«Бәйтерек» монументін жөндеу жұмыстары жуырда бітеді

Астанада қаланың басты символы – «Бәйтерек» монументіне басталған күрделі жөндеу жұмыстары ақталуға жақын. Қазіргі күні әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысшылар жөндеуді мерзімінде – Астана ЭКСПО көрмесі басталғанға дейін аяқтауды көздеп отыр. Бұл туралы elana.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Монументтің жөндеуден кейін қалай өзгеретінін және меймандарды несімен таңғалдыратыны туралы Астана әкімдігінің медиа орталығының тілшісіне берген сұхбатында мәдениет ошағының жөндеу жұмысымен айналысатын компания өкілі Бауыржан Сағдиев баяндап берді.

— Бұл нысан тұтас қаланың символы болғандықтан қызықты. Әрі дизайнерлік шешімі де ерекше. Сондықтан дизайнерлердің идеясын толық жүзеге асыруға тырыстық. Жоба дизайнына сәйкес нысан 95 пайызға дайын. Жалпы, монументтің күрделі жөндеу жұмысы 10  маусымға дейін аяқталады, — деді Б.Сағдиев.

Еліміздің басты символының күрделі жөңдеу жұмысы биылғы жылдың басында басталды. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде жөндеу көрмеген нысанның эстетикалық келбеті көміскіленіп кетті. Бұдан былай келушілер нысанның күмбезінен жаңа көріністі тамашалай алады.

— Біз желдеткіш, ауа өткізгіш, сантехниканың барлығын жаңасына ауыстырдық. Ауа баптағыштары бар. Дизайнер стилі мен мазмұнын өзгертті. Өзгерісті нысанның ішінен ғана емес, қасбетінен-ақ байқауға болады, — деді ол. 

Күрделі жөндеуге байланысты монумент жұмысы толығымен тоқтатылды. Нысанның түстік үйлесімі – ақ және алтын реңкті болып қалды. Жөңдеуге 100-ге жуық адам жұмылдырылған. Нысандағы тозығы жеткен әрі шытынаған шыныпакеттері жаңасына ауыстырылды. Италиялық технологиямен әзірленген шыны витраждары қақаған аяз бен аптап ыстыққа шыдап ұзақ қызмет етуі тиіс.

«Барлығын алмастырдық. Күрделі жұмыс істелді. Шыны пакеттері Италияда жасалған. Өте сапалы. Ол алтынданған, сирек кездесетін шыны», — деді мердігер компанияның өкілі. 

Жобаға сәйкес, 18 шыны пакеті ауыстырылды. Сонымен бірге жеделсаты шахтасы бағандарының шыны пакеттерін ауыстырудың кешенді шаралары жүзеге асырылды. Жылу шығынын азайту үшін энергия үнемдейтін екі қабатты шыныпакеттер орнатылды. Оған қоса шыныны шытынаудан сақтап жоғары температурада жұмыс істейтін арнайы құрылымды силиконды қымтақтар пайдаланылды.

— Шынылардың арасы жылуды сақтап тұратын арнайы газбен толтырылған. Ғимараттың ішіне күрделі жөндеуден гөрі әрлеу жұмыстары көп жүргізілді. Яғни, еден төсемін мәрмәрдан төседік. Төбесі ауыр кескіндемеден тұрады, ағаш, МДФ және көпдеңгейлі төсемдер пайдаланылды, — деді ол.