Қызғалдаққа да құрмет керек

Қазақстан – қызғалдақтың отаны дейміз. Көктем келе бүкіл қазақ даласы қызыл түске оранып, елдің оңтүстік өңірі наурызда-ақ гүлдеп сала береді. Жылына бар болғаны 15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақ таулы өңірде де, жазық далада да көздің жауын алардай құлпырып шыға келеді.
Биыл көктем кеш келіп, ауа райының суық болуымен жылдағы жерді қызыл кілемге бөлейтін гүл атасы көзге түспейді. Сәуір айында жайқала өсетін «Грейг» қызғалдағы бұл маңның символына айналып кеткелі қашан. Алыс- жақын шетелден туристер де осы сұлулықты тамашалауға арнайы келетін. Дархан даланың құдіретін көріп, тамсанған олар «қазақ елінің табиғаты кімді де болсын қызықтырмай қоймайды» дейді.
«Грейг» қызғалдағы лалагүлділер тұқымдасына жатады. Саны жыл сайын азайып бара жатқандықтан, сирек кездеседі. Солтүстік шөлден (Қызылорда қаласының маңынан) Батыс Тянь-Шань, Қаратау, Қырғыз жотасынан Шу-Іле тауларына және Іле Алатауының шығыс бөлігіне (Қордай асуына) дейін кездеседі. Қазақстан жерінде шамалы ғана шығады. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман қоры жерінде «Берікқара» ерекше қорғалатын табиғи аумағында, «Құлантау» және «Бөкейтау» айналымдарында өседі.
Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілгеннен кейін «Кауфман» және «Грейг» қызғалдағын заңсыз жұлу ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабында көзделген қылмыстық жауапкершілікпен қара лады. Құқықбұзушының әрекеті дәлелденген жағдайда оған сот шешімімен 3 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, яғни 10 миллион теңгеден асатын айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін екендігін бірі білсе, бірі білмес. Сондықтан табиғатты аялап, қызғалдақты жұлмайық.

Гүлмира ЖАБАҒИЕВА,
облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің бас маманы.