АДАМЗАТ ӨМІРІНІҢ БАСТАУЫ – АНА

Көңілге қуаныш, айналаға нұрын шашқан көктемнің алғашқы күнінде әйел-аналар мерекесі тойланары белгілі. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, аудан әкімі Нұржан Нұржігітов ақ жаулықты аналар мен ауданның өсіп-өркендеуіне атсалысып жүрген бір топ қыз-келіншектерді қабылдады.

Кездесу барысында Нұржан Молдиярұлы табиғат тіршілігі – көктемнен басталса, адамзат өмірінің бастауын – анадан алатындығын айтып, нәзікжандылардың қоғамдағы орнына тоқталды. Өзінің көп балалы отбасында тәрбиеленгенін, әлі күнге дейін тоқсан жасқа келген қарт анасының жұмыстан келгенше алаңдап отыратынын айта келе, ана – қоғамның тірегі, адал жар, отбасының ұйытқысы, адамзат ұрпағының жалғастырушысы екендігін, сондықтан да оларға қамқорлық пен қолдау ешқашан азаймайтындығын және әйел-аналарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталды. Ел басына күн туған шақта, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарға қасқайып қарсы тұрған қазақ қыздарына, оның ішінде, қоғамның түрлі саласында қажырлы еңбек етіп жүрген байзақтық қыз-келіншектерге ризашылығын білдіріп, ақ тілегін жолдады. «Отбасының жүрегі, алтын діңгегі – ана. Әйел – ибалы қыз, инабатты келін, ана, әпке, апа, әже. Ата-бабамыз жалпы әйел затын ұрпақты тәрбиелейтін, ел мен елді ұйыстыратын, ер адамдардың ақылшысы, балаларымыздың тәрбиешісі деп қараған. Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңыз бен өздеріңізге амандық, дендеріңізге саулық, ұзақ әрі шаттыққа толы ғұмыр, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін. Әрдайым әдемі де көрікті, сүйкімді де сүйікті болып жүре беріңіздер» — деді аудан басшысы.

Бұдан соң сөз кезегін алған аналар қатарында ауданның Құрметті азаматы Идаш Агадилова, зейнеткерлер Лескүл Қойлыбаева, Светлана Цой, «Береке» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Жанат Шайділдаева өмірлік тәжірибелерін ортаға салып, мереке қарсаңында қабылдау ұйымдастырған аудан басшылығына ризашылық сезімдерін білдірді.

Сәні мен салтанаты жарасқан кездесуде әйел – аналар мен қыз-келіншектерге гүл шоқтары беріліп, аудан әкімінің Құттықтау хаттары мен сыйлықтар табысталды.

Кездесу соңы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың онлайн режім байланысы арқылы айтулы мерекемен құттықтау сәтіне жалғасты.