Қытай жазушысы қазақша сөйледі

Заманауи қытай жазушысы Ван Мэннің «Әсем көріністі өлке» атты кітабы қазақ тіліне аударылып, «Шығыс әдебиеті» баспасынан басылып, тұсаукесері Алматыда өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында өткен кітаптың тұсаукесерін «Көршілес» халықаралық журналының атқарушы бас редакторы Саят Қамшыгер жүргізіп отырды.
Тұсаукесерді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті деканының орынбасары Салтанат Жақыпбаева мен Алматы қаласындағы Қытай Халық республикасы бас консулының орынбасары Чжун Хуа өз сөздерімен ашты. Жазушы Ван Мэн 89 жасқа келсе де Бейжіңнен қазақ тілінде онлайн сөйлеп қазақ оқырмандарына тілегін айтты. Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы сөз алып, қытай-қазақ әдеби байланыстарына жан-жақты тоқталып, Ван Мэннің шығармашылығына тоқталды. Қазақстан Жазушылар одағының Аударма секциясының төрағасы Заманбек Әбдешұлы әдеби байланыстар, аударма мәселесі жайында өз ойын өрбітті.

Қытайдағы «Жаңа әлем» баспасының директоры Ли Чунькай жиынға онлайн қосылып, сөз алды. ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының төрағасы Әділ Қойтанов өз сөзінде аударма кітап жайлы жоғары пікірде екенін жеткізді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институлы директорының орынбасары Төрәлі Қыдыр Шығыс әдебиеті мен қытай әдебиетіндегі ұқсас сарындар жайлы сөйлеп, жазушының романына тоқталды. Қытайтанушы ғалым Нәбижан Мұқаметқанұлы романды қытай тілінен оқығанын айтып, болашақта қазақ тіліне аударылған нұсқасын салыстырып отырып талдау мақаласын жазатынын тілге тиек етті.

ҚР Ұлттық кітапханасынан келген өкіл Қамия Қадай роман туралы ой-пікірімен бөлісті. Ван Мэннің осы «Әсем көріністі өлке» кітабының редакторы Ләйлә Ноғайбекқызы шығарманың ерекшеліктеріне, жазушының суреттеулері мен тіліне шолу жасады. Тұсаукесерді қорытындылаған Мәскеуден арнайы келген «Шанс» кітап дүкендері желісінің құрылтайшысы әрі басшысы Му Пин алдағы уақытта да аударма саласын дамыту үшін әдебиеттерді бір елден екінші елге танытып тұру жұмысы жалғасатынын айтты. Қазақ қаламгерлерінің де кітаптары басқа тілдерге аударылуына ықпал ететінін баса айтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайтану кафедрасының оқытушылары жасаған кітап көрмесі тұсаукесерге келген жандардың көзайымына айналды.