ОҚО-да ауыл шаруашылығы бағытында 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

ОҚО-да ауыл шаруашылығы бағытында 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Оңтүстік Қазақстан облысында шикізат секторынан дайын өнім секторына өту бағытында 8 ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Серік Тұрбеков мәлім етті.

Оның айтуынша, облыста инвестиция соммасы 18,5 млрд. теңгені құрайтын, қуаттылығы жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін «АK Kazyna» ЖШС-нің жобасын іске асыру жұмыстары басталған. Ал, «Ордабасы-Құс» ЖШС-гі күрке тауық етін өндіру өңдеу өндірістік қуаттылығын жылына 25 мың тоннаға жеткізу бойынша келісімге қол қойған. Мұнан бөлек, Шардара ауданында балық өнімдерін қайта өңдейтін екі зауытты іске асыру жұмыстары жүргізілсе, инвестиция соммасы 7,8 млрд. тг. құрайтын түйе сүтін қайта өңдейтін зауыт салу жұмыстары басталған.

Сондай-ақ, Қытай инвесторларымен инвестиция соммасы 21,6 млрд. тг. құрайтын томат зауытын салу жобасы келісілсе, 1 мың га аумаққа қарқынды жаңғақ бауын отырғызу жобасын жүзеге асыру инвесторлар тарапынан келісімін тапты. Аталған жоба бойынша жерді таңдап, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, бірнеше инвесторлардың қатысуымен инвестиция соммасы 51,2 млрд. тг. құрайтын 136 га аумақта Шымкент қ. өндірістік жылыжайлар салу жобасын («Тепличный рай») жүзеге асыру жоспарлануда. Ал, Қазығұрт ауданында «Асыл бастау» ЖШС инвестиция соммасы 603 млн. тг. құрайтын құрғақ сүт және сары май шығару зауыты салынуда.

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында елдің аграрлық саласына аса басымдылық беріп, жылдан-жылға сала қарқынды даму үстінде. Оған дәлел, өткен жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 480,4 млрд.тг, нақты көлем индексі 105 % құрады. Соңғы бес жылда шамамен 2 есеге ұлғайды. Жалпы өнімнің Республикадағы шаққандағы үлесі 13 % құрады. Бұл облыстың аграрлық саласының экспорттық және алдағы уақытта Республика халқын негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін Орталыққа айналдыру әлеуетінің жоғарғы екендігін көрсетеді», — деді басқарма басшысы.

Елбасы Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналу  керек» деп, ауыл шаруашылығы саласына үлкен міндеттер жүктеді.

Осы Жолдауда белгіленген міндеттер бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға  жеке-жеке тоқталған Серік Тұрбеков  2021 жылға дейін агроөнеркәсіп кешені экспортының  көлемі 35 %-ға, 90 мыңнан астам жеке фермерлік шаруашылықтарды біріктіретін 600-ден астам кооперативтер құру және 118,8 мың суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі