Осы тәжірибеден кейін білім саласы өзгеретіні айдан анық — министр қашықтан оқу жайлы

Бүгін елімізде 2,4 миллион оқушы қашықтан интернет арқылы оқыды. ОКҚ онлайн-брифингінде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқытудың бірінші күні қалай өткенін айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, қашықтан білім беру форматы еліміздің білім саласына өзгеріс әкеледі.

«Бұл тоқсан — біз үшін ерекше. Өйткені қашықтан оқу форматы бойынша алғаш рет оқуды бастадық. Қысқа мерзім ішінде дайындық жұмыстарын жүргіздік. Білім саласы үшін бұл — үлкен емтихан және тек емтихан емес, сонымен қатар, зор мүмкіндік. Осы тәжірибеден кейін білім саласы өзгеретіні айдан анық. Қысқа мерзім ішінде ұстаздарымыз қашықтан өту форматына жылдам бейімделді «, — деді министр.

Аймағамбетовтің айтуынша, бүгін елімізде 3,2 миллион оқушы қашықтан білім алуды бастаған.

«Бірінші күннің негізгі қорытындыларына тоқталғым келеді. Оңай болмаса да, қашықтан оқу форматына көштік деп толығымен айта аламыз. 3,2 миллион оқушы түрлі бағыт бойынша оқуын бастады. Кейбірі интернет желісі бойынша, біз арнайы дайындаған интернет бағдарламасының негізінде оқыса, басқа оқушылар теледидар арқылы оқыды», — деді ол.

Сонымен қатар, қашықтан білім берудің интернет бағыты арқылы 2,4 миллион бала интернет арқылы сабақ оқыған.

«Интернет жүйесіне қатысты айтатын болсақ… Интернет арқылы қашықтан 2,4 миллион бала оқыды. Тек kundelik.kz алатын болсақ, бір күннің ішінде 2,2 миллион оқушы кіріп, өз жұмысын таңғы 7-ден қазіргі уақытқа дейін жұмысын жүргізді. Ешқашан болмаған жағдай — бүгін осы kundelik.kz арқылы 32 миллион сессия өтті. Оқушылар бір рет емес, бірнеше рет кіреді-шығады, ақпарат алады дегендей «, — деді министр.

Айта кетейік, елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін мектеп оқушылары 16 наурыздан 5 сәуірге дейін каникулда болды. Бүгіннен бастап 4 бағыт бойынша қашықтан оқу форматында білім ала бастады. Мұндай формат Қазақстан тарихында алғаш рет болып отыр.

Ал мұның алдында білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова теледидарда сабақтың неліктен 10 минут өтетінін түсіндірген еді.

 

Tengrinews.kz