НАҒЫЗ ӘЙЕЛГЕ ТӘН ДАНАЛЫҚ ДЕГЕН ОСЫ ЕКЕН ҒОЙ..!

Демалыс сайын жазда ауылдағы туыстарыма баратын әдетім бар. Бүгінде ол ауылда әкемнің бір ағасы мен інісі ғана тұрады. Бірақ неге екенін қайдам, екі үй бір шатырдың астында тұрған соң ба, әлде кең, таза пейілдеріне орай ма, әйтеуір солар көп сияқты көрінеді де тұрады маған. Барған сайын екі үйге кезек-кезек қонып, тауға шығып, бүлдірген теріп, таза ауа жұтып дегендей мәре-сәре боламыз да қаламыз. Жасыратыны жоқ, әкемнің ағасы «ішеді». Туыстарымыздың ішінде зәрлі суды тастай алмай жүрген жалғыз адам болса, ол сол кісі шығар…
Бірақ, білесіз бе, сол ағамды мен де, менің әкем де, балалары да, бүкіл ағайын-жекжат, ауыл адамдары құрмет тұтып, қатты сыйлаймыз. Бірінші сол үйге кіріп амандасамыз. Жүгімізді сол үйге қалдырып, алдымен сол үйден тамақ ішеміз. Бұрын жасы үлкен болған соң солай болуы керек шығар деп ойлайтынмын. Бірақ олай емес екен.
Мәселе жаста, үлкендікте емес, мәселе жеңгеміздің ағамызды қатты құрметтеп, біздің көзімізше оның абыройын асқақтатып отыратынында екен ғой…
Жақында ауылға барып осы нәрсеге көзім жетті.
***
Ағамыздың үйіндегі кіші қызы қаладағы оқудан жазғы демалысқа келіп жатқан кезі еді. Бізді де сылтауратып, әрі өзі де еркелегісі келіп, анасына:
– Мама, күнде қойдың етінен тамақ істеп жатырмыз ғой, бүгін әлгі сіздің сүрлеп қойған әдемі етіңізді бір асып жейікші, – деді қиылып. Жеңгем бірден:
– Жоқ, бүгін әкең үйде жоқ. Үйге келген күні, ештеңе ішпей сау болған күні жейміз, – деді. Ерке қыз бұртиды да қалды:
– Ішіп кетсе де сол папамды жақтап отырады екенсіз! Ол бізді ойлап жүр дейсіз бе?
Жеңгемнің сол кездегі түрін көрсеңіз ғой. Көзқарасымен-ақ біраз нәрсені түсіндіріп жібергендей болды. Қызына қарап:
– Әкең туралы енді мұндай сөз естімейтін болайын! – деді. Оның не айтпақ болғаны даусының зілінен-ақ сезіліп тұрған еді.
Ақыры жеңгемнің айтқаны болды. Әлгі сүрленген ет асылмай, келесі күні үйдің отағасымен бірге желінді. Ағамыз білекті сыбанып жіберіп, ет турап, алдымен өзі алды. Кейін тауықтың балапандарындай томпайып отырған балалар да тамаққа қол соза бастады. Жас болған соң қателік жасап қойғанын түсінген әлгі ерке қыз «Әке, сізге орамал берейін бе? Әке, сізге қасық жетті ме?» деп жүгіріп жүр…
Еее, өзің патшайым болғың келсе, еріңді патша секілді күт деген осы екен ғой. Әрине, жеңгеміз ағамызға ренжімейді емес, ренжиді ғой. Бірақ оны олар өзара шешеді. Біздің, балаларының көзіне көрсетпейді. Мұндай әйелді еркек те бағалап, қадіріне жетіп тұрмай ма?
Нағыз әйелге тән даналық, парасат деген осы екен ғой!