«Парыз» байқауынан жүлделі оралды

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап кәсіпкерлік, жалпы бизнес саласына ерекше қамқорлық жасап келе жатқан Үкіметіміз осы бизнес құрылымдарының аяғынан тік тұруының барлық алғышарттарын жасай отырып, енді келесі кезекте бизнестің мемлекетке, соның ішінде әлеуметтік салаға қол ұшын созуы қажеттігін баса тапсырған болатын.

Осының негізінде 2008 жылдың қаңтарында Жезқазған қаласында өткен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы форумда Мемлекет басшысы «Парыз» – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауы» туралы Жарлыққа қол қойғандығын жариялаған еді. «Парыз» – мемлекеттің бизнеске және олардың өзара бірлесуі арқасында елімізді бастан кешіп отырған экономикалық тығырықтан алып шығатындығына деген сенімі.

Бұл жолдау бизнес құрылымдардың еліміздің әлеуметтік мәселелерін шешуге деген ынтасын арттырды. «Парыз» байқауы әлеуметтік жауапкершілікті бизнестің жобалары мен бағдарламаларының дамуын жүзеге асыратын, тиісті компаниялардың стандарттары мен өлшемдерін қалыптастыратын, әлеуметтік тәжірибелердің түрлі формаларын дамытатын технологияға айналды.

Сөйтіп, осы байқаудың арқасында кәсіпорындар өзара бәсекелестікке түсіп, өздерінің әлеуметтік жобаларын іске асыра бастады. Бұл бір жағынан өздеріне тиімді болса, екінші жағынан елімізде әлеуметтік жауапкершілікті бизнестің дамуына қарқын берді.

Негізінен аталған байқау төрт номинация бойынша өткізіліп келеді. Олардың біріншісі – «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын». Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің қызметі қаралады.

Екінші номинациясы – «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын». Бұл номинацияда еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады.

Үшінші – «Үздік ұжымдық шарт». Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады.

Төртіншісі – «Экологияға қосқан үлесі үшін». Бұл номинацияда қоршаған орта жағдайын жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады.

Он бесінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан мұндай мемлекеттік маңызды шараға біздің облысымыздың да жеке кәсіпкерлік субъектілері атсалысып, өз үлестерін қосып келеді.

Бір айта кететіні, еліміздегі жеке кәсіпкерлік секторының қарқындап дамуымен конкурс талаптары да жылдан жылға күрделеніп келеді. Облыстық басқарма мамандарының жүргізген жұмыстарының нәтижесінде былтырғы жылы республикалық «Парыз» конкурсына қатысатын 30 жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құжаттары дайындалып, үміткер ретінде республикаға жолданды.

Экономикалық дағдарыстан кейінгі уақыт болуына қарамастан, үміткерлер санының өсуі облыстағы бизнестің әлеуметтік қызметінің жетілдірілгенін, лайықты жұмыспен қамтамасыз ету және қоғамдық келісімдерге жағдай жасаудың жолға қойылғандығын, осы кәсіпорындар арасында салауатты бәсеке жағдайының қалыптасқандығын көрсетсе керек.

Президентіміздің «әлеуметтік жауапкершілікті қалыптастыру тұрақты дамудың базалық негізі болып табылады. Қоғамға әлеуметтік көмек көрсету – ол өз болашағың үшін тікелей инвестиция. Егер сен қазір біреуге көмек қолын созсаң, онда өзіңе өзің, өз болашағың үшін көмектесіп жатырсың» деген сөздерін басшылыққа алып, «Парыз» байқауына қатысқан облыс кәсіпорындары қандай мадақтауға болса да лайықты.

Әсіресе «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша қатысқан 22 үміткердің үшеуі ірі кәсіпкерлік субьектілерін – «Казфосфат» ЖШС-і (Тараз қаласы), «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-і (Мойынқұм ауданы) және «Talas Investment Company» ЖШС-і (Талас ауданы) ерекше атап өткен жөн. Ал орта және шағын кәсіпкерлік субьектілерінен «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-і (Байзақ ауданы), «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС-і (Жамбыл ауданы), «Asa DAMU» ЖШС-і (Жамбыл ауданы), «Ақтас» ЖШС-і (Қордай ауданы), «Мерке – ет комбинаты» ЖШС-і (Меркі ауданы), «Торговый дом GOOD LOOK» ЖШС-і (Тараз қаласы), «Buildsvyazkom» ЖШС-і (Тараз қаласы), «Алтын қалам и К» ЖШС-і (Меркі ауданы), «Қожахметова» ЖК-і (Тараз қаласы), «Jasautaraz» ЖК-і (Тараз қаласы), «Асимус» ЖК-і (Тараз қаласы), «Бақыбеков Д.Т.» ЖК-і (Жуалы ауданы), «Султанова Г.У.» ЖК-і (Жуалы ауданы), «Злиха» ШҚ-ы (Жуалы ауданы), «Ердос — А» ШҚ-ы (Т.Рысқұлов ауданы), «Дуамбеков Т.» ЖК-і (Талас ауданы), «Атамекен-Мрамор-Коктал» ЖШС-і (Талас ауданы), «Азмина-Мрамор» ЖШС-і (Таласы ауданы) және «Саакян Т.С.» ЖК-і (Шу ауданы) облыс бюджетінің көтерілуіне және өз қарамағындағы қызметкерлер мен жұмысшыларын әлеуметтік қолдаудағы жеңілдіктерімен де ерекше көзге түсті.

Ал «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша 3 үміткер қатысқан болатын. Олардың ішінде халық үміт артатын «Қамқор Локомотив» ЖШС-і (Тараз қаласы), «АК Алтыналмас» АҚ-ы (Мойынқұм ауданы) мен «Асыл Тұз тұзды компаниясы» ЖШС-і (Сарысу ауданы) ірі және орта кәсіпкерлік субьектілерінің болашақта облысымыздың әлеуетін көтеріп, республикалық деңгейде ірі мемлекеттік жобалар қатарына көтерілері сөзсіз.

Екінші «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша 4 үміткер қатысқан болатын. Олардың ішінде «1000 Арал» ЖШС-і (Мойынқұм ауданы) мен «Жансерік» ШҚ-ы (Шу ауданы) және «Жабатаева Л.К.» ЖК-і (Байзақ ауданы). Сондай-ақ, бұл номинацияға облысымыздың мерейін көтеріп, республикада топ жарған «СК Достық и К» ЖШС-і (Қордай ауданы) ұжымы нағыз халық алдындағы парызын өтеген «Парыздың» жеңімпазы атанып, осы «Үздік ұжымдық шарт» номинациясының қола жүлдесін жеңіп алды.

Сонымен қатар, осындай республикалық байқауға қатысқан облысымздың жоғарыда аталған барлық кәсіпорындары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің арнайы дипломдарымен марапатталды.

Өткен жылдармен салыстырғанда, облысымыздан республикалық «Парыз» байқауына үміткерлер мен жеңімпаздар санының артуы облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітовтің облысымызда инвестиция көлемін арттыруға, шалғай аудандарда тұралап қалған кәсіпорындарды жандандыруға және әлеуметтік нысандарды іске қосу арқылы халықты еңбекпен қамту ісіне бар мүмкіншілікті жұмылдыруға бағытталған жемісті еңбегінің нәтижесі деуге негіз бар.

Ең маңыздысы – ел алдындағы парызды өтеу мен мемлекетіміздің болашағын баянды етуге деген ниеттің облыстағы кәсіпорын басшылары тарапынан да қолдау табуында.

Президентіміздің «Парыз» байқауын ұйымдастырудағы басты мақсаты да – халық, ел-жұрт үшін бизнес құрылым басшыларының азаматтық парызын адал атқаруын қамтамасыз ету арқылы еңбек бәсекелестігін туғызу болатын.

Астанада өткен «Алтын сапа» мен «Парыз» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты халық жүрегінде ертеңге деген сенімін нығайтып, отандық кәсіпорын өндірген сапалы да экологиялық таза өнімдерге деген сұранысын арттырғаны сөзсіз.

Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы