Әйелдердің қоғамдағы рөлі қандай?

Күні кеше жұрт болып халықаралық әйелдер күні мерекесін атап өттік. Әйелдердің қоғамдағы алатын рөлі айрықша екені даусыз. Өзінен отбасылық мүддені биік қоятын әйел-аналардың қоғам мүшесі ретінде елдік істерді де атқара алатыны тарихтан аян. Нәзікжандылардың бүгінде қоғамдағы орны мен мәртебесі қандай? Осыны анықтау үшін «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығы облыс тұрғындары арасында онлайн форматта сауалнама жүргізген болатын. Оған 3 мыңға жуық адам қатысса, қатысушылардың 13 пайызын 18-25, ал 20,7 пайызын 26-35, 34,9 пайызын 36-47, 25,3 пайызын 48-57, 5,6 пайызын 58-67, 0,5 пайызын 68-77 жас аралығындағы азаматтар құрады.

Анкета тақырыбы әйелдерге қатысты болғандықтан әйелдер қауымы бұған айтарлықтай қызығушылық танытқан. Сондай-ақ сауалнама онлайн болған соң (әлеуметтік желіге анкета жіберілгендіктен) облыстың барлық ауданының тұрғындары атсалысты.
Негізі сауалнаманы «Облыстағы қоғамдық-саяси ахуалға қандай баға бересіз?» деген сұрақпен бастадық. Респонденттердің 56,1 пайызы «бірқалыпты», 14,9 пайызы «ойдағыдай», 11,6 пайызы «тыныш», 9,1 пайызы «шиеленіскен» және 7,6 пайызы «дағдарысты» деп жауап берді. Оң пікірде жауап берушілердің үлес салмағы 82,6 пайызды құрап отыр. Дегенмен 16,7 пайыз респонденттер ахуалға алаңдаулы.
Қоғамдағы әйелдердің алатын орнына қатысты сауалға жауап берушілердің пікірінше, айтарлықтай жоғары дегені –
6,7 пайыз, жоғарысы – 36,1, орташа дегені – 49,1, ал төмені 4,1 пайыз болды. Сонымен қатар 3,4 пайыз азаматтар «білмеймін» деп жауап берген. Бұл сауалнама бүгінгі қазақ қоғамындағы әйелдердің алатын орны жоғары деген тұжырым жасауымызға негіз болып отыр.
Әйелдердiң өз мүмкiндiктерiн жүзеге асырудағы басты кедергiлері бар екен. Бұл қандай кедергі десек, 45,2 пайыз қатысушы отбасына көп көңіл бөлетін болып шықты. Қазақ әйелінің отбасы үшін жаратылғанын осы сауалнама анық дәлелдеп отыр. Респонденттің 23 пайызы мұны әйелдер қауымының өзіне-өзі сенбеуінен, 14,2 пайызы ерлердің рөлінің басым болуынан (қазақ әйелі әрдайым ерін сыйлаған), 8,7 пайызы белсенділігінің төмендігінен деген. Осы сұрақтың жалғасы ретінде «Әйелдердiң қоғамдағы басты қызметi қандай болғанын қалайсыз?» деген сауалымызға жауап берушілердің 51,3 пайызы «барлық тірліктерге үлгеруі қажет» десе, 21,8 пайызы «отбасына көп көңіл бөлуі керек», 9,7 пайызы «бала тәрбиесімен айналысқаны жөн» депті. Ал 5,1 пайызы «еріне қолғабыс болуы қажет» деген, яғни тағы сол – отбасы, бала тәрбиесі, ері. Әйелдердің тек 7,3 пайызы ғана «өз жұмысымен айналысуы керек» деп жауап берген.
Қоғамда мәселелер көп. Ал біздің әйелдер қауымын ең көп қай мәселе мазалайды екен, осыны да білуге тырыстық. Сауалнамаға қатысушылардың 39,8 пайызын отбасы, 54,4 пайызын қаржы мәселесi, 59,8 пайызын денсаулығы, 37,9 пайызын бала тәрбиесi алаңдатса, 15,3 пайызын әлеуметтік желіге кететін уақыт, 9,6 пайызын білім деңгейінің төмендігі, 20,5 пайызын жұмыссыздық, 7,9 пайызын қоғамдағы жемқорлық уайымдатады.
Жалпы респонденттердің пікірінше, әйелдердің 48,6 пайызы білім беру саласында, 30,6 пайызы сауда-саттықта, 7,5 пайызы жұмыссыз, 1,2 пайызы әкімшілік басқаруда, 4,1 пайызы денсаулық сақтау бағытында жүрсе,
5 пайызы кәсіпкерлікте еңбек етеді екен. Жалпы тіршіліктің барлық саласынан әйелдерді көретініміз хақ. Әйелдердің көпшілігі білім беру саласында екендігі жалған емес. Саудада, базар мен дүкендерде тек әйелдерді көретініміз де ақиқат. Жоғарыда айтылғандай, денсаулық мәселесі мен өзіне қарауға уақыт бөле алмауы да осыдан шығар деп ойлаймыз. Жалпы әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуына кедергі жоқ деп 61 пайызы белгілесе, 23 пайыз қатысушы кедергі бар екеніне сенімді. Кәсіпкерлікпен айналысуға барлық жағдайлар жасалмаса да әйелдер ретін тауып бұл іспен шұғылдануға бейім.
Нәзікжандылардың көбінесе уақытын неге жұмсайтынын анықтау мақсатында сұраған сауалымызға респонденттердің 77,2 пайызы үй шаруасымен уақыт жоғалтатынын айтқан. Одан кейінгі орында бала тәрбиесіне, отбасына, әлеуметтік желіге, жұмысына деген жауап тұр. Яғни әйелдердің көбіне уақытын бөлетін іс осы. Қалғандары күрт төмендеп кеткен. Мысалы, туыстарына барып тұру, құрбыларымен қыдыру, фитнес клубқа әуес болу, теледидар-радиоға және кітап оқуға деген құлшынысы рет-ретімен төмендеп кеткен.
Бүгінгі күнде әйелдерің өмір сүру деңгейін респонденттердің 13 пайызы жоғары, 45,9 пайызы орта, 25,8 пайызы ортадан жоғары, 9,7 пайызы ортадан төмен, 4,5 пайызы төмен, 1,1 пайызы өте төмен деп бағалаған. Әйелдің жағдайы қандай болса, қоғамның жағдайы да сондай деген ойды жауап берушілердің берген жауабы дәлелдеп тұрғандай.
«Қазақстанда әйел азамат Президент бола ала ма?» деген саяси сұрағымызға респонденттердің дені «әрине, бола алады» десе, келесі бөлігі «жоқ, әлі ерте» дейді. Білмеймін деп жауап бергендер де бар. Егер сауалнамаға қатысқандар әйелдер екенін ескерсек, әйелдердің өздері Президент болуға әлі ерте немесе білмеймін деп жауап беруі бізді ойландырғаны рас.
«Әйелдер неліктен жұмыссыз?» деген сауалға респонденттердің басым бөлігі мамандыққа байланысты жұмыстың жоқтығын алға тартса, одан кейінгі жауап жұмысқа тұру үшін таныстың болмауымен байланысты болып отыр. Қатысушылардың келесі бөлігі арнайы мамандықтың жоқтығын, көпбалалы болуын, жолдасының тапқан табысы жеткілікті болғанын айтқан.
Қоғамда әйелдердің өзіндік орны бар екендігі айқын. Өзін қоғамға керекпін деп сезінгенде ғана әр адамның беделі де, мәртебесі де артады. Әйелдер қауымы аман болсын! Сауалнамаға қатысқан барлық облыс жұртшылығына алғысым шексіз.

Бақыт ӘЛМҰРАТОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы, магистр, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы