында айрықша орын алады. Оның қаһармандары – образдарында мақсатшылдық, рухани сұлулық, ішкі бай әлем сияқты ең жақсы адамдық қасиеттер біткен адамдар. Автор түспен ойнап қана қоймай, сәтті түстік ракурстар тауып, әрбір штрихты дәл анық жазады. Қазақстан табиғатына арнаған «Ертіс таңы», «Баянауыл», «Пейзаж. Түрген өзені» деп аталатын жұмыстарында осы өңірлердің сұлулығын шынайы бейнеленген. Монохромды, салқын колоритті «Ертіс таңы» туындысында оның графикалық жұмыстарға тән  көркемдік мәнері сезіледі.

 

Тілеуберді Сахаба.