Ән әлеміндегі Әбен

Халықтың жанына қарапайым қасиеттер жақын болса керек. Қазақи табиғатымызға тән шығармалардың көпшіліктің көңіліне қона кететіні де сондықтан. Қазіргі таңда Тараз қаласында тұратын композитор Әбен Шалқарбаевтың «Малшылар» әні өңірімізге кең тарап кетуінің өзіндік себептері бар.

Ол кезде кеңшарлар мен ұжымшарларда мал жеткілікті, малшы көп. Жыл сайын шопандардың аудандық, облыстық слеттері өтіп тұрады. Даланың сәні – төрт түлік таластық ақын Нарша Қашағанұлының шабытын оятып, «Малшылар» деген өлең жазады. Бұл – еңбек адамына деген құрмет. Құрметтің арғы жағында патриоттық, далаға деген, адал еңбекпен жүрген данаға деген алғыс жатқаны анық. Өлеңдегі:

Маң далада маңыраған марқасы,

Малшыға ыстық туған жердің әр тасы.

Дәулет тасып, алшаң басып біз жүрсек,

Ол малшының еңбегінің арқасы.

Аяздардан, аптаптардан ықпаған,

Ауырлардан, қиындықтан бұқпаған.

Арман-шыңға жеңіл жолмен шықпаған,

Малшы деген біздегі ең мықты адам, – деген жолдарды тебіренбей тыңдау мүмкін емес.

1992 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев Талас ауданына келгенде, ол кісінің алдында Әбен Шалқарбаев өзінің осы әнін орындап, алғысына бөленген екен.

Әбен Әбдікерімұлы 1995 жылы әні мен сөзін де өзі жазған «Ару қыздар» әнімен «Үкілі үміт» республикалық композиторлар байқауының лауреаты атанған. Сол жылдары өмірге келген «Достарыма» әнін (сөзі Сағи Жиенбаевтікі) бұл күнде танымал әнші Досымжан Таңатаров орындап жүр.

Әбекең Талас ауданының С.Шәкіров ауылында орта мектеп бітіріп, Талдықорған педагогикалық институтын музыка мамандығы бойынша тәмамдаған. Мектеп оқушысы кезінде ұстазы Шымкентбай Нұралиев өнерін танып баулыса, 5-сыныптан белгілі әнші-термеші Алтынбек Оразбеков басқаратын «Талас толқыны» ансамблінің ең жас мүшесі болыпты.

– Қазіргі таңда қырықтан аса әнім бар. Беріректе ақындар Ербол Қамбатыров, Асқарбек Айдаров, Марат Сахатовтың сөздеріне жақсы әндер жазылды. Әндерімді Астана мен Алматыдағы әншілер және Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері орындап жүр, – дейді композитор Әбен Шалқарбаев.

Есет ДОСАЛЫ, Тараз қаласы, aqjolgazet.kz