Облыс әкімі ветеринария саласындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте ветеринария саласында атқарылып жатқан шаралар сараланды.

Аймақ басшысы саланың маңыздылғына, облысымызда жануарлар дүниесі мен төрт түлік малды түрлі аурулардан сақтап, алдын алу шаралары мақсатты және жоспарлы жүргізілуі тиіс екендігін атап өтті.

Ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев баяндама жасап, бекітілген жоспар мен бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу көрсеткішіне тоқталды.

— Жыл басынан бруцеллезге тексеру үшін қан сынамасын алу бойынша 2 миллион 525 мың манипуляция орындалып, диагностикалық тексерулер нәтижесімен бруцеллез ауруы анықталған 323 бас ауыл шаруашылығы жануарлары қолданыстағы Заң аясында санитариялық талаптармен сойылып, қайта өңдеуге жіберілді. Ауруға шалдығу былтырғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға төмендеген.

Сондай-ақ, атқарылған кешенді ветеринариялық іс-шаралар нәтижесінде облыс аумағында 5 ауру түрінен 9 ошақ анықталып, оларда ветеринариялық талаптарға сай карантин және шектеу шаралары қабылданып, бүгінгі күнге сауықтыру жұмыстары аяқталды.

Облыс аумағында сібір жарасы ошақтарының кадастрі бойынша тіркелген 189 сібір жарасы ошақтарының көмінділерінің барлығы талаптарға сай бетондалып қоршалды. «Қауіпті аймақ» тақтасы ілініп, топографиялық картаға және «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне» енгізілген.

Ошақтар аумағынан бекітілген жоспарға сәйкес жылына бір рет топырақ сынамалары алынып, ветеринариялық зертханада тексеріледі. Бүгінгі таңға зерттеу қорытындыларының нәтижелері теріс,-деді Н. Құрмантаев.

Облыс әкімі қаңғыбас иттерді аулау және олардың көбейіп кетпеуін алдын алу мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұрап, бұл мәселе әлеуметтік желіде жиі көтерілетініне назар аудартты. Сонымен қатар, оларды аулау алдында қандай да бір хабарландыру немесе ескертулер жүргізілуі керектігін ескертті. Бұдан бөлек, ветеринариялық нысанмен қамтылу көрсеткішін сұрады.

— Ағымдағы жылға ғимаратпен қамтылуы қажет 32 ветпункттің ішінен Байзақта 1, Таласта 3 ветпункт ғимаратын теңгерімге алу жүргізілу үстінде. Қалған 28 ветпункт бойынша түрлі себептермен аталған меже орындалмай отыр.

Сондай-ақ, аудандар қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстау орнының (питомник) жерін анықтап, ЖСҚ әзірлеу, құрылысын жүргізуге де айрықша назар аудару тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарында орындалып, нысандарды теңгеруге алу шаралары аяқталуда. Қалалық ветстанция тарапынан уақытша «питомник» жалға алынып, жұмыс істеуде. Қалған аудандар аталған жұмысты орындамаған,-деді басқарма басшысы.

Нұржан Нұржігітов көрсеткіші төмен және тапсырманы орындамаған аудандар бойынша шара қолдану керектігін баса айтты. Айыппұл салу ісін де күшейтуді тапсырды.

— Жылдың қорытындысымен бұл мәселені тағы жан-жақты қараймыз. Ол кезде жұмысқа немқұрайлы қараған тұлғалар үшін қабылданатын шара тіпті қатал болады. Саланың маңыздылығы мен тапсырмаларды орындауға бей-жай қарауға болмайды. Себебі оның тек малдың ғана емес, адам өмірі мен денсаулығына да әсері бар.

Дегенмен, тұрғындар тарапынан жауапкершілік керек. Тек ортақ түсінік, екі жақты жауапкершілік болғанда ғана бұл бағытта белігілі бір жетістікке жетуге болады. Ол үшін халық арасында түсіндіру, хабарландыру шараларын барынша жүргізу керек,-деп түйіндеді облыс әкімі.

Жиын қорытындысымен жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Жамбыл облысы әкімдігі