АЛИК ШПЕКБАЕВ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДАҒЫ АШЫҚТЫҚ ПЕН АЙҚЫНДЫЛЫҚТЫ ЕНГІЗУ БОЙЫНША ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАРҒА ОҢ БАҒА БЕРДІ

20 қараша, жұма күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Алик Шпекбаевтың
Ақтөбе облысына жұмыс сапарының екінші күнінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қарғалы ауданы Қосестек ауылдық округінің «Сервистік әкімдігінің» қызметімен таныстырды.
«Сервистік» нысандағы технологияларды пайдалану тәжірибесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың барлық талаптарына жауап береді. Өйткені мұндай жұмыс үлгісі жемқорлық тәуекелдерін жояды және күнделікті жұмыстың ашықтығын қамтамасыз етеді. Егер бұрын мемлекеттік қызметтерді алушы азаматтар түрлі ғимарат табалдырықтарын тоздыруға мәжбүр болып, «тамыр-таныстардың» көмегіне жиі жүгінетін болса, қазіргі таңда мұндай қажеттіліктің жолы кесілді. Жаңа үлгідегі сервистік әкімдік жанында ауылдық округ әкімдігінің барлық қызметтері жұмыс істейді: «Қазпошта» бөлімшесі, учаскелік инспектор және басқалар.

 

Бұдан былай осы тәжірибенің үлгісінде ауылдардағы барлық әкімдіктер қызмет көрсетудің сервистік үлгісіне көшеді. Олардың басты өлшемшарты – жұмыстың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау. Сонымен қатар, барлық мектептердің директорлары өз кабинеттерін 1-қабатқа ауыстырды, ал денсаулық сақтау нысандарының жартысы азаматтарды қабылдау үшін «Open Space» кабинеттерін ашты.
«Мен азаматтардың жайлылығы үшін барлық жаңашылдықтар шын мәнінде тиісті деңгейде жұмыс істейтініне көз жеткізу үшін өңірлер мен ауылдық округтерді өзім аралаймын.

 

Бұдан басқа, жергілікті жерлердегі биліктің жауапкершілігі мен парасаттылық деңгейін арттыруға ауыл әкімдерін сайлаудың жаңа тәжірибесі ықпал ететін болады. Себебі сайлаушылардың сенімін ақтауға деген ұмтылыс олар үшін басты ынталандыру болмақ», — деді А. Шпекбаев.
Бұдан әрі бизнес саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың орындалу деңгейін анықтау мақсатында ол жел энергетикасы секторындағы «Eni» халықаралық компаниясының ең ірі инвестициясы салынған «Arm wind» ЖШС жел электр станциясына барды. Жобаға салынған инвестициялар көлемі шамамен 100 миллион АҚШ долларын құрайды. Бірегей нысанның қуаттылығы – 48 МВт, өңірді жыл сайын 198 ГВт/ сағ көлемінде электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл көлем 20 мың тұрғыны бар шағын қала үшін жеткілікті. Бұдан басқа, ЖЭС атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындыларының көлемін жылына 172 мың тоннаға қысқартады.

 

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин осы орайда өңірде инвестиция тарту жұмыстарының қарқынды жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті.
“Осындай күрделі кезеңде инвестициялар тарту біздің өңіріміздің дамуына қосымша серпін беруде.Облыста қолайлы инвестклимат құру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.
Биыл аймақта 140 млрд.теңгеге, 1200-ден астам жұмыс орнын құруды көздейтін 26 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Келесі жылы 150 млрд.теңгеге 2 200-ден астам жұмыс орнын құруды көздейтін 18 ірі жобаны іске асыру жоспары бар”,- деді облыс әкімі.

 

Қазіргі уақытта отандық бизнесті қолдау және қорғауды қамтамасыз ету – елдің экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты кәсіпкерлер үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау қажет. Бұл ретте, «Protecting Business and Investments» жобасы аясында Агенттік осы жел электр станциясын қамқорлығына алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуін іске асыратын болады.

 

Сонымен қатар, А. Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелденетін нысан – «Ақтөбе» ӘКК» АҚ аралады. Кәсіпорын Ақтөбе облысындағы экономикалық белсенділікті ынталандырады, оның ішінде инвестициялар тарту да бар. Бүгінгі таңда жобалар қоржынында жалпы сомасы 124,4 млрд теңгеге 88 жоба бар. Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы келісімге жалпы сомасы 4,2 трлн теңге болатын 40 шетелдік және жергілікті инвестор қол қойды. Жыл басынан қол қойылған мұндай келісімдер саны – 10, ал сомасы – 28,1 млрд теңге.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы бизнесті қорғау жобасы аясында Агенттіктің тағы бір жобасы – «Экоферма» ЖШС құлпынай өсіретін жылыжайына табан тіреді. Оның технологиялары сәуірден мамырға дейін егін жинауға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың 11 айында мұнда 20 тоннадан астам құлпынай өсірілді.
Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А. Шпекбаев белгілі құқық қорғаушы Айман Омарованың ұйымдастыруымен «Халық үні» атты ашық диалогқа қатысты.

 

Іс-шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғамдық-құқық қорғаушылар, сондай-ақ өздерінің өзекті мәселелерін айтуға келген тұрғындар қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, «Халық үні» әлеуметтік жобасы – Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында іске асырылып жатқан шоғырландырылған әріптестіктің, ауылдардағы қарапайым адамдардың мәселелерін шешудің бір мысалы.

 

Ашық диалог барысында облыста ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жасалған шарттардан бастап құқық қорғау органдарының қызметіне дейінгі көптеген тақырыптар қозғалды. Сапар барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысына «Бизнеске арналған үкімет» фронт-кеңсесі таныстырылды. Оның мақсаты «бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске барлық қолдау шараларын орталықтандырылған түрде көрсету.

 

«AQTOBE INVEST» жаңа фронт-кеңсесі кәсіпкерлерді қолдау шараларының қолжетімділігі мен қамтылуын арттырады, сондай-ақ рәсімдердің ашықтығын ұлғайтып, нәтижесінде кәсіпкердің идеядан жобаны іске асыруға дейінгі жолын жеңілдетеді.
“Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, мемлекеттік қызметті көрсету кезінде барынша ашықтықты қалыптастыру мақсатында барлық аудан орталықтарында 12 сервистік әкімдіктер, 7 фронт офистер ашылды. 2020 жылдың 9 айында 4 млн. қызмет көрсетілді, оның ішінде электрондық форматта – 3,7 млн. немесе 96 %.Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында тиісті түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп отырады”,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

 

Бұдан кейін Агенттік төрағасы мен «Алтын қыран» КТ бас директоры И. Салжанов арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ол бірлескен жобаларды іске асыруды жандандыруға, ақпарат алмасуды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, Алик Шпекбаев «Саналы ұрпақ» және «Адал білім» жобалары алаңдарында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен белсенді ынтымақтастық орнатқан Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде болды.

 

Университетте сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету шараларының бірі – студенттік және оқытушылық құрамға барлық ыңғайлы электрондық қызметтерді ұсынатын «Smart ARSU» мобильді қосымшасы сынды цифрлық технологияларды енгізу.
Жұмыс сапарының соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының жұртшылықпен және Ақтөбе облысының Президенттік кадр резервімен ашық диалогтық кездесуі өтті.

 

Қоғам өкілдері ведомство басшысынан өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің азаматтық қоғаммен тиімді өзара іс-қимылы үшін ризашылықтарын білдірді.
Сапар соңында А. Шпекбаев өңірде мемлекеттік мекемелерді трансформациялау, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ашықтық пен айқындылықты енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп, облыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізіліп жатқанын атап өтті.