Ұлт тәрбиесіне жауаптымыз

Ұлтты тәрбиелеу дегеніміз қыз баланы тәрбиелеумен пара-пар егіз ұғым. Қазақта “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген аталы сөз бар. Осы тұста бесікті тербетер, балаға тәрбие берер қыз баланың тәрбиесі тек отбасында ғана емес,қоғам болып атсалысуымыз керек. Бұл тақырыпты қозғауыма,қолға алуыма негізгі ой қайдан туды? Тәжірибемде әрбір жасайтын, орындайтын әрекеттерім ең бірінші тақырып қаншалықты өзекті немесе салдары қандай ?- деген сұрақ пен сараптамадан бастау алады.

Көзі жасқа толған ана көмек сұрап келді. 10-сыныпта оқитын қызынан шаршағандығын айтып,басқа мектептен ауыстырып мектепке қабылдауын өтінді. Ешқандай заңнан аттай алмайтынымды түсіндіріп, мәселеге барынша қолдау көрсетуге тырысып ,тыңдадым. Бойжеткен қыз бала ата-анасына айтқанын орындатып, анасына қол жұмсауға дейін барған. Әкесі алыстан қашып жүретінін естігенде жанымды қоярға жер таппадым.Әкесі мен екеуінің арасына түсумен шаршағандығын айтқан ананың орнына кіріп өзім не айтарымды білмей іштей дал болдым. Үйдегі жалғыз інісімен басы бір шаңыраққа сыймай, інісіне не болмаса қызына басқа мектеп іздеп жатыр екен.Әрине интернаты бар мектеп. Екі баласының біреуін өткізгісі келеді. Ана байғұс басқа амал таппаған.

Бұл жерде, ата-анадан басқа өздерінен басқа ешкімнің кінәсі жоқ екендігін түсіндірдім.Балаға тәрбиені айтып түсіндіріп бермесе де, ата-ана өн бойымен өздерін ұстауларымен, қарым-қатынас мәдениетімін үлгі болады емес пе? Баланы неге кіналауымыз мүмкін?. Бала ол ақ қағаз секілді. Ата-анасы құрсағында жатып қандай сурет салды,қандай қалыпта құйды бала солай дүниеге келеді. Баланың қалыптасуында дұрыс дағдылардың иесі де ата-ана. Анасына үйдегі ахуалды реттеу үшін де өзінің жауапты екенін, кеткен қателіктердің орнын толтыру үшін де өзінің өзгеруі керектігіне бағыт-бағдарымды бердім. Менің берген қолдауым мен жақсы сөздерімді тыңдаған ана неге келгенін ұмытқандай болды. Біресе жылады, біресе күлді. «Сіздің айтқаныңызды жасап көрейін, өзім өзгеруге тырысам»-деді күлімсіреп. Есіктен шығып бара жатып телефон номерімді беруімді өтінді.

Бұл бір ғана мысал. Жаулығын қолына ұстап көз жасын сүрткен қөазіргі қоғамның анасы. Баяғы айтқан сөзі мірдің оғындай Қарашаш анамыз, әр сөзі дертке дауа Зере, Ұлжан, Домалақ аналарымыздың көлеңкесіне де зәру болдық па? Қазіргі қоғамдағы бұрыш бұрышта темекі шеккен, ішімдікпен бос уақыт өткізген, үлкенді сыйлауды білмейтін, өз ата-анасынан безген, әдеп пен ибалылықтан жұрдай болған қыздарымызды көргенде қоғамды да емес ,ата-ананы кіналаймыз.. Басымызға қандай іс түссе де, аштықта да қолтығындағы баласын жауға да, жұртқа да тастамаған халықтың ұрпағы емес пе едік? Қазіргі қоғамда болашақ ұлттың анасына айналатын қыз баланың тәрбиесі қолдан түсіріп алмау,сындырып алмауымыз керек шыны секілді асқан жауапкершілікпен қарау маңызды болып отыр. Жаһандану жағдайына ұмтылған сайын оның кері әсері де тиіп жатқанын сеземіз. Ұлттың құндылықтарымызды дәріптейтін үлкендер де азая түсіп, мұрнына иісі бармайтын ,интернетке телмірген «робот» ұрпақ қалыптасып келеді. Айтқалы отырған сөзімнің төркінін түсінген боларсыздар.Әрине, қыз тәрбиесі…… Бұрын қалай еді?
Ата-бабамыз қызға «қонақ» деп төрден орын беріп, парасаттылыққа баулып өсірген. Қазекем өрісін кеңейтер қыз баланың тәрбиесін басты назарға алып, сыпайы, ізетті де ісмер, қылықты болуын қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркелетпеген. Қызға «жат жұрттық» қонақ ретінде жас күнінен отбасының бірлігін сақтаушы, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берген. «Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, оның жүріс-тұрысы мен киім киісі – тәрбиенің негізі. Мойындау керек, кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Күн көрістің қамы дейміз бе, жоқ әлде жұмысбастылықтан ба бала тәрбиесіне көңіл бөлу азайғандай. Міне, қоғамымызға өз қолымыздан келеңсіз жағдай тудырып алдық. Қыз отбасында анаға қарап бой түзейді, үлгі алады. Оны болашақ өмірге дайындайтын да сол анасы. Бір ғана мысал алайық, анам мені үй шаруасына бейімдеу үшін «бір жағымда жүр» деп кішкентайымнан үй тіршілігіне араластырып өсірді.Әжеміз ою ойғызып,алаша тоқуға отырғызатын, жеңгеміздің қасында күбі пісіп, май алып, тамақ жауды үйрендік. Өз киізіңді өздерің тігіңдер деп сырмаққа ою бастыртатын. Мен осылайша анамның,әжемнің, жеңгемнің бір жағында жүріп, көзбен көріп, біраз нәрсені үйрен¬дім. Айтып істеген бір бөлек, көзбен көргенің жадыда жақсы сақталады емес пе?! Міне, анамның сол кезде үйреткен дүниесі кәдеме жарап өз қызымызға соны көрсеттік. Болашақ өміріме қажетті азықты бала күнімнен үйреткеніне қуанамын. «Шеше көрген тон пішер» деген осы болса керек-ті.ал қазір осы айтқандардың біреуін де қыздарымыз істей алмайды. Бұл ащы шындық!

Жоғарыда айтқандай, отбасындағы қыз тәрбиесіне тек ана жауапты деген сөз емес. Әкенің де қыз бала тәрбиесінде атқаратын рөлі ерекше. Бала күнімізде әкеміздің қабағынан именетінбіз. Әкеміз бетімізге қарсы келіп ұрыспайды. Ақырындап анамызға айтады. Анамыз бізге «әкелерің айтып жатыр» дейді. Бізге осы да жеткілікті болатын. Содан сап тыйылатынбыз. Ал, қазіргі әкелер қыздарына қалай тәрбие беріп жатыр? Оның тәрбиесінде қатаңдық керек пе? «Қызға қырық үйден тыйым» дейді дана халқымыз. Сол себепті қыз тәрбиесінде кей дүниеден тыйып ұстағанымыз абзалырақ.
Қыз тәрбиесін тек әке анаға ысырып тастауға да әбестік болар,себебі қоғамның, өскен ортасының, білім алатын мектептің де бала тәрбиесіне тигізер ықпалы орасан.
Осы мақсатта, білім ордамызда «Томирис» қыздар ұйымын ашуға бел будым. Мектепте оқып жүрген кезімде директордың тәрбие орынбасары болған Ерниязова Бейбіт ұстазымның «сыныпта қыздар қандай болса, ол сыныптағы ер балалар да солай қалыптасады. Отбасында да солай емес пе ,әкеміз кейде анамызды тыңдайды, анаң ашуланбаса әкең де тыныш, анаң дауыс көтермесе әкең босқа ашуланбайды, сынып та сондай бір отбасындай болу керексіңдер, ал сыныптың қыз балалары сол сыныптың ұйытқысы болуға тиіссіңдер,сыныптағы ахуал сендерге байланысты » деп үлкен жауапкершілік жүктеген еді. Сол тәрбие әлі құлағымда сайрап жатыр.
Апта сайын дағдыға айналған «директор сағаты» жобамды осы тақырыпқа арнадым. Бұл жобам аясында білім ордадағы әр түрлі мәселелерді анықтай отырып, оның шешу жолдарын қарастыруды,әр түрлі танымал адамдардың еңбегі мен өмір жолын насихаттауды, білім алушыларға психологиялық қолдау көрсетуді қолға алдым.
Аталған шара «қыз өссе клдің көркі» тақырыбында өтті. Шараға Астана қ. «Аmanat» партиясы филиалы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңес мүшесі, «Мирас» қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Астана қ. Аналар кеңесінің мүшесі,Ұлттық тәрбие беретін «Қара шаңырақ» және «Ертегі-ел ертеңі» және «Ана алақаны», «Qazaq alemi», «Саржайлау этнолагері» жобаларының авторы, Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының, «ЕлАна» қоғамдық, танымдық, әлеуметтік, ақпараттық сайтының үйлестіруші тілшісі Шәкен Тұрар Саттарқызы мен «Қыз өссе елдің көркі» кітабының авторы Әсел Қайратқызын қонаққа шақырып, «Томирис» қыздар клубының тұсауын кестім.
Келген қонақтар қыз бала тәрбиесіне қатысты көптеген сұрақтарға жауап берді. Қазіргі қоғамдағы әртүрлі құқықбұзушылық мен келеңсіздіктерді тілге тиек етіп, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпауға, ата-ананы құрметтеуге, әдеп пен инабаттылықты ту етіп ұстауға шақырды. Білімді болудың алғы шарты кітап оқу болса, Тұрар Саттарқызы қыздар ұйымына бірнеше кітап тарту етті.Ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылығының маңызын дамытуға үлес қосып жүрген Тұрар апамыздың әрбір сөзіне қыздарымыз ойлана қарады. Бос уақыттарын тиімді ұйымдастырудың жолдары , армандаудың маңызы, әр іс әрекетке үмітпен, жақсылықпен қарауды Әсел Қайратқызы жақсы түсіндірді.Мектепте оқып жүрген кезінде кітапхана сөрелерінен қызық тілінде жазылған кітаптардың болмағанына қапалана қараған қаршадай Әсел, қазақша кітап шығаруды мақсат еткен. Жас болса, қоғамға өзіндік үлесін қосып жүрген қазақ аруы. Қазіргі қоғамда адамға керегі де, жетпейтіні де -мейірім болса, сонымен қатар сөз мәдениетінің де орны ерекше.Қыздарымызға әдемі сөйлеу туралы, кітап оқу, үздіксіз іздену,үлкенді құрметтеу, кішілерге ізет көрсету секілді қасиеттер туралы айтылды.
Ертеңгі ұрпақты тәрбиелейтін – қыз . «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтереді емес пе?! Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, болашақ ұрпақтың анасы екенін мектеп қабырғасында да тәрбиемен ұштасып айтылып отыру маңызды деп ойлаймын. Себебі, қазіргі қоғамның балалары көргенін жасайды,ойлары өте ұшқыр, дербес, көрсеткеніңді тез қағып алатын адамдар. Үлкендер кейде сол кішкентай адамдардың тілінде түсіндіруге де тиіспіз. Сол үшін де мектептегі мұғалім мен тәрбие ісімен айналысатын әр адам жауаптымыз.Бала,қыз тәрбиесін тек отбасыға да ысырып тастай алмаймыз. Бала мектепке дейін қандай қалыппен қаланды, қалай бар солай қыбылдаймыз. Ол отбасында солай болыпты деу ұлт болашағына немқұрайлылық таныту деп есептеймін. Ұрпақ тәрбиесіне қоғам , әрбір адам жауапты деп ойлаймын. Сондықтан білім ордаларындағы қыздар, ер балалар, ана-әке мектептері жұмыстарын жандандыру маңызды болар.
Олай болса, ұрпақ мүддесіне, ұлт болашағына тамшыдай болса да ықпал етуді әр адам міндет ретінде санаса жақсы болар еді.

 

Ақмола облысы білім басқармасының
Нұр-Сұлтан қаласындағы «№2 «Дарын»
лицей-мектеп-интернат басшысы

Шамуратова Рысжан Шерниязовна