Ораза айы кіруі мен аяқталуы (6 сұрақ)

Ассаламу алейкум! Рамазан оразасын бір ел екінші бір елден бір күн ерте немесе бір күн кеш бастауының сыры неде?

Уа алейкум ассалам!

Үмму Фадл Харисқызы Курайбты (р.а) Шам еліне Мұғауияға аттандырады. Курайб (р.а.) былай дейді: «Шам еліне келіп Үмму Фадлдың тапсырмасын орындадым. Шам елінде жүргенімде рамазан айы туды. Айды жұманың кешінде көрдік. Шамнан елге айдың соңында оралдым. Сонда Ибн Аббас (р.а.) менен: «Рамазан айын қашан көрдіңдер?» – деп сұрады. Мен: «Жұманың кешінде», – дедім. Ибн Аббас (р.а.): «Сен өзің көрдің бе?» – деді. Мен: «Иә, айды көпшілік адам көрді. Адамдар да, Мұғауия да ораза тұтты»,–дедім. Абдулла бин Аббас (р.а.): «Алайда біз айды сенбінің кешінде көрдік. Біз айды отыз күнге толтырмайынша немесе айт күні айы туғанын көрмейінше ораза тұтамыз», – деді. Мен: «Мұғауияның айды көріп ораза бастағаны бізге жектілікті емес пе?» – дедім. Ибн Аббас (р.а.): «Жоқ, Алла елшісі (с.ғ.с.) осылай етуімізді әмір еткен[1]», – деді.

Қорыта айтқанда, Рамазан айының тууы намаз уақыты сияқты әр елде әртүрлі болуы заңды. Өйткені, күннің шығуы және айдың тууы бір елде екінші елден кейін болатыны мәлім. Әсіресе, жер шарының екінші жартысындағы елдермен салыстыруға келмейді.

С: Рамазан айы кіргені қалай анықталады?

Ж: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Айдың туғанын көріп ораза тұтуды бастаңдар және (шәууалдың) ай тууын көріп оразадан шығыңдар. Егер аспан бұлтты болса, шағбан айын отыз күнге толтырыңдар[2]», – деген.

Сондықтан адамдар шағбан айының 29-күні кешке айдың туған-тумағанын көру қажет. Ай туған болса, ораза басталады. Ал, аспан бұлтты болса, шағбан айын 30 күнге толтырып барып оразаға кіреді.

С: Егер аспанда бұлт сияқты бір кедергі болса, бір кісі шағбанның 29-күні кешке туған айды көрдім десе, оның куәлігі қабыл етіледі ме?

Ж: Мұндай жағдайда рамазан айының туғаны жөнінде әділ сөйлейтін мұсылманның куәлігі қабыл етіледі. Ол мұсылман ер немесе әйел, басы азат немесе құл екендігінде ешбір айырмашылық жоқ.

С: Аспан бұлтсыз болса, шағбанның 29 күні туған ай көрдік деген бір немесе екі кісінің куәлігі жүреді ме?

Ж: Аспан ашық болса, тек көпшілік жұрттың сөзі куәлікке алынады.

С: Жоғарыда айтылған сөздер тек рамазан айының тууына байланысты. Ал, айт күнінің айы туғанына байланысты не айтылан?

Ж: Егер аспан бұлтты болса имам және қази фитр[3] айының туғаны жайлы екі ер кісінің немесе бір ер және екі әйел кісінің куәлік сөзін ғана қабылдайды. Ал, аспан ашық болса, дүйім жұрттың ғана сөзі куәлікке алынады.

С: Бір кісі рамазан айының немесе айт күні айының туғанын көрсе, бірақ имам оның куәлігін қабыл етпесе не істеуі керек?

Ж: Рамазан айына қатысты ол жеке өзі ораза тұтуды бастайды. Ал, айттың айы туғанына байланысты адамдармен бірге ораза тұтуын жалғастыра береді.

Руслан Қамбаров