Әдебиеттен хабар

Бір үйде жиюлы екен қазына мал,
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:
«Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар!..»
Ол рас, аталарың шенге алыпты,
Арзан ғып, қымбат емес, кемге алыпты.
Апыр-ай қалай бұлдаған сатқандарын,
Оқа, түйме, сылдырлақ, теңге алыпты!
Суреттер және көрдім жүзі жарқын,
Ойладым: «Оңдырған-ау, баққан халқын».
Соншама құны толық бұлды түйме,
Артында қалдырмас па жақсы даңқын.
Дедім мен: «Құтты болсын шекпеніңіз,
Артқыға қандай егін еккеніңіз?
Жусақ та денемізден кетер емес,
Сондағы тұқым шашып сепкеніңіз».
Көргенде күміс кесе, алтын аяқ,
Бір сөзді тамағыма қойдым таяп.
«Қай момынның малы бар бұл аяқта?»
Демейінше болмады, қарап жай-ақ.
Отырдым, көрсем жекіп тастар ма деп,
Шал айтты: «Көріңіздер, жасқанба!» деп.
Кесені қолыма алып қарай бердім,
Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп.

Сұлтанмахмұт Торайғыров — Бір адамға