Абай тойы басталды!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың ұлы ойшылы, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған салтанатты шараға қатысты.

«Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаев биыл республика көлемінде және шетелдерде жыл бойы тойланатын Абай Құнанбайұлы мерейтойының шымылдығын ресми түрде ашты. Жиынға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен журналистер жиналды. Салтанатты кеш «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты мерекелік концертпен әрленіп, Хакім мұрасының көркемдік құдіреті музыка тілінде жүрек қылын шертіп, сахна төрін әнге бөледі. Қазақ киноөнерінің саңылағы Асанәлі Әшімов, күміс көмей әнші Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, мәдениет қайраткерлері Майра Мұхамедқызы, Айман Мұсақоджаева, Берік Айтжанов бастаған халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары мен талантты жастар Абай шығармашылығының сырлы күйін армансыз әуелетті.
Жиын соңында ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: —Жақында Польшада бір орталық ашылды. Таяу күндерде Прагада Абай орталығы ашылады. Одан кейін Будапешт қаласында ашылайын деп отыр. Қазір Елшіліктер мен еліміздің Ұлттық академиялық кітапханасы бірлесіп, ол жақта Абайды қалай дәріптеу керектігі жөнінде бағдарлама бекітті. Шетелде өтетін іс-шараларға абайтанушыларымыз, ғалымдарымыз барады. Бұл енді шынын айтқанда басы ғана. Мәселен, бізде Конфуций институты, Гете үйі, сонымен қатар басқа да халықтардың үлкен-үлкен тілді де үйрететін, әдебиетті де оқытатын, философиясын да танытатын және өзінің мәдениеті мен саясатын жүргізетін орталықтар баршылық. Ал, біз, Абай орталықтарын ашу арқылы қазақтың жан-дүниесін, әдет-ғұрпын, Абай шығармаларын, Әуезов бастаған өзге де қаламгерлеріміздің шығармаларын насихаттаймыз. Қазақты біле түсу үшін Абай орталықтары керек», — деді.

Тілекгүл Есдәулет