Құсбегілік өнерді кәсіп еткен әулет

Саятшылық, құсбегілік өнердің қазақ даласында ерте кезеңдерден бері қалыптасып, дамығаны белгілі. Бүгінде осы ұлттық дәстүрімізді ұмыт қалдырмай, бабадан балаға қалған бекзат өнерді жалғап жүрген жандар бар. Соның бірі – Нұржан Ешметов. Өрнек ауылы тұрғынының құсбегілік өнерге келу жолы жерлестері үшін таңсық емес. Өйткені оның бабалары бұл кәсіптің қыр-сырын, бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулуды шебер меңгерген.

Мәселен, түп атасы Тұрғанбай, атасы Ешмет және әкесі Бауыржан ит жүгіртіп, құс салған, құралайды көзге атқан мергендер болған екен. Ал әкесінің нағашылары Әзімбет, Бегімбет, Нарымбет пен Күнімбай да құсбегілік өнерден алыс болмаған. Перзентінің елден жырақ кетіп қалмай, ауылда жүргенін қалаған әкесі ұлын оқушы кезінен құсбегілік өнерге баулыған.

– Құсбегілік өнер – ата кәсібіміз. Бабаларым өз заманында тілсіз тіршілік иесімен тілдесіп, қыран құстарды айтқанына көндіре білген. Әкем Бауыржан да қанға сіңген қасиетті өнердің қамқоршысы болған адам. Бала күнімнен мені осынау қасиетті өнерге баулып, құстардың бабын табуды, оны түрге, текке жіктеп, сүйек бітімін, мінез-құлқын, жасы мен ерекшеліктерін айыра білуге үйретті. Біле білгенге, құсбегілік – жеңіл өнер емес. Бүркітті тауда тор құрып ұстайды. Кейде балапанын қияға өрлеп барып, ұядан алады. Шындығында, бүркітті қолға үйрету өте қиын. Сақ болмасаңыз, ашуланып, шоқып, бүріп иесін жаралы етуі де мүмкін. Ал осындай қиындыққа төзу айтуға ғана оңай. Бүркітті аңға салған кезде де өте қырағылық керек. Түлкіге түскен бүркітті жылдам жетіп, тез ажыратып алу қажет. Түлкі ретін тауып бүркітті теуіп жібермей тұрғанда қимылдаған дұрыс. Түлкі теуіп үлгерсе, құстың беті қайтып қалады, – дейді құсбегі Нұржан.

Бүгінде Нұржанның бауырлары Ержан, Сержан мен Мейіржан да тазы жүгіртіп, құс салады. Ержан құсбегіліктен ел құрамасының белді мүшесі. Ал оның балалары Ғазизхан мен Ғизатхан – ең жас құсбегілер. Сондай-ақ Нұржанның перзенттері Тұрнияз бен Шернияз да құсбегілік өнерге бейімделіп өсіп келеді. Тіпті қызы Кәусар да бүркіттің әр қадамын бақылауға құмар. Қысқасы, бұл әулеттің ақсақалынан бастап, еңбектеген сәбиіне дейін құсбегілік өнерді серік еткендер.

Құсбегінің айтуынша, жас бүркіттердің бабын келтіру қиынның қиыны екен. Ал оларды аңға салған сайын шеберлігі артып, шыңдала түседі. Нұржан өз сөзінде өңірдегі спорт саласының басшылары құсбегіліктің қиындығын түсініп, қолдау білдірсе әрі Жамбыл жерінде бүркітшілер жарысы жиі өтіп тұрса деген тілегін жеткізді.

– Негізінен, бүркіттер жүз жылға дейін жасай береді. Бірақ біз оларды балапан кезінен таудан, таудың қия құздарындағы ұядан аламыз. Қыран баласын екі айда ұшырады. Біз сол 50-55 күндік балапанды ұстап әкетеміз. Негізі, 3 жастағы жас бүркітті ұстап, қолға үйрету тиімді. Себебі балапаны ебедейсіздеу болады. Ал баптаған жас бүркіттер ширақ қимылдайды. Жас бүркітті қанат және құйрығының астындағы әппақ жүні арқылы ажыратуға болады. Егде тартқан сайын әлгі ақ жүн қара түске айнала бастайды. Әр бүркіттің бірнеше ұясы болады. Әрине, олар да сақтықты шебер меңгерген. Құсбегілерді шатастыру үшін ұяларын ауыстырып, ізін жасырып отырады. Бұл өнер жолында талай рет жанымызды шүберекке түйдік, тәуекелге бел байладық. Әлбетте, мұның барлығы бекзада өнерге деген құмарлығымыздан. Әйтпесе, бізді ешкім қинамайды ғой. Қыран құсты ұстау оңай шаруа емес. Алдымен құстың арнайы орнын жасақтайсың, ішіне пешке дейін орнатып, жылытып отырасың. Ең қиыны жас бүркіттердің бабын келтіру. Оларды аңға салған сайын шеберлігі артып, шыңдала береді.

Бүркітті шамамен 12-13 жыл ұстап, одан кейін тауға апарып, ұшырып жібереміз. Өзінің табиғатымен өмір сүрсін дейміз. Сонша жыл баптаған құсыңды қимайсың. Десе де, амал жоқ. Еркіндікке ұшырып жібермесек, обалына қаламыз. Қорыта айтқанда, құсбегілік – айрықша көңіл бөлуді қажет ететін өнер, – деді Нұржан Бауыржанұлы.

Есен ӨТЕУЛІ Жамбыл ауданы