Павлодар облысының Кенжекөл ауылында жаңа Мәдениет үйі ашылды

Жаңа мәдениет үйінде мәжіліс және би залдарынан бөлек мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кабинет те бар. Мәдениет үйінің ашылуына қатысқан Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов облыс орталығының жанындағы ауылға Мәдениет үйі аса қажет екендігін айтты. 

– Біріншіден, Кенжекөл Павлодар қаласының құрамындағы ауыл, ауылдық округтің құрамындағы ауылдарды есепке алғанда мұнда 11 мыңнан астам адам тұрады, – деді аймақ басшысы. – Облыс әкімі ретінде осы мәселе шешімін тапқаны мен үшін аса маңызды. Бұған дейін біз қала маңындағы Жаңауыл, Ленин және Теміржолшылар кенттерінде мәдениет үйлерін ашқан едік. Жаңа мәдениет ошағы бос тұрмайды деп сенемін. Бұл ауылдықтардың белсенділігіне байланысты.

Мәдениет үйінің жалпы аумағы 1,4 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда 300 орындық мәжіліс залы, би залы және екі үйірме бөлмесі бар.

– Бұрын ауылдықтар үшін концерт немесе мерекелік шара өткізу қиындық туғызатын, – дейді ауыл тұрғыны Тұрсын Сүлейменов. – Енді, ауыл тұрғындары мұнда жиналып, ән-күй тыңдап, жаңалықтармен бөлісе алады.

Мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған реабилитация кабинеті де бар. Мүгедектерді өзі де арбаға таңылған Бақберген Қаламұш қабылдайды. Ол әскер қатарында жүргенде жарақат алған еді.

– Осы жағдайдан кейін қимыл-қозғалыс аппаратының бұзушылықтары бар ауылдастарым мен өзге де адамдарға көмектесуге шешім қабылдадым, – дейді Бақберген. – Осы мақсатта «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында оқытудан өтіп, грант ұтып алдым. Мүгедектерге арналған тренажер залын ашу үшін көп уақыт бойы қажетті үй-жай іздедік. Облыс әкімінің қабылдауына жазылып, өтінішімді айтқан соң, Болат Жұмабекұлы көмектесуге уәде берді. Бүгін ол  уәдесін орындады.

Кабинетке қажетті құрал-жабдықтар ERG компаниясының атынан берілген 5 млн теңге грант есебінен сатып алынды. Бақберген Қаламұш бұған дейін Ақсу ферроқорытпалар зауытында жұмыс істегендіктен, Еуразиялық топ өкілдері кәсіпорынның бұрынғы қызметкерін қолдау туралы шешім қабылдады.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған