Н. Назарбаев: Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлері – біздің мемлекеттің мектептері

Бұл туралы Түркияға сапары кезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  екіжақты келіссөз нәтижесі бойынша баспасөз конференциясында түрік журналистерінің сұрақтарына жауап беру барысында мәлімдеді.

Сондай-ақ, Қазақстандағы түрік лицейлерінің жұмысын Қазақстан мен Түркия білім беру министрліктерінің мамандарынан құрылған бірлескен жұмыс тобы тексеретіні айтылды. 

«Қазақстанда жұмыс істеп тұрған мектептер – біздің мемлекеттің мектептері. Бұл мектептерде төрт тілде оқытылады. Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінде. Мектептерде жұмыс істейтін оқытушылардың 90 пайызы Қазақстан азаматтары және тек 8-9 пайыз оқытушылар Түркиядан балаларын оқыту үшін келеді», — деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы мектептерді жергілікті атқарушы органдар қаржыландыратынын атап өтті.

 «Түркияға қарсы жұмыс істейтін күштерді біз еш уақытта қолдамаймыз. Бұл біздің мүддемізге жатпайды. Сондықтан біз бүгін елдеріміздің білім беру министрліктері жұмыс тобын құрып, әр мектепті тексереді деп уағдаластық», — деді Н: Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлкет басшысы бұл лицейлер тексерілгенін және олардан заңсыз ештеңе таппағанын атап өтті.

«Біз жүргізген тексеріске сәйкес олар ешбір қазақстандық заңдарды бұзған жоқ. Оқыту бағдарламасы ҚР білім министрлігінің оқу бағдарламасы негізінде жасалады», — деп хабарлады Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы егер бұл мектептерде Түркияға қарсы бағыттағы адамдар болса, онда Қазақстан мұны еш уақытта қолдамайтынын, тиісті шара қолданатынын және Түркияның барлық өтініштерін орындайтынын қосты.

«Барлық осы мектептерде ата-аналар өз балаларын  оқытқаны үшін ақы төлейді. Білім беру сапасы өте жоғары. Білім алатын 9 мың баланың бірнеше мыңы әлемдік олимпиада, байқаулардың жеңімпаздары, олардың барлықтары университеттерге түседі», — деді Н. Назарбаев.

Қазақстан Президенті Қазақстанда түрік лицейлерін құру марқұм  Тургут Озал кезінде басталғанын еске алды.

«Біз бұл мектептерді егер жастарымыз біздің тілдерді білсе, бір-біріне жақын болады деген ниетте құрдық», — деп сөзін түйіндеді Н. Назарбаев.

Дереккөз: ҚазАқпарат