Министр: әр мектеп қай ресурс ыңғайлы, сонымен оқыта берсін

Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов онлайн мен қашықтан оқытудың екеуі екі бөлек нәрсе екенін айтты. 

 “Қазір біз осы екі жүйені шатастырып жүрміз. Екеуі екі бөлек. Дегенмен, қашықтан оқытудың мүмкіндігі көп. Онда түрлі платформа арқылы білім алуға болады Қашықтан арқылы оқыту – телеарна, радио, пошта, интернет арқылы оқыту деген сөз. Яғни, бізге онлайн сабақтан гөрі қашықтан оқыту тиімді. Бүгінде әлемнің 167 мемлекеті осы жүйеге көшіп, 1 млрд бала оқиды” деді министр.

Сондай-ақ, ол арнайы платформалардың жетілдіріліп жатқанын жеткізді.  “Қазіргі күнге бұлар дайын болды. “Күнделікке” 930 мың бала кіріп, тиісті онлайн сабағын алды. Онда оқу бағдарламасына сәйкес, бейне сабақ бар. Мұнда кері байланыс жасауға болады. Ал Дарын-онлайнға 300 мың бала тіркелді. Білім-Land жүйесіне де өзгерту жұмыстары жүргізіліп, 390 мың бала тіркелді. Мұнда 40 мыңнан астам бейне сабақ бар. Оған да тіркелу тегін. Мұнымен қоса 3360 бейне сабақтың бәрін Білім-Land ресурсынан таба аласыздар” деді министр.

“Әр мектеп қандай ресурс ыңғайлы соны таңдауға болады. Осы жүйемен оқу керек деген қатып қалған талап жоқ” деді министр.

Nege.kz