АКАДЕМИК МЫРЗАТАЙ ЖОЛДАСБЕКОВТІҢ АТЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтындағы Академиялық ұтқырлық және халықаралық байланыстар орталығына қоғам және мемлекет қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбековтің аты берілді. Бұл туралы ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметі хабарлады.

Орталықтың лентасын Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев пен ғалымның өзі қиды.

Рәсім барысында сөз алған аймақ басшысы Кәрім Насбекұлы заманауи техникамен жабдықталған орталық жұмыс кабинетінің Мырзатай Жолдасбекұлының атына берілуі оның елге қоғам қайраткері ретінде сіңірген еселі еңбегінің, жүйелі жұмысының жемісі екенін баса айтты. Сонымен қатар  ғалымға ізгі тілегін білдіріп, институт басшылығына рақметін жеткізді.

Бұдан соң Жамбыл облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері әрі Мырзатай Жолдасбековтің ұстазы болған Баттал Жаңабаев батасын беріп, ұйымдастырушыларға алғысын жаудырды.DSC_4029

Ал, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова орталыққа ғалым есімінің берілуінің мәні мен маңызына тоқталып өтті. «Бұл орталықтың басты мақсаты – ақпараттық технологияларды заман талабына сай пайдалана отырып, жастардың ғылыми ізденісіне жол ашу, сапалы жоғарғы білікті мамандарды дайындаудағы креативті ой-пікірлерді жинақтау, тарату. Шығармашыл жастардың ортасын құрып, рухани әлемін жаңғырту, студент жастардың әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндіктер беру болып табылады. Осы ретте айта кеткім келеді, институт шет елдің жетекші жоғары оқу орындарымен, ғылыми-зерттеу институттарымен  ылғи да әріптестік байланыстар орнатып, білім беру саласын кемелдендіру мәселелері бойынша серіктестік қатынастарын нығайтып отыр», – деді Дария Пернешқызы.

Өз кезегінде ғалымның өзі жерлестерінің бұл ісіне қуанышты екендігін білдіріп, ілтипатын жеткізді. Академик орталыққа өзінің қызмет барысында 25 жыл ұстаған портфелі мен талай туындыны тудырған қаламсабын сыйға тартты.

ТарМПИ Ақпараттық-имидждік қызметі