101 мың адам көгілдір отынға қол жеткізеді  

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ең басты мақсат әлеуметтің әлеуетін арттыруды тапсырғаны белгілі. Осыған орай бүгінде аймақтарда атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Әсіресе, инфрақұрылым саласында жасалып жатқан игіліктер жетерлік.

Атап айтсақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бүгінде Жамбыл облысында  50 жоба іске асырылуда.  Солардың бірі көптен өзекті болып келген «Меркі-Шу-Бурылбайтал» көлік жолының құрылысы.

Жалпы қазір  600 шақырым жергілікті автожолдар мен көшелер  жөнделуде. 16,2 шақырым жаңа жол салынып, 6,2 шақырымы қайта жаңғыртылып, 30 шақырымы күрделі және 550 шақырымы орта жөндеуден өтіп жатыр.  Оған республикалық бюджеттен – 8 миллиард, жергілікті бюджеттен 6,8 миллиард теңге бөлінген.  Нәтижесінде «қанағаттанарлық жергілікті автожолдардың үлесі» 85 пайызды құрап,  2018 жылғы көрсеткіштен едәуір өскен.

Газ мәселесіне келсек,  5 ауданда 81 елді мекенді (101 мың адам) газдандыру жұмыстары басталды. Онда 101 мың адам тұрып жатыр. Жыл соңына дейін 9 елді мекенде құбыр тарту жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек,бюджеттік бағдарламаларға қол жаймай  мердігермен тікелей келісім шарт арқылы газ тарту мәселесін қарастырылу үстінде.

Бұрын бір аулаға шаққандағы жұмыстың құны 470 пен 650 мың теңге аралығында болса,  коммуналдык 2 мекемеге – «Жамбыл жылу», «Темір жол жылуға» арнайы лицензия алып беріп, аталған  баған  300 мың теңгеге дейін арзандатылып отыр. Осының нәтижесінде қосымша 32 мың халық газға қол жеткізетін болады.

Орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған 199 елді мекенде 130 мың адам су құбыры бола тұра, ауызсуды арықтан тасып ішуде. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін алты айдың шеңберінде  34 мың адам құбырға қайта  қосылған. Жыл соңына дейін тағы да 30 мың адам орталықтандырылған су жүйесіне қол жеткізеді. Бұл да коммуналдық мекемемен атқарылып жатқан жұмыстың есебінен. Бұған қоса, бюджет бойынша 18 елді мекенге су құбырлары жүргізілуде, оның 10 жобасы іске қосылады.  Осы арқылы қамту үлесі 56 пайызді діттемек.

Облыс бюджетінің кірісі өткен жылдан (2018 жылы – 251,2 миллиард теңге) 51,6 миллиард теңгеге (20 пайыз) артып, 302,8 миллиард теңгеге жетті. Нақтылау барысында Ұлттық қордан әлеуметтік салаға қосымша 9,2 миллиард  теңге бөлініп отыр.

Облыстың даму бюджеті өткен жылдан (2018 жылы – 43,6 миллард теңге) 11,5 миллиард теңгеге артып 55,1 миллиард теңгеге жетті.  Оның ішінде нігізгі қаржы тұрғын үй, жол жөндеу, әлеуметтік нысандар мәселесіне бағытталуда.

Жартыжылдың қорытындысымен бюджеттік кіріс 103,9 пайызға, меншікті кіріс 119,5 пайызға  орындалды. Бюджет 99,6 пайызға игерілді.

Әлеуметтік салада 1 қаңтардан бастап жалақысы 25 АЕК-тен (63 мың теңгеден) төмен 93 мың қызметкердің (47,3 мың адам бюджет саласы) салықтық жүктемесі 10 пайыздан 1 пайызға төмендеді.

Ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге (28 мың теңгеден 42 мыңға дейін) өсіп, бюджеттік мекемелердегі 32,6 мың қызметкердің және 4531 (барлығы 8781) жеке сектордағы 70 мыңға жуық жұмыскердің жалақысы (44,2 мың теңгеден 53,6 мыңға, 21,2 пайызға) артты.

Бұл әрине бас бармақпен бағалауға тұрарлық бастамалар. Ең бастысы бәрі ел игілігіне жасалуда.

 

Төлен Дедек