Ренжісіп қалып, үш күннен артық сөйлеспесе не болады?

Сұрақ:

Pенжісіп қалған кісімен қайта тіл табысып кету өте қиын. Сонда үш күннен артық сөйлеспей жүру қаншалықты ауыр күнә саналады?

Жауап:

Болмысы мейрімділік пен сүйіспеншіліктен тұратын Ислам діні араздасуды бақытсыздардың мекені – тозаққа апаратын іс деп есептейді. Сондықтан, Алла елшісі (с.ғ.с): «Мұсылман өзінің мұсылман бауырымен үш күннен артық біржола қатынасын үзіп, кезіккен кездерінде бір-біріне теріс қарап өтулері халал емес. Жақсысы бірінші болып сәлем бергені (кешіргені)»[1] деп бірінші болып кешіру қолдан жіберіп алмайтын қайырлы іс екенін ескерткен.

Қасиетті Құранда: «(бір-біріне шапағатшы етіп) иман еткендерді ұрпақтарына қосамыз. Істеген амалдарынан (имани достықтан болған) ешнәрсені кемітпейміз»[2] аятының мәнісі қиямет күні бір шаңырақтың адамдары бір-біріне шапағат етіп қосылатыны сияқты имани бауырлардың да бір-біріне шапағатшы болатыны, дүниедегі достықтары мәңгілік өмірде жалғасын табатыны айтылған[3]. Хадисте: «Бауырларыңды көбейтіңдер. Расында қиямет күні әрбір мүмін (бауырына)шапағатшы болады»[4] дегенін ақыретке иман еткен әркім жадында сақтауы тиіс. Сондықтан, бауырларымызға үш күннен артық ренжімеуге тырысқанымыз жөн.

Абдусамад Оқан