Ұлы мақсат – ұлттар бірлігі

Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының жанынан құрылған ғылыми сараптамалық топтың «Мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам диалогы – Әділетті Қазақстан жағдайында халық бірлігін нығайтудың негізгі факторы» тақырыбында кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға сараптамалық топ жетекшісі, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков төрағалық етті.

Кеңейтілген отырысқа облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Ассамблеядағы аналар кеңесінің мүшелері мен ардагерлері, жоғары оқу орындары тәрбие бөлімдерінің мамандары, белсенді студенттер қатысты.

Отырыста сөз алған облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев аталған ғылыми сараптамалық топтың маңызы жоғары екенін айта келіп, жиынға сәттілік тіледі. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры, профессор Мұхтар Байжұманов бұл жиыннан күтері көп екенін айтып, Ассамблеяның айшықты мақсат-мүдделеріне, «Әулиеата» қазақ мәдени бірлестігінің жарқын жобаларына тоқталды.

Мұнан соң негізгі баяндамашылар кезек алды. Соның бірі – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті Рысты Керімбаева мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын пайдалану жобасының қысқаша мазмұнымен таныстырды. Рысты Қалдыханқызы өзі дайындаған жоба аясында ұлтымыздың құндылықтарын балабақша жасынан әр ұлт өкілдері сіңірсе, есейгенде де осынау достық пен құрмет сақталады деген ойды ортаға салды.

Жиын соңында аталған ғылыми сараптамалық топтың мүшесі, «Нефрос Азия» гемодиализ орталығының дәрігер үйлестірушісі Дуниядар Абдуллаевтың жұмыс үстеліне арналған кітабының тұсаукесері өтті.

Жиынды Махметғали Сарыбеков қорытындылап, алда ауқымды міндеттер тұрғанын айтып, аталған топ мүшелерінің жұмысына табыс тіледі. Сондай-ақ бірқатар белсенді азаматтар облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының Алғыс хаттарына ие болды.

Есет ДОСАЛЫ, aqjolgazet.kz