Ұ.Байжанов: Академия Орталық Азия елдері үшін мамандар дайындамақ

Бүгін Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ұлан Байжанов ЕҚЫҰ Экономика және қоршаған орта саласы департаментінің басшысы Андрей Мунтянмен кездесті.

Ұлан Байжанов кездесуді аша отырып, ЕҚЫҰ заманауи қауіп-қатерлерге қарсы сәйкес шараларды әзірлеуде мемлекеттердің бірігуіне ықпал ете отырып, қырық жыл бойы бүкіл әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын нығайтуға елеулі үлесін қосып келе жатқанын атап өтті.

Бұл тұрғыда Өңірлік хабты құруда Академия бастамаларын қолдау ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі қағидаларына адалдығының белгісі болып табылады. Осыған орай Академия ректоры халықаралық ұйым өкіліне жобаны жылжытуда қолдау көрсетіп отырғаны үшін алғысын білдірді.

Қазақстанға сапары барысында Андрей Мунтян Президенттік резервте тұрған қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарының жұмысына қатысатын болады. Осы орайда Ұ.Байжанов шетелдік қонаққа қылмыстылықпен күрестің озық тәжірибесімен бөлісуге дайындығы үшін алғысын білдірді.

Тараптар бұдан бұрын келісілген мәселелердің жүзеге асырылу барысын, 2017 жылға арналған екіжақты өзара әрекеттестікті дамытудың басты бағыттарын талқылап өтті, бірлескен жобаларды жүзеге асыруда алдағы ынтымақтастық туралы пікірлерімен бөлісті.

Ұ.Байжанов келген қонаққа хаб құру жұмысы бойынша кейбір аралық кезеңдердің аяқталуы туралы ақпарат беріп, алға қойылған міндеттермен таныстырып өтті. Өзара қарым-қатынасты нығайтудың сапалы жаңа әдістерін ұсынды.

«Жақын уақытта Академия БҰҰ-ның Есірткі және қылмыстылық жөніндегі басқармасымен хаб құру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, Орталық Азия өңірі елдері үшін мамандарды даярлауға кірісуді жоспарлап отыр», — деп атап өтті Академия ректоры. 

Андрей Мунтян өзін жылы қабылдағаны үшін және ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша өзара пікір және жұмыс тәжірибесімен алмасу мүмкіндігі үшін алғысын білдірді. ЕҚЫҰ өкілі ғылыми-білім беру саласын жаһандық және өңірлік проблемаларды шешудің құралы ретінде тиімді пайдалануға Академияның  қосқан үлесін ерекше атап, ынтымақтастық деңгейіне жоғары баға берді.

Кездесу толық түсіністік жағдайында өтті, сондай-ақ Академия мен ЕҚЫҰ арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды орнатудың оң динамикасын бекітуге мүмкіндік берді.

Бас прокуратураның жанындағы

Құқық қорғау органдары академиясының

баспасөз қызметі