Өңір табиғаты туризмді дамытуға тиімді

Соңғы жылдары облыс аумағында ірі туристік аймақтардың ашылуы және туристік бизнес өкілдерімен ұсынылып отырған қызмет түрлерінің кеңеюі ішкі туристік ағындардың өсуіне өз септігін тигізіп, өңірімізге келіп жатқан туристердің санын арттыруда. Мәселен, 2021 жылы облысымызға 127 162 турист келген болса, өткен жылы олардың саны 135 579 адамды құрап, 106,6 пайызға өскен. Оның ішінде 2 872 шетелдік турист болса, қалған 132 707 адам басқа өңірлердің азаматтары. Бүгінде облыс аумағында 3 335 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Оның 30-ы республикалық дәрежедегі нысандар болса, 3 305-і жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Атап өтерлігі, 5 археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Олар Баласағұн, Құлан, Өрнек, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас сарай кешені. Сонымен қатар, облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашық, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ, ал, таулы бөктерде 30-дан астам шатқал орналасқан. Негізгі 65 туристік нысандар арқылы өтетін 45 жаңа туристік маршруттар әзірленіп, туристік өнімдердің саны 115-ті құрап отыр. Қазіргі уақытта облыс бойынша 206 қонақ үй, 434 тамақтану орындары, 7 шипажай, 15 демалыс орындары, 11 балаларды сауықтыру лагері, 16 туристік ұйым, 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады. Облыста 2 туристік қауымдастық тіркелген. Дәлірек айтқанда, Жамбыл облысы туристік индустрия қауымдастығы және Ішкі және кіру туризмі қауымдастығы. Сонымен қатар, облыс аумағында 3 қолөнершілер қауымдастығы да жұмыс атқаруда. Ал, облыстың туризм саласын дамыту негізгі 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады.

Субсидия салаға серпін береді

Ел Үкіметінің қолдауымен өткен жылдан бастап туристік бизнес өкілдеріне 7 позиция бойынша мемлекеттік қолдау, яғни, субсидиялау мүмкіндіктері қарастырылған. Оның ішінде, 4 позиция бойынша мемлекеттік қолдау жергілікті атқарушы органдармен жүзеге асырылады. Бизнес өкілдері туристік қызмет объектілерінің құрылысын жүргізсе, олардың шығындарының 10 пайызы өтеледі. Осы мемлекеттік қолдау шарасына сәйкес келетін Тараз қаласынан 7 жоба, Жамбыл ауданынан 1 жоба және Жуалы ауданынан 1 жоба анықталып отыр. Туристік бизнес субъектілері туристерді тасымалдауға арналған туристік автобустар сатып алатын болса, сол шығындарының 25 пайызы қайтарылады.

Республикалық автомобиль жолдарының бойындағы сервис объектілерінің құрылысы жүргізілетін болса, ол объектілердің сметалық құнының да 10 пайызындағы мөлшері туристік бизнес субъектілеріне қайтарылады. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойында туристер үшін тартымды аумақтарда және оларға алып баратын жолдарда орналасқан абаттандырылған жеке тұрған дәретханаларды күтіп-ұстауға кететін бизнес өкілдері шығындарының бір бөлігі айына 83 300 теңге көлемінде субсидияланады. Бұл позиция бойынша 2022 жылы туристік бизнес субъектілерінен 6 өтінім түсіп, мемлекеттік қолдау шаралары басталып кетті.

Өңірімізге келетін туристер санын арттырудың алғышарты – туристік инфрақұрылымды дамыту. Осы уақытқа дейін «Ақыртас», «Әулие бастау», «Тау Самалы», «Тамды», «Тау қымыз», «Баркуаб», «Қаралма» тау шаңғы кешені сияқты туристік нысандарға алып баратын автожол құрылыстары жүргізілген еді. Қазіргі таңда көп жылдар бойы ауыз су тапшы болып отырған «Ақыртас» сарай кешені биыл ауыз сумен қамтамасыз етілді. Жамбыл ауданында Тараз-Қаратау автожолының 45 шақырымында орналасқан «Таскөл» демалыс орталығында электр көзі болмаған еді, қазір электр желісін жүргізу жұмыстары атқарылуда. ЮНЕСКО- ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген «Баласағұн» қалашығына алып баратын автожол құрылысын жүргізу де жоспарланып отыр.

Туризм – әрі имидж, әрі инвестиция

Салаға инвестиция тарту мәселесі бойынша облыс кәсіпкерлерімен және шетел инвесторларымен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы әртүрлі деңгейде кездесулер өткізіліп тұрады. Облыстың туризм саласы бойынша 2023-2025 жылдары жалпы сомасы 7 миллиард 355 миллион теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Олар «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің 3 кезеңі, «Koksai resort» туристік демалыс аймағы, «Aksai resort» этно-туристік демалыс орталығы, «Асем» этно-туристік кешені, «Таскөл» демалыс орталығы және «Алмалы resort» туристік демалыс орталығы. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 96 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласына салынған инвестиция көлемі 15 миллиард 012 миллион теңгені құрап, жылдық жоспарлы көрсеткіш 146,5 пайызға орындалып отыр.

Жарнамалық-имидждік саясатты жүзеге асыру бағытында өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік әлеуетін көтеруге бағытталған ауқымды іс-шаралар өткізілуде. Мектеп оқушылары мен жастардың патриоттық сезімін дамытуға және өз өлкесін танып-білуге бағытталған «Taraz City bus» жобасы іске қосылды. Осы іс-шара аясында барлығы 36 ақпараттық тур, сол сияқты Тараз- Түркістан-Тараз бағыты бойынша да экскурсиялық турлар ұйымдастырылды.

Бұл іс-шараларға жалпы саны 2000-нан аса бала қамтылды. Еліміздің басқа өңірлерінен келген туристік бизнес өкілдеріне арналған «Тараз – өткен мен болашақтың түйіскен қаласы» атты Тараз қаласы аумағында орналасқан негізгі туристік нысандар қамтылған ақпараттық караванинг өткізілді. Бұл іс-шараға 30-дан аса туристік бизнес субъектілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Өткен жылдың 20-22 сәуірі аралығында Алматы қаласының «Атакент» сауда орталығында өткен «Туризм және Саяхат» – KITF 2022» қазақстандық халықаралық көрмесінде әлемнің 17 елінен келген 200-ден астам компаниялар алдында Жамбыл облысының таныстырылымы өткізілді. Ал, былтыр 7-8 мамырда Тянь-Шань Алатауының Мақпал шатқалында «Живая Струна» атты музыкалық фестивалі өтті.

Бұл іс-шараға Қазақстанның өзге қалаларынан келген 1000-нан аса турист қатысты. Жарнамалық-имидждік стратегияны іске асыру мақсатында мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде облыстың туристік әлеуеті туралы жарнамалық өнімдер – бейнероликтер, кәде сый өнімдері, журнал, карта, буклеттер шығарылып, туристер арасында таратылуда.

2022 жылы облыстық газеттер бетінде өңірдің туристік әлеуеті мен туристік мүмкіндіктері туралы 30-дан аса мақала жарық көрді. Сонымен қатар, облыстың туристік әлеуеті туралы мақалалар «Скат» әуекомпаниясының «Аспан» борттық журналында жариялануда.

Өскелең ұрпақ өз тарихын білуі тиіс

Облыста балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға көп көңіл бөлінуде. Өткен жылдың қыркүйек-қазан айлары аралығында мектеп оқушыларына арналған география, тарих және химия пәндері бойынша «Өмір сабақтары» (Живые уроки) пилоттық жобасы іске асырылды. Іс-шара барысында Тараз қаласының тарихына және табиғатына байланысты табиғат аясында танымдық сабақтары ұйымдастырылды. Бұл іс-шараға 200-ден астам мектеп оқушысы қамтылды. Бұл пилоттық жоба мектеп мұғалімдері мен оқушылардың қызығушылығын тудырып, биыл осы іс-шараға қамтылатын оқушылар санын 2000-ға жеткіземіз деген жоспарымыз бар.

Қазіргі таңда облыстың қонақ үйлерінде туристерді есепке алуға мүмкіндік беретін «E-QONAQ» ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде облыс аумағындағы 206 қонақүйдің 68-іне, ал Тараз қаласы аумағында орналасқан 106 қонақүйдің 55-іне «E-Qonaq» ақпараттық жүйесі орнатылды. Бұл ақпараттық жүйенің ерекшелігі, туристік ағымға есеп жүргізуге және оған талдау жасауға сонымен қатар, көші-қон бақылауын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы келушілерді орналастырумен шұғылданатын орналастыру орындарының біржолғы сыйымдылығы 6 600 төсек-орынды құрап, Ұлттық жобада 2022 жылға бекітілген көрсеткіш 105,6 пайызға артығымен орындалып отыр.

Өткен жылдың 1 қазанында киелі Тараз шаһары Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізіліп, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы статусына ие болды. Бұл іс-шараның өтуі – біздің аймақтың мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиғалардың бірі деп санауға болады. Осы қазан айының 1-4 аралығында киелі Тараз шаһарын Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енгізу рәсіміне ұштастырылған «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Көрме аясында «Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығының Х мерейтойлық маусымының салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Көрмеге әлемнің 10 елінен және Қазақстанның басқа өңірлерінен келген барлығы 204 қолөнерші қатысты.

Сонымен қатар, жыл сайын өткізілетін «Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығына да 30-дан аса халықаралық дизайнерлер мен сән сарапшылары қатысты. Биыл ақпан айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облысымызға жұмыс сапары барысында арнайы ұйымдастырылған қолөнершілер көрмесін аралады. Жалпы, көрмеге 29 қолөнер шеберлерінің ағаш, тері және киізден жасаған бұйымдары, қыш ыдыстары, панно, ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық киім үлгілері, зергерлік бұйымдар қойылды.

Өткен айда яғни, 20 наурызда Шымкент қаласында «Great Qasaq Games» республикалық этнофестивалі өтті. Этнофестивальде 17 облыс өкілдері 17 киіз үй тікті. Аталған іс-шараға Жамбыл облысынан 10 қолөнерші қатысты. Ал, 22 наурызда Тараз қаласында «Қош келдің, әз Наурыз!» мәдени іс- шарасы ұйымдастырылды. Наурыз мерекесі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағының аумағында өтті. Аталған аумақтарда Жамбыл облысының 57 қолөнершісі 12 қанаттық киіз үй және сауда-саттыққа арналған жартылай 5 киіз үйде өз бұйымдарын сатылымға шығарды.

Келешегі кемел туристік жобалар

Биыл сәуір айынан бастап «Taraz City bus» экскурсиялық автобусының жұмысы ұйымдастырылды. Жоспар бойынша аталған шара алдағы 6 ай бойы жүргізілмек. Экскурсия кезінде Тараз қаласының тарихи-мәдени орындарының яғни, «Көне Тараз» тарихи- этномәдени кешені, Тектұрмас, Айша бибі, Қарахан, Дәуітбек кесенелерінің тарихының таныстырылымы өтеді. Сонымен қатар, Тараз-Түркістан бағытында қалааралық экскурсиялық тур өткізіліп, Түркістан облысының туристік нысандары «Ақ мешіт» үңгірі, «Домалақ ана», «Арыстан баб», «Қожа Ахмет Ясауи» кесенелері» «Керуен-сарай» кешендері тамашалауға ұсынылатын болады. Іс- шараға 1900 оқушының қатысуы жоспарлануда.

Бүгінде Тараз қаласының оқушыларына арналған «Өмір сабақтары» атты тегін экскурсиялық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған экскурсиялық бағдарлама «Көне Тараз» археологиялық паркі, «Қарахан» мен «Дәуітбек» және «Айша Бибі» мен «Бабажы қатын» кесенелерін қамтиды. Іс-шараға жоспар бойынша 500-ден аса оқушы қамтылмақ. 2023 жылдың 4 ақпанында Жуалы ауданындағы Талас Алатауының Көксай шатқалында орналасқан «Koksai resort» туристік демалыс аймағының қысқы маусымының ресми түрде ашылу салтанаты өтті.

Бұл туристік аймақта туристерге спорттық және сауықтыру, мәдени және ойын-сауық қызметтерінің толық спектрі ұсынылады. Жобаның жалпы құны 3 миллиард теңгені құрайды.

Бүгінгі таңда жоба бастамашысының 550 миллион теңге жеке қаражаты жұмсалып, кешенге қажетті инфрақұрылымдар тартылды. Қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын шаңғышыларға арналған бугель және тюбинг жолдары іске қосылды. Болашақта бұл кешен тағы да қосымша нысандармен кеңейтіліп, қонақүйлер мен спорт кешендері, футбол мен баскетбол алаңдары, бассейн құрылыстары жүргізілетін болады. Осы жобаны іске асыру нәтижесінде ішкі және кіру туризмі бойынша туристік ағындардың өсуі орта есеппен 32 мың адамға жетеді деп күтілуде. Алдағы уақытта облыстың туризм саласын дамыту бойынша бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста туристерді ақпараттандыру жұмыстары қолға алынуда. Биыл туристер көп шоғырланатын орындар – «Март» сауда орталығы мен «Әулие Ата» әуежайында туристерге толық ақпарат беретін, анықтамалық қызметтің барлық ресурстары шоғырланған, бірегей туристік ақпараттық терминалдар орналастыру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл терминалдар арқылы әлеуетті туристерге облыстағы қонақүйлер, тамақтану орындары, көлік субъектілері, көрікті жерлер мен туристік маршруттар туралы толық ақпарат бір терезе қағидаты бойынша ұсынылады. Алдағы маусым айында «Тараз – шеберлер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылмақ. Халықаралық көрмені өткізудегі мақсат – өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында тәжірибе алмасу, бәсекелестікке төтеп беру және жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту.

2023 жылдың 4-6 мамыры күндері өтетін «Aspara fashion week» сән апталығы аясында облыс қолөнершілерінің қатысуымен қолөнершілер көрмесін өткізу жоспарлануда. Күні ертең яғни, 26 сәуірде Жамбыл ауданындағы Қырғыз Алатауының Алмалы шатқалында орналасқан «Алмалы resort» туристік демалыс аймағының ресми түрде ашылу салтанаты өтеді. Бүгінгі таңда жоба бастамашысының 700 миллион теңге жеке қаражаты жұмсалып, кешен құрылысының 1 кезеңі аяқталды.

Кешенде қонақүй, киіз үйлер, кафе, монша, сауна, бассейн, ойын-сауық орындары, спорт алаңдары және өзге де нысандар орналасқан. Болашақта бұл кешен тағы да қосымша нысандармен кеңейтіліп, басқа да ғимараттар құрылысы жүргізілетін болады. Қазірдің өзінде бұл кешен көптеп келіп жатқан облыс тұрғындары мен туристердің сүйікті демалыс орнына айналып, келушілерге жағымды әсер мен ұмытылмас естеліктер қалдыруда. Осындай маңызды туристік аймақтардың көптеп ашылуы әрі туристік бизнес өкілдерімен ұсынылып отырған қызмет түрлерінің кеңеюі өңірімізде туризмнің дамуына жаңа серпін беріп, облыс көлемінде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал етеді.

Біржан КҮЗЕМБЕКОВ,
Жамбыл облысы әкімдігі туризмді дамыту басқармасының басшысы.