АЛАШ АРЫСТАРЫ ҚАЙТА ЖЕРЛЕНУІ ҚАЖЕТ

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің  назарына

 

Екінші дүниежүзілік соғыста опат болып ормандарда, батпақтарда, окоптарда, тіпті суға батып кеткен жауынгерлердің сүйектері ыждағаттылықпен жиналып, жер қойнына тапсырылып есімдері мәрмар тасқа қашалып жазылып, олардың ағайын-туыстары бастарына барып тағзым ететін жағдай жасалғанын көріп, біліп отырмыз.

Зұлмат (1937-38) жылдары жазықсыз атылып кеткен Алаш арыстарының ақталғанына 60, Тәуелсіз мемлекет болғанымызға 27 жылдан асса да, қазіргі ғылым мен технология дамыған заманда әрқайсысының сүйектері жеке дара сарапталып, жер қойнына ислам шартымен әлі тапсырылған жоқ. Алаш арыстарының бүгінге дейін ресми бейітінің болмауы біздің мемлекеттігімізге, қала берді тәуелсіздігімізге өзге мемлекеттер мен ұлттар алдында үлкен сын. Бұл — ұлт мойнына қарыз. Атылған жері белгілі, денелері қапқа салынып (жерленген емес) көмілген орны белгілі. «Биссимилласын да» айта алмай асыл азаматтарымыздың көздерін көр топырақ көмді. Сырт елдерде емес. Қазақстан жерінде жатыр.
Мен осы мәселені 2018 жылдың 1-2 қараша күндері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған V11 Орта Азия елдерінің театр фествалі аясында ұйымдастырылған екі ғылыми-танымдық (Талдықорған қаласында Ілияс Жансүгіров атындағы университетте және Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ Ұлттық өнер академиясында) халықаралық конференцияларда өз баяндамамда айттым. Аталған екі ғылыми конференцияның тұжырымдамасына енді. (Конференциялар тұжырымдамасын қоса жіберіп отырмын)
Менің осы айтқанымды түркі елдерінен келген қатысушылар естіп отырды. Конференция аяқталғаннан кейін маған жолығып: «Сіз айтқан мәселе неге орындалмайды, осы іс соншалықты қиын ба?» — деп сұрақ берді. Мен: «Осыған дейін арнайы мәселе етіп Үкімет алдына қойылған жоқ», — дедім де қойдым.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп атап көрсетті. Осы міндет тұрғысынан қарағанда, Алматы қаласы маңындағы «Қандысайда», «Жаңалықта» жатқан мемлекет және қоғам қайраткерлерінің сүйектері ақ кебінге оралып, жаназасы оқылып алғашқы көмілген жерінен арнайы орынға жерленіп рәсімделуі міндет. Бұл бағыттағы жұмыстардың атқарылуы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі немесе облыс әкімдеріне жүктелуі тиіс шығар деген ойдамын.
Аспанды қара түнек торлаған сол зұлмат жылдары қазақтың қаймағы саналған мықты, қайсар, қайраткер қаншама азаматтарынан айырыла отырып, тамыры терең салт-дәстүрімізге сай сол арыстардың бауырлары мен ұрпақтары жария түрде аза тұтып, аналары мен жарлары жоқтауларын да айта алмады. Көкірек шерін тарқатып зарлап жылай да алған жоқ. Арымызға аруақтардың аманаты іспетті артылған қастерлі парыз атқарылса, атылып кеткен арыстарымыздың рухына тағзым жасағысы келген туған-туыстары мен ұрпақтары үшін, жады мен зердесінен өшіре алмай жүрген зиялы қауым үшін, жалпы халық үшін сауапты іс болар еді.
Рахымжан Отарбаев «Нарком Жүргенов» спектакілінде Темірбек Жүргеновтің аузына Фирдоусидің заманынан жетті деген мынадай сөзді салады. «Қаншама адам көрдім, үстінде киімі жоқ. Қаншама киім көрдім, ішінде адамы жоқ». Адамдары жартыкеш болған заманды артқа қалдырдық, бүтін, кемел ойдың адамы екендігімізді дәлелдейік.

АҢСАТ Сәби