Үкімет басшысының министрлерге арнайы тапсырмасы  

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметі отырысы барысында Қазақстанда жекешелендіруді жүргізу барысы қаралды.

Онда Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады. Бақыт Сұлтанов баяндамасында: «Мемлекет басшысы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы аясында мемлекеттік органдардың ведомствоға қарасты ұйымдарын қысқарту есебінен кеңейтумен жекешелендіру жоспарын іске асыруды жылдамдатуды, сондай-ақ әкімшілік шығындарды азайту үшін мемлекеттік органдардың ведомствоға қарасты ұйымдарды мүмкіндігінше шоғырландыруды тапсырды.

Қазіргі уақытта 2016-2020 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары 904 объектіні қамтиды. Олардың 876 объектісі туралы толық ақпараттар gosreestr.kz веб-порталына шығарылды. Бұл тізімге қайта құрылатын және қайта тіркеуден өтетін 28 республикалық меншік объектісі енгізілген жоқ. Екі жыл ішінде Кешенді жоспардың 476 объектісі сауда-саттыққа шығарылып, 164 млрд теңге сомаға 367-сі сатылды. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 255 объекті қайта ұйымдастырылу және таратылу сатысында. Жалпы Жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалуы 71 пайызды құрайды. 2017 жылы сауда-саттыққа шығаруға 463 объекті жоспарланған. Жоспар 97 пайыз орындалды: 289 объекті сауда-саттыққа шығарылып, оның 190-ы сатылды. 162 объекті қайта ұйымдастырылды және таратылды. 12 объекті ауыртпалықтарға байланысты 2018 жылға ауыстырылды. Министрлік ұсынған талдау объектілерді өткізу қарқыны жылдамдағанын көрсетті. Осылайша, 2017 жылы өткізушілік өткен кезеңдегі сәйкес көрсеткіштен 15 пайыз асты. Сатылған объектілердің бағасы олардың теңгерімдік құнынан 8 пайыз асты. Бұрынғыдай сатудың негізгі әдісі аукцион мен тендер болып қалды – 73 пайыз. _Өткізіліп жатқан жекешелендіруге қызығушылық едәуір артты.

Сауда алаңына белсенді келушілер саны 12 пайызға артты. Бұдан өзге, сауда-саттықтағы бәсекелестік артты — бір сауда-саттыққа қатысушылардың орташа саны шамамен 4-5 құрайды, ал бұған дейін олар 3-тен аспайтын», — деп мәлімдеді. Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов: «Мемлекеттік меншіктегі ірі объектілерді және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның активтерін жекешелендіру мәселелері тұрақты негізде ҚР экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссиясында қаралады. Мемлекеттік комиссияның ұсынысы негізінде жекешелендіруге жататын ұйымдардың тізбесі мемлекеттік меншіктегі бес ұйымды және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның бір объектісін алып тастау арқылы өзектендіріледі. Қазіргі уақытта ҚР Үкіметі қаулысының сәйкес жобасы әзірленді, ол мемлекеттік органдарда келісуде жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында ҚР ҰЭМ барлық мүдделі тараптың қатысуымен мемлекеттік органдардың бағынышты ұйымдарын толық түгендеу жүргізу үшін жұмыс тобын құрады. Осылайша, жекешелендіруге жататын объектілер тізбесін жаңарту бойынша алдағы жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде жүзеге асырылатын болады», — деді.

Жекешелендіру жүргізу барысы бойынша сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарушы директоры Нұрлан Рахметов, «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасының орынбасары Ғалымжан Тәжияқов, «Қазагро» ҰБХ басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлелов түсініктеме берді. Талқылау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдар мен холдингтердің басшыларына объектілерді сату кестесін сақтау қажеттігі туралы еске салып, оларды бекітілген мерзімдерде өткізуді тапсырды.

Премьер-Министр айтып өткендей, Мемлекет басшысының жекешелендіруді жүргізу бойынша тапсырмасы 2018 жылдың соңына дейін орындалуы тиіс. Ешқандай дәлелдер қабылданбайды. Бақытжан Сағынтаев жекешелендіруді жүргізу барысын кім орындап жатқанын және кім қалып келе жатқанын көрсете отырып, тоқсан сайын тексеруді тапсырды. Тапсырмалардың орындалуын бақылау Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа жүктелді