Отырған қыз орнын тапса игі…

 

«Қазіргі жастар ауылда тұрудан қашады» деген сөзді үлкендердің аузынан жиі естиміз. Жасыратыны жоқ, замандастарымыздың арасында ауылға баруға бейілсініп тұрғандарды табу қиын. Мұның себебін жастар үлкендерден оңаша болғысы келетінімен, сосын «условияның» жоқтығымен түсіндірді. Әйткенмен бүгінгі кей ауылдың тұрпаты түзеліп, кескіні келісіп келе жатқан жоқ па? Қай әңгімесін болмасын «біздің кезімізде» деп бастайтын бұрынғының адамдары азайғалы қашан. Сонда да «алдыңғы буын» атанып үлгерген ауыл келіндерінен тағдыры туралы сыр суыртпақтап көрсек…

Гүлзада Дүйсенбаева есін білер-білмес шағында әке-шешесі өмірден өтеді. Қатарластарына қарағанда ерте есейген бойжеткен ақылға салып, 19 жасында қаймағы бұзылмаған қараша ауылдың ақ келіні атанады. Ауылдың ау-жайынан хабардар ол отын бұтап, пеш жағып, су тасып, қарабайыр тіршілікке біте қайнасып кетеді. Ата-ененің де қас-қабағын бағып, Алланың берген бес баласын өмірге әкеледі. Қазір ешкімнен кенде емесін айтқан ол, бүгінгі ауыл тұрмысы баяғыдан әлдеқайда өзгерген дейді. Сондықтан ауыл ма, қала ма, әйтеуір, қыздарын көңілін құлазытып, жанын ауыртып алмайтын отбасыға табыстағысы келеді. Өйткені оның қыз баласының бір адамға жар атанудан бұрын бір әулетке келін болатынына, айналасындағы жастардың түтінінің түзу түтеуіне әсер ететініне әбден көзі жеткен. Сондықтан дәулеті өзі қатарлы адамға тұрмысқа шығу керектігін қызының есіне ұдайы салып отырады.

Ал өзін Гүлнұр деп таныстырған қырықтардағы әйел бұрын сезімнің сергелдеңінен шыға алмай, қаладағы дайын жұмысын тастап, ауылға аттанғандардың бірі. Ол алда өзін өмірден түңілдіретін сәттер күтіп тұрғанын, тиын санап қалатынын әсте білмеген. Жастықтың жалыны мен махаббаттың мастығынан осындай қадамға барған ол, онысына талай бармағын тістегенін де жасырмады. Бірақ уақыт деген кім-кімге де емші. Қаншама қиындықты артқа тастап, бүгінде ауыл мен әулетінің сыйлы келіні атанып отыр. Дегенмен осы күнге қалай жеткенін ұмытқан емес, оның үстіне әлі де болса ауылда оқыған-тоқыған адамға жоғарылауға мүмкіндік аз. Мектеп пен ауруханада отырғандардың жылы орнын босатуы да қиын дейді. Ертелі-кеш үйде отырып, балаларының үлгерімін жіті қадағалап, алдын жоғарғы оқу орнына түсіріп үлгерген ол қыздарының ауылда тұратын адамға жоламағанын қалайды. Сөзінен байқағанымыз, қыз балаға ана болу әйел болудан да ауыр, материалдық жағдай да шаңырақтың шайқалуының басты себебі екен. «Ал дүниесі маңызды емес дейтіндер ақшадан қатты таршылық көрмегендер шығар»,- деп түйіндеді сөзін ол.

Жуырда ауылға жол түсіп, бір жиында бір-бір үйдің отын маздатып отырған апа-жеңгелеріміздің ортасында осы туралы әңгіме болды. Бір әулеттің үлкенді-кішісі жиылған ортада ауылдың келіндері атанып жүрген кезіндегі қалалық бойжеткендер көп екен. Кейбірі уағында ауыл десе ат-тонын ала қашқандар. Шыны керек, олардың арасынан ауылға келін болуды армандаған ешкімді таппадық. Бірақ, бүгінде қалаға барғысы келмейтіндердің қатары көбейген. Олардың сондағы айтатыны ауылда ағайын-туыстың арасында аш қалмайтыны, ауызбіршілік пен сілтідей тұнған тыныштықтың бары, жер мен үйдің арзандығы. Келін атанып, өмірдің ащы-тұщысын қатар татып келе жатқан олардың біразын мына аядай ауылға тағдырлары айдап әкелген. Бірақ ауылға тұрмысқа шыққысы келмейтінін айтып таусылатын жастардың пешенесіне де шалғайдың ауасын жұту жазылмағанына кім кепіл?

Қыздарымыз неге басқа ұлттың азаматына арқа сүйеуге құмар?

Қазақ жігіттеріне қарағанда, шетелдік азаматтар отбасы болмас бұрын жағдайын жасап алуды жөн көреді. Сондықтан «болдым-толдым» деген шағында айналасына қараса, көздеріне біздің елдің керімдері түсе кетеді. Осылайша қарабайыр тіршіліктен ығыр болып, ақ боз атты ханзадасын күтіп жүрген кей бойжеткендеріміз шетел азаматының аяулы жары атанып шыға келеді. Мұнысын олардың көбі «махаббат» деген бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіреді.

«Қазақтың қара баласы құрып қалғандай, қырғыздың етегіне жармасқанын айтам-ау» деп кәрі әжем кейіп сөйлей бастады. Манадан бері күйініп отырғаны, алыстау ағайынының қызының Қырғызстанға қашып кеткені екен. Әкесін обалсына сөйлеген ересектердің әңгімесі елең еткізбей қоймады. Айтуларынша, екі-үш күн бұрын әкесі сыр суыртпақтап көрмек болғанында бойжете бастаған ару жақ ашпапты. Енді төбесінен жай түскендей болған жанұяның астаң-кестеңі шығып жатқан көрінеді. Екеуара шәй сораптап отырған кәрі кемпірлер өрімдей қыздың ақымақтығын айтып, бірі жазғырып, бірі білместікке балап жатты…

Әлеуметтік желілердің бірінде түркиялық азаматқа тұрмысқа шыққан бойжеткенді әңгімеге тарттым (аты-жөнін көрсетпеуді өтінді. авт). Осыған дейін өзіне талай қазақ азаматы жолыққан ол иманы мен адамгершілігі қазіргі жарына тең келер жігітті қазақтан таппапты. Бастапқыда қалыңдық пен күйеу баласын екі жақ та қабылдай қоймаған. Уақыт өте келе екі отбасы да түсіністік танытып, тойларын жасайды. Қазақ қызының жат елдің шаңырағын шайқалтпауға шешім қабылдап, шалыс басқанына алаңдайтынымызды айтқанымызда ол: «Ал менің қазақ жігіттеріне тұрмысқа шыққан кейбір әпкелеріме жаным ашиды. Азаннан қара кешке дейін тірлікке жегіліп, таяқ жеп, одан қала берді ерінің боғауыз сөзін естиді. Сыйлаудың орынына араққа сылқия тойып алып берекесін қашырады»,-деді. Қазір Алматыда тұрып жатқан ол өзіне қайда тұрса да бәрібір екенін, шетелдікке тұрмысқа шығып, сонда өмір сүріп жатқан құрбыларының бәрі бақытты екенін айтты. Бәлкім, тағдыр шығар… Бірақ осы бір қыздың бақыты (өзінің айтуынша) шетелдіктердің балағынан ұстағандардың бәріне бұйырып жатпағаны белгілі. Сөз арасында, өміріне қызығушылық танытқанымды қалай түсінгенін қайдам, «басқа ұлттың адамы кезігіп жатса тұрмысқа шығып кет» деп кеңес берді.

«Отырған қыз орын табады» немесе «тесік моншақ жерде қалмас!»

Қазақстанда 18 бен 35 аралығында отау көтермеген 700 мың қыз бар екен. Олардың 120 мыңнан астамы 25 пен 55 жас арасындағы ақ босаға аттамаған арулар. Мамандардың айтуынша, 40-44 жастағы 1000 қыздың 150-і ғана ана болу бақытына ие болуы мүмкін. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, қазір некеге тұратын қыздардың орта жасы – 23 болса, жігіттердікі – 26 жас.

Осы ресми мәліметттерге қарап-ақ елімізде жар атануға жасы жетсе де, өзі асықпайтындардың аз емесін аңғаруға болады. Ең қызығы, олардың дені карьера, яғни мансап пен дәулетін түгендеп жүріп, уақыттың қалай зымырап өткенін аңғармағандар. Енді біреу-міреудің балағына жармасайын десе, ендігі өзі қатарлылардың дені отбасылы. Осыдан бірер жыл бұрын Астанаға жолым түсіп, Батыстың бойжеткенімен таныстым. Алып қаланың заңдылығы ма, мен түскен үйдің әр бөлмесінде бір-бір отбасы тұрады екен. Үш бөлмелі пәтердің асханасы ортақ болғасын, бірге шәй ішкелі бас сұққан көрші бөлмедегі сұңғақ бойлы, сұлу қызбен әңгімем жарасып кетті. Оның бір-екі рет кіріп-шыққанда жарымен тұратынын байқағаным бар-тын. Ашық мінезді екен. !Әңгімені әріден әкеліп, біраз күліп те, күрсініп те алдық. Бейтаныс адамға мұң шаққанды жөн көрді ме, бір ауық тұнжырап отырып: «Ол менің күйеуім емес. Аяғымнан тұрып, отбасыма аз-маз қол ұшын созайын деп жүргенімде жасым отызға келіпті. Жігітіммен бір тойда таныстық. Бастапқыда бірге тұрайық дегенінде қарсы болғанмын, бірақ уақыт өте келе келістім. Арамыз жақсы болып кетер деп ойладым. Бірақ ол таңертең Мәскеуге оқуға кетеді. Сонымен бәрі бітеді ғой»,-деп қабағын шыта сөйледі. Пәтер жөнінде сұрағанымда, «бұл үй өзінікі болғанда ол менен кетпес пе еді, ата-анасы өздері сияқты дәулетті отбасының қызын әпермек көрінеді» деді. Содан бері онымен бірнеше рет әлеуметтік желілерде хат алысып тұрдық. Ал, ең өкініштісі, ол әлі де жалғыз… Сөздерінде көбіне мансап пен ақша табуды ғана ойлап, жастығын қыдыруға арнаған өзін жиі жазғырады.

Ал бүгінде қалалардың бірінде дәрігер болып жұмыс жасайтын келесі кейіпкеріміздің тағдыры да осыған ұқсас екен. Өзін Оразай деп таныстырған ол, биыл отыз беске аяқ басады. Ешкімге тұрмысқа шықпаған. Жолыққанның бәрі ажырасқан болып шығыпты. Оның үстіне қазір жұмысы мен баспанасы болған соң, басқа біреудің үйіне барып, отымен кіріп, күлімен шығу қолынан келеріне күмәнмен қарайды. Өз билігі өзінде болған оның қазіргі жалғыз қорқынышы – жалғыздығы. Сондықтан тұрмысқа шығудан гөрі бала асырап алуды көбірек ойлап жүр.

«Қазіргінің жеңгелері қайынсіңілінен құтылуға асығады…»

Қазақта: «Қызы бар үйдің жеңгесі сүйкімді келеді» деген сөз бар. Көркем әдебиеттегі Тоғжанның Қарашаштай, Ботагөздің Айбаладай жеңгесімен тең құрбыдай етене жақындығы, Жамбылдың сұлу Бұрымының жеңгесіне сырын жасқанбай жайып салуы көпшілікті сүйсінтпей қоймайды. Бірақ бұрын ұнатысқан қос жүректі табыстыруға құмар жеңгетайлардың өзі тұрмақ, бүгінде сөзінің құты қашып тұр. Көз көріп, құлақ естіп жүргендей, күн өткен сайын жеңгелердің қадірі кеміп, жеңге мен қайынсіңлі арасындағы сыйластық сұйылып барады.

«Өзімнің бір емес, бірнеше жеңгем болды»,-деп бастады Айжан әңгімесін. Бүгінде алты баланың анасы атанып отырған оның бір емес, бірнеше қайынсіңлісі бар екен. «Қазіргінің жеңгелері қайынсіңілісінен құтылуға асығады» деген ол, өзіне де кезінде жеңгелері тұрмысқа ерте шығуға кеңес беріпті. Тым ерте тұрмысқа шығудың тауқыметін аз тартпағандықтан қазір ол қайынсіңілілеріне асықпаңдар деп жүр. Оның ойынша, оқуын бітіріп, жұмысқа кіріп алса, отбасы болған екі адамға да ауыртпалық азаяды.

Бұл сөзді келесі атын атамауызды өтінген кейіпкеріміз теріске шығарды. Өзі келін болып ақ босаға аттағалы бері енеден емес, қайынсіңілілерінің тәлпіштігінен теперіш көріп келген келін, қыз баласының жиырмаға жеткен соң жар атанғанын құптайды. Өзі де жиырмасында тұрмыс құрған. «Тезірек кетуін тілемей қайтесің, өз үйіңді тастап бөтен үйге келудің өзі оңай емес» деген ол, өзінен аз-маз кішілігі бар барған жеріндегі қыздардың кесірінен жиі сөз еститініне қапалы.

Қайынсіңілісін өз бауырынан кем көрмейтін келіндер жоқ дегенге біз де сенбейміз. Бір үйдің жалғыз қызы болып бойжеткен Ләззат Айтжанова ағасы үйленбей тұрып тұрмысқа шыққан. Сондықтан ол жеңге болудың қыр-сырын отау көтермей тұрып жете түсінбегендердің бірі. Жеңге көрген қыздың отбасы болудан молырақ тәжірибесі болады деп есептейді. Өзі көз алдында отбасы болған аға-жеңгесін көрген қыз бала отбасын сақтап қалуға келгенде де өзінің басына түскен қиындықтың өзінің үйінде де болғанын есіне алады деп ойлайды. Бүгінде бірнеше қайынәпкесі мен қайынсіңілісі бар жас келін үй тұрмысында олардың көп пайдасы тимесе, зияны жоғын айтады. Сонымен қатар, біз жеңгелі бірнеше бойжеткенмен тілдесе келе, олардың арадағы сыйластығы түзу болғанымен, сырын ақтаруға аздап тартыншақтайтынын түсіндік.

Тілдескен қыз-келіншектердің көбісі атын атап, түсін түстемейтінімізді білген соң дені ағынан жарылып жатты. Сөйлесе келе қанша адам болса, сонша пікір болатынына тағы бір көз жеткіздік. Ал біз бүгінгі уыздай уылжып тұрған арулардың ертеңгі сүйікті жар, аяулы ана атанар жолда шалыс баспауына тырнақтай түзу ой қоса алсақ болғаны…

Мақпал ТӨРЕБЕК